ҰҚК экстремистік және террорлық сипаттағы қылмыстарға жауапкершілікті қатайтуды ұсынды

10 маусымда өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында жұмыс тобы құрылады және «Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң  жобасы әзірленді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҰҚК төрағасы Владимир Жұмақанов мәлімдеді. 

«Біріншіден, бас бостандығынан айыру және шектеу мерзімдерінің төменгі және жоғарғы шектерін арттыру арқылы экстремистік және террорлық сипаттағы қылмыстарға жауапкершілік қатаңдатылып жатыр. Экстремизм мен терроризм үшін міндетті жаза шарасы ретінде мүлікті тәркілеу туралы норма енгізілуде», - деді ҰҚК төрағасы Владимир Жұмақанов. 

Сонымен қатар террористік тұрғыдан әлсіз нысандарды қорғау туралы заң жетілдіріледі. Атап айтқанда, ҰҚК басшысы түсіндіргендей, күзет ұйымдары өздері күзететін нысандарды терроризмнен қорғауды қамтамасыз етуге жауапты субъектілер қатарына жатқызылады.

«Бұл саладағы заңды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуды қоса алғанда, қару айналымын бақылауды күшейту жоспарланған», - деді В.Жұмақанов.

Сонымен қатар ішкі істер органдарының бөлімшелеріне аумағында қару-жарақтар, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттар бар нысандарды ерекше тәртіппен тексеру өкілеттілігін беру ұсынылды. Осындай нысандарды күзететін ұйымдарға ерекше талаптар қойылады.

ҰҚК төрағасының мәліметінше, заң жобасы 6 кодекс пен 18 заңға түзетулер енгізуді қарастырады.

Сөз соңында В.Жұмақанов жұмыс тобымен теракті қаупі төнген жағдайда азаматтардың әрекет ету тәртібі туралы ақпаратты қамтитын жаппай смс-хабарлама жіберуді ұйымдастыру туралы мәселелер пысықталғанын жеткізді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу