Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттары білім сапасында нақты көрініс табуы керек – Олжас Бектенов

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жылының басталуына дайындық барысы қаралды.

Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, жоғары оқу орындарының дайындығы туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, білім беру нысандарының санитариялық-эпидемиологиялық дайындығы туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов, мектептердің интернетпен қамтылуы және цифрландырылуы туралы жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин баяндады. Сондай-ақ Атырау, Алматы, Ақмола және Павлодар облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Премьер-министр білім беру сапасын арттыру және балаларды оқыту мен дамыту үшін қажетті жағдайлар жасау мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі болып саналатынын атап өтті. 

«Жаңа Конституцияда еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтары негізгі қағидаттар ретінде бекітілген. Әсіресе, білім мен адам капиталын дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Ата заңымызда айқындалған қағидаттар оқыту сапасы мен өскелең ұрпақ тәрбиесінен нақты көрініс тауып, әр балаға бірдей мүмкіндік беруге тиіс. Сондықтан біздің міндетіміз – жаңа оқу жылын дұрыс ұйымдастырып қана қоймай, балалардың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасау», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр балалар мен жастардың бойында құқықтық және экологиялық мәдениетті, азаматтық жауапкершілік пен «Заң мен тәртіп» қағидатын құрметтеуді қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Жалпы алғанда, тәрбие жұмысы «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасына және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына негізделіп, мектеп пен отбасының бірлескен жұмысы нақты нәтижеге бағдарлануы тиіс.  

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 1 қыркүйекте 47 жаңа мектеп, оның ішінде “Келешек мектептері” жобасы аясында 20 мектеп ашылады. Өңір әкімдіктері оқу жылының басталуына қарай олардың толық функционалдық дайындығын қамтамасыз етсін. Мемлекеттік қолдауға мұқтаж барлық отбасыларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуге тиіс. Ол үшін жергілікті бюджеттерде қажетті қаражат көзделген. Бұл 400 мыңнан астам балаға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Өңір әкімдеріне көмектің шын мәнінде мұқтаж жандарға берілуін қамтамасыз етіп, әрбір нақты жағдай бойынша уақтылы шаралар қабылдауды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр үш ауысымды оқыту және оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешуде оң үрдіс бар екенін атап өтті.

Бұл ретте өңірлер 2026 жылдың соңына дейін тағы 64 мектептің құрылысын аяқтауы қажет. Оларды педагог мамандармен және оқу-техникалық базамен қамтамасыз ету мәселелерін қазірден шешу керек.

1 қыркүйекке дейін еліміздегі 106 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға тиіс екеніне бөлек назар аударылды. Премьер-министр бірқатар өңірлерде 13 мектеп бойынша жұмыс қарқыны баяу екенін атап өтті. Олардың қатарында Алматы қаласы, Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан және басқа да облыстар бар. Аталған өңір әкімдеріне жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын тікелей бақылауға алу тапсырылды.

Бұдан бөлек, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін физика, химия, биология, робототехника бойынша 500 пәндік кабинетті сатып алуды қамтамасыз ету қажет. Жалпы, жыл соңына дейін еліміздің мектептерінде барлығы 1400-ден астам арнайы кабинет орнату керек. Бірқатар өңірлер тез арада қаржыландыру мәселесін шешуге тиіс. Мұнда бірінші кезекте Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Ұлытау және Ақмола облыстары сөз болып отыр. Олжас Бектенов кабинеттерге қажетті жабдықтарды жылдам сатып алу үшін барлық рәсімдерді тездетуді тапсырды.

Премьер-министр сондай-ақ инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды жеделдетіп салу мәселесіне де тоқталды.

«Кеше Мемлекет басшысы экономиканы дамыту жөніндегі кеңесте инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды жеделдетіп салу керектігін атап өтті. Осыған баса назар аударыңыздар. Барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер алдағы кезеңге арналған бюджеттерді қалыптастыру барысында аталған мәселені бақылауға алуы қажет», — деп тапсырды Олжас Бектенов.

Премьер-министр цифрлық инфрақұрылым білім беру сапасы мен жасанды интеллектіні енгізуге тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондықтан мектептерде жоғары жылдамдықты интернеттің болуы – басым міндеттердің бірі. Жасанды интеллект министрлігі байланыс операторларымен және әкімдіктермен бірлесіп, жоғары жылдамдықты интернеттің, әсіресе шалғай ауылдарда болуын қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Жалпы алғанда, білім берудің барлық деңгейінде цифрлық технологияларды дамытуға және жасанды интеллектіні енгізуге, ең алдымен, білім беру сапасы мен тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару қажет.

Балалардың қауіпсіздігі де ерекше бақылауда болуға тиіс.

«Өңір әкімдіктеріне Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Оқу-ағарту министрліктерімен бірлесіп, мектептер маңындағы жол қауіпсіздігін, сондай-ақ олардың өртке және терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз етуде жіберілген кемшіліктерді тез арада жоюды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ішкі істер министрлігіне «Назар аударыңыз – балалар!» іс-шарасы аясында бұған дейін берілген нұсқамалардың орындалуын тексеру тапсырылды. Іс-шаралар жоспарының өзін қыркүйек айының соңына дейін ұзарту керек. Жол бойында балалар жарақатының алдын алуға баса назар аударған жөн.

Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері мен басқа да өңірлерге барлық мектептердің бейнебақылау камераларын Ішкі істер министрлігінің Жедел басқару орталықтарына жыл соңына дейін қосу тапсырылды. Премьер-министр мектептерге бекітілген полиция қызметкерлерінің міндеті тек құқықтық және түсіндіру сабақтарын өткізумен шектелмеуге тиіс екенін айтты. Балалар мен жастардың арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралардың аясын кеңейтіп, жандандыра түсу қажет.

Премьер-министр балалардың жан-жақты дамуы мен табысты білім алуы мектептердегі сапалы әрі дұрыс тамақтандыруға да байланысты екенін айты. Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдіктері өнімдердің сапасы мен санитариялық нормалардың сақталуын тұрақты бақылауға алу тапсырылды. Сонымен бірге, оқу жылының басталуына қарай колледждер мен университеттердің инфрақұрылымын, жатақханаларды және оқыту бағдарламаларын талапқа сай дайындауды қамтамасыз ету жөнінде міндет қойылды. Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, тамыз айының соңына дейін оқу жылының басталуына толық дайындықты қамтамасыз етуі тиіс.

#Олжас Бектенов #Білім беру #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу