Көтерме-тарату орталықтары желісін құру аграрлық өнім бағасын 25%-ға төмендетуге мүмкіндік береді - СИМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тауар сүйемелдеу жүйесін құру мәселесі қаралды. Жобаны іске асыру жоспары туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады. 

Сауда және интеграция министрі Б. Сұлтановтың айтуынша, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында халықтың аграрлық және тағам өнеркәсібінің сапалы тауарларына қажеттілігін қамтамасыз ету, азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті тауарлардың бағасын тұрақтандыру, отандық өндірушінің өнімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тиімді логистикасын дамыту және олардың экспорттық арналарын кеңейту керек. 

«Біз қазақстандық тауарларды сақтау мен логистикаға жұмсалатын шығыстардың ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізу кезінде «ауыртпалық» болудың орнына, біздің бәсекелестік артықшылығымызға айналуы тиіс екенін түсінуіміз керек», — деді Б. Сұлтанов. 

Азық-түлік қауіпсіздігінің қазіргі жағдайы біріншіден ұзақ мерзімді сақтау үшін сапалы инфрақұрылымның жетіспеушілігімен сипатталады. Бұл ауыл шаруашылық өндірушінің шығындарын арттырады.

Екіншіден, сауда-логистикалық инфрақұрылым объектілерінің бір-бірімен дұрыс үйлестірілмеуі тұтынушыға дейін жеткізетін тауар жолын қиындатады.

Үшіншіден, сауда инфрақұрылымының ескі форматтары өнімді тиімді таратып, ұзақ мерзімді кезеңге бағаны тұрақтандыруға жол бермейді.

Сауда және интеграция министрі атап өткендей, ішкі нарықтағы сұраныс отандық азық-түлік тауарлары есебінен жабылады. Алайда, қазіргі инфрақұрылым, жетілдірілмеген логистика, тауар айналымына қатысушылардың өзара нақтыланбаған іс-қимыл бағаның едәуір өсуіне алып келеді. Еліміздің әрбір азаматы, осындай жағдайды әсіресе, маусымаралық кезеңде сезінеді.

«Жыл сайын ақпаннан мамырға дейін, өткен жылғы егін қоры таусылып, көршілес елдерден жаңа өнім келе басталғанда, біз бағаның жоғары құбылмалылығын байқаймыз. Бұл, өз кезегінде, инфляцияға теріс әсер етеді. Елімізде өндірілетін азық-түлікті дұрыс сақтап, өткізетін жүйені құру қажеттілігінің себебі өндірушілердің көп шығынға батуымен байланысты», — деді Б. Сұлтанов. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ел бойынша көкөніс сақтау қоймаларының тапшылығы шамамен 70% құрайды, ал кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 90%-ға жетеді. Бұл өнім шығынына және оны ұзақ мерзімде сақтап қалудың мүмкіндігінің болмауына алып келеді.

Мәселен, көкөніс пен жемістің шығыны 19%, ет пен сүт өнімдерінің шығындары 5% құрайды. Бұл кәсіпкердің барлық шығындары өнімнің түпкілікті құнына әсерін тигізеді дегенді білдіреді. Сауда инфрақұрылымына келетін болсақ,  қазіргі уақытта елімізде жұмыс істейтін 750 сауда базары бар, олардың басым бөлігі (51%) стационарлық емес.

Б. Сұлтанов атап өткендей, тауарларды жедел жүктеуге мүмкіндік беретін заманауи жүк түсіру (қазір оны «кросс-док» деп атайды) және температуралық қоймалардың жеткіліксіздігі бағаға тікелей әсерін тигізеді. Жұмыс істеп тұрған базарларда тауар ағымын бақылайтын ақпараттық жүйе жоқ.

Бұл ретте, өндірушілердің сөрелерге қол жеткізу тетігі бұрмаланған бағаға, әділетсіз сауда үстемесіне және белгілі кезеңдерде бағалардың негізсіз өсуіне негіз болады.

«Қалаларымызда карантин енгізілуіне байланысты туындаған дүрбелең осы мәселелерді көрсетті. Аталған проблемаларды жедел және жүйелі шешу үшін, көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай кешенін құрайтын ұлттық тауар өткізу желісін құру ұсынылады. Бұл экожүйе өндіруші мен тұтынушыны жақындататын жекелеген экономикалық кластер құрап, сондай-ақ бірыңғай тетікті құрай отырып, республиканың сауда инфрақұрылымына қосылады», — деді Б. Сұлтанов. 

Сауда мен тарату функционалы бойынша жіктелген көтерме-тарату орталықтары жүйенің өзегі болып табылады.

Көтерме-тарату орталықтарының қызметі өнімді сақтау мен қайта өңдеуден бастап тарату мен өткізуге дейінгі мамандандырылған қызметтерді ұсынатын болады. Бұл инфрақұрылым өнімді жеткізудің негізгі бағыттары үшін тиімді көліктік-логистикалық арналарды құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия және Қытайға экспорттық-импорттық операциялар жүзеге асырылатын болады, бұл өткізу нарығын кеңейтеді.

Сауда министрінің айтуынша, көтерме-тарату орталықтарының желісі тауар өткізу жүйесінің негізгі қатысушылары арасындағы байланыстырушы буын болады және өндірушілерді, жеткізушілерді және сатушыларды бір кластерге біріктіреді. Ұсынылып отырған жүйе жаһандық трендтерге толық сәйкес келеді. Алайда, Ранжис пен Меркас сияқты әлемдік жетекші жүйелерді зерттеу кезінде сауда-логистикалық инфрақұрылымды құруда мемлекеттің басты рөл атқаратыны байқалды. 

Мысалы, Францияда 20 көтерме азық-түлік базарының біреуі ғана жеке, қалған базарлар толық немесе ішінара мемлекеттік болып табылады. Испаниядағы Mercasa көтерме-тарату орталығы да мемлекеттік. Сондай-ақ, Варшава ауыл шаруашылығы көтерме базарының 62% акциялары мемлекетке тиесілі.

«Тауар өткізетін жүйе моделіне, әлемдік және өңірлік сарапшылардың кеңестеріне сүйене отырып, ұсынылатын тауар желісінің әрбір буынының нақты параметрлері мен сипаттамаларын анықтадық. Көтерме-тарату орталықтары бірыңғай жүйенің элементтері болып табылады, осыған байланысты олардың түрлері мен функционалы бойынша бөлінуі неғұрлым тиімді», — деді Б. Сұлтанов.

Саудаға бағдарланған көтерме-тарату орталығы көлемді өткізу базары көлемді өткізу нарығы бар, географиялық орналасуы тиімді қалалардан 20 шақырым жерде орналасатын болады. Олардың функциясы - фермерлерді өткізу базарларына жақындату.

Таратуға бағытталған көтерме-тарату орталығы қала шегінде орналасады. Олардың аумағында кедендік терминалдың болуы жүктерді ресімдеу рәсімін жеделдетуге мүмкіндік береді.

«Біз елдің барлық өңірлерінде көтерме-тарату орталықтарының желісін құруды жоспарлаудамыз, ол тауардың өндірушіден сөреге дейінгі жеткізілу тізбегін қамтиды. Тауар өткізу жүйесін үш кезеңде жүзеге асыру ұсынылады. Бірінші кезеңде ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға бағдарланған бес  көтерме-тарату орталығын Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында салу жоспарлануда», — деді Б. Сұлтанов.

Жобаны іске асырудың жалпы құны 237,5 млрд теңгені құрайды. Тауар өткізу жүйесін құру шамамен 10,5 мың, оның ішінде құрылыс кезеңіне 4,2 мың, объектілерді пайдалануға 6,3 мың мамандарды тартуға және жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Объектілерді салу үшін отандық жобалау және құрылыс компаниялары тартылатын болады.

«Жалпы алғанда, 2022 жылға қарай қуаттылығы жылына 4,8 млн тонна көлемді құрайтын тетікті әзірлеп, ұсынып отырмыз. Бұл қуат тапшылығын толық жабады және алдағы уақытта экспорттық экспансияға жағдай жасайды. Біз әкімдіктермен алғашқы екі кезең үшін жер телімдерін бөлу мәселесін пысықтадық. Қалған 15 нысан бойынша қысқа мерзімде жұмыс жүргізілетін болады», —  деп қосты Б. Сұлтанов.

Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров өз кезегінде қолда бар шикізат базасы сауда-логистикалық жүйенің дамымағанына байланысты жыл бойы сапалы шикізаттың біркелкі жеткізіліп тұруын қамтамасыз етпейтінін, тауарды сату алдында дайындайтын объектілердің жоқ дерлік екенін жеткізді. Жалпы, өткізу жүйесінде интеграцияның жеткіліксіз болуы отандық өндірістің дамуын тежеуде.

Жекелеген өңірлерде жеміс-көкөніс өнімдері мен тамақ өнімдерін сақтайтын қойма инфрақұрылымы жеткілікті дамымаған.

«Әкімдіктердің алдын ала деректері бойынша республикада жалпы сыйымдылығы 1 908,3 мың тонна болатын 1249 жеміс-көкөніс және картоп сақтау орны бар, бұл өндірілген өнімді сақтау үшін жеткіліксіз. 2019 жылы 6,7 млн тонна өндірілген (2018 жылмен салыстырғанда өсім - 5%) картопқа, қырыққабатқа, сәбізге, пиязға, қызылшаға және келесі жылдың өніміне дейін көкөністерді ішкі тұтыным үшін де, экспорт үшін де сақтау қажеттілігіне қуаты шамамен 2,8 млн тонна болатын мамандандырылған сақтау орны қажет», — деп түсіндірді С. Омаров. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан сауда-логистикалық инфрақұрылымның ажырамас бөлігі болып табылатын жаңа технологияларды енгізу, питомник шаруашылығын дамыту, сапалы тұқымдар мен көшеттерді пайдалану, суармалы жерлер алаңын кеңейту, заманауи суару машиналарын пайдалану, сондай-ақ жемістер, көкөністер және картоп сақтайтын сыйымдылықтарды жаңғырту есебінен көкөніс пен жеміс өндіру көлемін ұлғайту шараларын қабылдауда.

«Көкөніс сақтау орындарын салуға кәсіпкерлерді ынталандыру үшін Министрлік 25% мөлшерінде инвестициялық субсидиялар, сондай-ақ қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы бойынша жеңілдетілген кредит беруді көздеп отыр», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Көтерме-тарату орталықтары желісін салу арқылы сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту өнімді жинаған соң өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығындарын төмендетуді, өнімсіз делдалдарды жоюды, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің сауда желілеріне қолжетімділігін, ішкі нарықта да, экспорттық бағытта да ауыл шаруашылығы өнімін өткізуді арттыруды қамтамасыз етеді.  

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу