Көктемгі дала жұмыстарын жаппай жүргізуге техника 100% дайын болады — ҚР АШМ  

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Агроөнеркәсіптік кешенде қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар шара қабылдап жатыр.

Егіс науқанын уақытылы және сапалы жүргізу үшін Министрлікте көктемгі дала жұмыстарының барлық туындаған проблемалық мәселелерін жедел шешуге күш салатын Жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Министрлік өңірлермен бірлесіп ауыл шаруашылығы техникасының, тұқым мен тыңайтқыштардың дайындығын қайта тексеруге кірісті.

Мәселен, қазіргі таңда техника дайындығы 95 пайызды құраса, көктемгі дала жұмыстары жаппай жүргізіле бастаған уақытқа 100 пайызды құрамақ.

Министрдің айтуынша, өңірлерге арзандатылған дизель отыны жөнелтіле бастады, жалпы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық бағадан 12-15%-ға төмен бағамен 400 мың тонна бөлінді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға көп. 2,3 млн тонна тұқым немесе жоспардың 100 пайызы дайындалды.

Қазіргі уақытта импорттық тұқым материалын жеткізу мәселесі пысықталуда. Бұлар – Ресейден келетін 19,5 мың тонна жүгері, бидай, арпа және қара бидай тұқымы және Еуропадан жеткізілетін 80 тонна жүгері мен қант қызылшасының тұқымы.

«Минералды тыңайтқыштардың қолжетімділігіне келер болсақ, жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. Үкімет қолдауының арқасында диқандардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында отандық минералды тыңайтқыштарды өндірушілермен уағдаластыққа қол жеткізілді. Аммиак селитрасының бағасы 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендеді», — деді Е. Қарашөкеев.

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Кең дала» бағдарламасы арқылы 70 млрд теңге көлемінде, Азық-түлік келісімшарт корпорациясының форвардтық сатып алу бағдарламасы арқылы 80 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген кредитпен қамтамасыз етілген. Бұл ретте, биыл форвардтық сатып алу көлемі 2 есеге артты.

17 наурыздағы жағдай бойынша «Кең дала» бағдарламасы бойынша 94,8 млрд теңге сомасына өтінімдер келіп түсіп, оның 46,6 млрд теңгесі қаржыландырылды. Осылайша, бұл мақсаттарға бөлінген кредиттік ресурстардың алғашқы 2 траншы толығымен дерлік игерілді.

Азық-түлік келісімшарт корпорациясына 76 млрд теңгеден астам сомаға өтінімдер келіп түсіп, оның 52,5 млрд теңгесі қаржыландырылды. 

Сонымен қатар көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін қосымша 70 млрд теңгеге ұлғайтып, бюджеттік кредит берудің жалпы көлемін 140 млрд теңгеге жеткізу мәселесі пысықталуда.

Жалпы, әкімдіктердің деректері бойынша 2022 жылы жалпы егіс көлемі 23,1 млн гектарды құрайды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 125 мың гектарға көп.

«Тұтастай алғанда, көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселесі жоспарлы түрде жүріп жатыр және Министрліктің ерекше бақылауында», — деді Е. Қарашөкеев.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тетігін жетілдіру жұмысы жүргізілуде. Қолданыстағы субсидиялау жүйесін реформалаудың бірнеше нұсқасы дайындалды, олар Жұмыс тобының отырыстарында бірнеше рет талқыланды.

Алайда, әлемдік азық-түлік нарықтарындағы құбылмалылыққа байланысты соңғы оқиғалар салдарынан және ішкі нарықтың тұрақтылығын сақтау мақсатында субсидиялаудың жаңа тетігін енгізуді 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру туралы шешім қабылданды. Тиісінше, биыл агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау қолданыстағы субсидиялау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Сонымен бірге министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандық агроөнеркәсіптік кешеннің орнықтылығын сақтап қалу қажеттігін ескере отырып, қазіргі уақытта республикалық бюджетті нақтылау кезінде агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталуда, ол өткен жылдан жинақталған берешекті өтеуге бағытталады, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде пайдаланылатын тауарлық және материалдық ресурстар бағасының өсуі салдарын жояды. 

Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар субсидиялау нормативтерін бекіту жұмыстарын жандандырып, субсидиялауға бөлінген қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз етуі қажет.

Министрлік өз тарапынан фермерлер қауымымен бірлесіп агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау тәсілдемелерін қайта қарау жұмысын жалғастырады, сондай-ақ мемлекеттік субсидиялаудың жаңа бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу жұмысын жеделдетеді. Қазір ол Ақмола облысында тестілеуден өтуде. Оны екінші жартыжылдықтан бастап енгізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азық-түлік тауарларының тапшылығы мен бағаның бақылаусыз өсуіне жол бермеу мақсатында өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақтандыру қорларына форвардтық бағамен сатып алу мәселесін зерделеу басталды. 

«Мұнда тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға бөлінген қаражаттың бір бөлігін күзгі сатып алудан форвардтық келісімшарттардың көктемгі аванстарына қайта бағыттау жоспарлануда. Осы мақсатта облыстар әкімдіктеріне отандық тауар өндірушілермен, өңдеуші кәсіпорындармен форвардтық келісімшарттар жасасу жұмысын жандандыру тапсырылды. Сонымен қатар біз қолданыстағы тұрақтандыру қорларын қалыптастыру қағидаларына қажетті өзгерістер мен толықтыруларды жеделдетіп енгізу жұмысын жүргізіп жатырмыз», — деп түйіндеді Е. Қарашөкеев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу