ҚР БҒМ кеңейтілген алқа отырысы: білім беру саласындағы өзгерістер және министрлік қызметінің қорытындылары туралы

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Министрлік жұмысының қорытындысы туралы ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов баяндама жасады.

Бірінші кезекте ол 2020 жылы білім беру саласында және оның барлық деңгейінде болған сапалы өзгерістер туралы баяндады. 

«Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында педагогтердің еңбек жағдайы жақсарып жатыр. 

Педагогтерді міндетіне кірмейтін жұмыстарға, есептілікке тартуға жол бермеу шаралары қабылданды. Сонымен қатар, барлық облыста педагогтердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестер ашыла бастады. Биыл осы жұмыс соңына дейін жеткізіледі.

2024 жылға қарай Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың берген тапсырмасы шеңберінде педагогтердің жалақысы 2 есе көбейеді.

Кешенді шаралар мектептерді кадрлармен толық жабдықтауға мүмкіндік береді. Педагогтерді жұмысқа қабылдау енді конкурс арқылы, нақты біліктілік көрсеткіштерге сәйкес жүргізіледі. 

«Педагогикалық бағыттағы мамандыққа тек мықты түлектерді қабылдау маңызды. 2020 жылдан бастап педкадрларды дайындау деңгейін арттыру мақсатында жоғары оқу орындарына түсуге қойылатын талаптар күшейтілді. Мәселен, басқа бағыттар бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеудің шекті балы 50 баллдан басталса, біз болашақ педагогтер үшін 75 баллға дейін көтердік. Ал, осы мамандыққа түсуді ынталандыру үшін болашақ педагогтердің шәкіртақы мөлшері 42 мың теңгеге дейін артты, яғни олар ең үлкен шәкіртақы алып жатыр. Осының бәрі оң нәтиже беріп отыр», — деді білім министрі Асхат Аймағамбетов.

Педагог мамандығын таңдаған «Алтын белгі» иегерлері 2 есеге жуық ұлғайды, ал осы мамандыққа түскендердің орташа балы 90 балға дейін жетті. Бұл мұғалім мамандығына мықты кадрлардың келуін қамтамасыз етеді. 

3 пен 6 жастағы балаларды оқу және тәрбиемен қамту көрсеткіші 98,8%-ға жетті. Десек те 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі әлі де 71% ғана құрайды. Сондықтан жекеменшік балабақшаларды дамытуды ынталандыру үшін ваучерлік тетік әзірленіп жатыр. Ол биыл пилоттық режимде басталып, келесі жылы толығымен барлық жүйеге енгізілетін болады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін балабақшалардың 100%-ы бейнебақылаумен қамтамасыз етілді.

Орта білім беруде жаңартылған мазмұнға көшу аяқталды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірде мектептер бейнебақылау жүйесімен 100%, жылы әжетханалармен 99% қамтамасыз етілді. 

«Қазіргі уақытта “Оқуға құштар мектеп” жобасын іске қосып жатырмыз. Оның аясында мектептегі кітапханалар қорында мемлекеттік тілдегі көркем әдебиетті айтарлықтай жаңарту міндеті тұр. Бұл тұрғыда біздің кітапханада істейтін әріптестеріміз – кітапханашылардың жалақысын көтеру мәселесі де өте маңызды», — ҚР БҒМ министрі.

Оған қоса, жақында қабылданған заңның шеңберінде қосымша білім алуға кең мүмкіндік беру үшін мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Бұл жекеменшік ұйымдарға орналастырылғаннан кейін қосымша біліммен қамту деңгейін әлдеқайда ұлғайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. 

Орта білімді дамыту үшін 2023 жылдан бастап кезең-кезеңмен 12 жылдық оқытуға көшу көзделіп отыр. Ол үшін өте ауқымды жұмыс атқару керек. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша математика, тілдер және информатика сияқты пәндерге ерекше назар аударылады. Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихы бойынша бірыңғай оқулықтар әзірленетін болады.

2021 жылдан бастап аудандық білім бөлімдерін басқару және білім беру ұйымдарын қаржыландыру облыс деңгейіне өтеді. Бұл өзгерістер өңірлер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтуға, сондай-ақ жергілікті деңгейде жеткілікті қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ мектеп директорларын тағайындау тәртібі өзгеруде, бұл білім беру ұйымдарындағы басқару сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Соңғы уақытта білім беру мекемелерінің басшыларын тағайындау тәртібі туралы сұрақтар саны артып келеді. Біз жаңа жүйе бойынша балабақша меңгерушілерін, мектеп, колледж директорларын тағайындайтын боламыз. Бұдан басқа, алдағы уақытта ротация институтын енгіземіз», — деді білім және ғылым министрі.

Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың құзыреті кеңейтілді, әкім аппаратында комиссия хатшысы үшін жеке штат бірлігі көзделген. Мектептер мен колледждерде балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша балалар өкілдіктерінің институты енгізілді.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында бірқатар жаңа жобалар іске асырылуда. Елімізде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы жүзеге асырылуда. Ол жастарға алғашқы жұмыс мамандығын алу мүмкіндігін береді.

Өткен жылы «Жас маман» жобасы жүзеге асырыла бастады. Осылайша, барлығы 80 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Биыл бұл бағдарлама аяқталады. Сондай-ақ 100 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту қажет.

Білім және ғылым министрі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемінің жыл сайын өсуі байқалап отырғанын айтты. 

«Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін грант құны 340-420 мың теңге болған. Біз алдыңғы жылы Мемлекет басшысының қолдауының арқасында осы мемлекеттік гранттың көлемін 1 млн теңгеге дейін ұлғайттық. Бұл өз кезегінде ЖОО-ларға материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға және оқытушылардың жалақысын көтеруге мүмкіндік берді», — А. Аймағамбетов. 

2019 жылы қыркүйекте министрлікке қарасты ЖОО-ларда педагогтердің жалақысы 20%-ға көтерілсе, 2020 жылы қыркүйек айында тағы 20%-ға көтерілді. 

«Әлі де біз бұл жұмысты жалғастыруымыз қажет. Шын мәнінде, ЖОО оқытушыларының жалақысы өте төмен және мектептер мен колледждердегі жалақымен салыстырғанда бәсекеге қабілетті емес, сондықтан ректорларға бұл жұмысты жалғастыруға қатысты міндет қойылды», — деді министр.  

2020 жылы 65 мың студент оқып жатқан жоғарғы оқу орындары толығымен жабылды, 33 жоғарғы оқу орны кадрларды даярлаудың бейінді емес бағыттары бойынша 110 лицензияны қайтарып берді. Ең басты мақсат – ЖОО-ларда білім беру сапасын әрі қарай арттыру.

Алғаш рет 2020 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу электрондық сертификаты және грант беру туралы электрондық куәлік енгізілді. 

«2020 жылы академиялық адалдық қағидаларын өте жоғары деңгейде орындау үшін тиісті жұмысты жүргіздік. Бұның алдында 2019 жылы 117 мың бала тест тапсырып, онда 120 мыңнан астам түрлі телефондар, құрылғылар табылған болса, 2020 жылы, бір жылдан кейін осы қабылданған шешімдердің арқасында 122 мың бала тест тапсырып, сонда 2500 ғана әр түрлі құрылғылар табылды. Сол 2500 баланың тест нәтижелерін жойдық. Сондықтан академиялық адалдық қағидаттарын сақтау бойынша жұмысты биылғы жылы да жалғастырамыз», — деді ведомство басшысы. 

2021 жылы ҰБТ электрондық форматта өткізіліп жатқанын айта кеткен жөн, наурыз айының тестілеуі басталып кетті. Енді ҰБТ да, магистратура мен PhD-докторантураға қабылдау да электрондық форматта жүргізілетін болады. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы оқу жылында студенттерге стипендия мөлшері 25%-ға, докторанттарға 80%-ға ұлғайды, енді 2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақысы тағы 2 есеге, магистранттар мен докторанттарға 1,5 есеге артады.

Студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету үшін 2020 жылы 20 мың орындық 75 жатақхана пайдалануға берілді. 2025 жылға қарай кемінде 50 мың жаңа орын пайдалануға беріледі.

Биылдан бастап жоғарғы оқу орындарының түлектеріне өзіндік үлгідегі дипломдар берілетін болады. Сондай-ақ педагогикалық мамандықтардың түлектері сертификаттаудан өтеді. Биылғы жылдан бастап осы жоғары оқу орындарының түлектері мектепке жұмысқа қабылданғанда сол сертификатты көрсетуі қажет болады.

Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша инновациялар мен серпінді технологияларды дамыту, озық ғылыми-зерттеу орталықтарын қалыптастыру үшін өсу орталықтары болатын 2 озық жоғары оқу орны құрылатын болады. Петропавл мен Шымкент қалаларында осы жұмыс басталып жатыр.

Сондай-ақ еліміздің бәсекеге барынша қабілетті 20 жоғары оқу орнының базасында «академиялық артықшылық» орталықтары құрылатын болады. 

Білім беруді цифрлық трансформациялау шеңберінде білім берудің негізгі ақпараттық жүйелерінің үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілді. Жиынтықты бухгалтерия, ұлттық білім беру деректер қорын дамыту және тағы басқа жұмыстар әрі қарай жалғастырылады.

Ғылымды қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Ғылымды дамыту Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Жаңа жобалар 2020 жылы іске асырылды, алда жаңа міндеттер тұр.

2020 жылы конкурстарды жыл сайын өткізу рәсімі енгізілді. Бұған дейін конкурстар үш жылда бір рет өткізілетін. Бұл өте ұзақ уақыт. Көптеген ғалымдар бұл саладан кетіп, грант алу үшін тағы үш жыл күте алмады. Енді конкурстар жыл сайын өткізіледі. 2020 жылы ел басшылығының қолдауының арқасында 5 конкурс өткізілді.

Өткен жылы ұлттық ғылыми кеңестердің құрамы жаңартылды. ҰҒК жұмысының жаңа ережелері бекітілді. Жобалардың экономикалық сараптамасы мен ҰҒК балдарын саралау рәсімі және мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама енгізілді.

Жас ғалымдарға 500 тағылымдама бойынша тапсырма бар. Қазір «Болашақ» орталығы осы бағытпен айналысуда. Сонымен қатар ҚР Президенті Ұлттық қоғамдық келісім кеңесінің отырысында жас ғалымдарға кемінде 1000 грант бөлуді тапсырды. Тиісті қаржы бөлінді, бұл жұмыс ұйымдастырылады.

«Жас зерттеушілерге қолдау көрсету үшін біз ғылыми гранттарға конкурстар жариялау кезінде арнайы квота енгіздік. Қазір біз жас ғалым-әйелдердің санына қатысты да осындай квотаны енгіземіз деп шешім қабылдадық. Менің ойымша, бұл уақытылы қажетті шешім, бұл туралы біздің ғалым-әріптестерімізбен кездесулерде бірнеше рет айтылды», — деді А. Аймағамбетов.  

Биологиялық қауіпсіздік ҒЗИ қысқа мерзімде өте маңызды жұмыс жүргізіп, бірден бес вакцина әзірлегенін атап өткен жөн. Олардың алғашқы екеуі клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан сәтті өтіп жатыр. Отандық вакциналар өндірісін іске қосу үшін зауыт салынып жатыр, ол барлық GMP талаптарына сәйкес келеді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов атап өткендей, білім беру саласында айтарлықтай жетістіктер бар.

Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң іске асырыла бастады. Мұғалімдер қосымша жүктемелерден босатылды, педагогтардың жалақысы 40%-ға артты.

Апатты жағдайдағы мектептер саны 37%-ға және үш ауысымды мектептер саны 29%-ға қысқарды. Жалпы 184 жаңа мектеп салынды.

Өздеріңізге белгілі, өткен 2020 жыл жалпы оңай болған жоқ. Әлемді жайлаған пандемия өмірдің барлық салаларына өз әсерін тигізді. Білім беру саласында да күрделі өзгерістер орын алды. Аз уақыттың ішінде мектептерді, колледждерді, жоғарғы оқу орындарын қашықтан оқу форматына өткізуге тура келді.

БҰҰ мәліметтері бойынша, пандемия кезінде әлемдегі білім алушылардың 94%-ы білім берудің барлық деңгейлерінде қашықтан немесе аралас форматтарға көшті. Қазақстанда 76% мектеп оқушылары және 100% колледж және университет студенттері үшін қашықтан оқу ұйымдастырылды.

«Осы орайда, жаңа жағдайға жедел бейімделіп, оқу процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етуге тікелей атсалысқан педагогтарға, білім саласының барша қызметкелеріне алғыс айтамын. Пандемия кезеңінен біз үлкен тәжірибе жинап, жаңа мүмкіндіктерге жол аштық. Осы кезеңде жинаған тәжірибемізді енді білім саласын жаңа деңгейге көтеруге тиімді пайдалануымыз керек», — деді Е. Тоғжанов.

Цифрлық технологиялар, білім берудің онлайн формалары білім саласын дамытуда кең мүмкіндіктерге ие.

Жақын болашақта білім беру процесін жеңілдететін жасанды зерде технологиялары, виртуалды шынайылық тәсілдері, сондай-ақ онлайн оқытуды қолжетімді ететін жаңа АT инфрақұрылымдар көптеп енеді деп болжануда.

«Отандық білім беру саласын дамытуда осы процестерді ескеруіміз керек. Білім беру ұйымдары дәстүрлі форматқа толығымен өткеннен кейін де онлайн платформаларды дамытуды жалғастыруымыз керек. Бұл, әсіресе шағын жинақты мектептердегі білім сапасын арттыруға қолайлы», — деді вице-премьер.

Бүгінде Қазақстанда 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 98%-дан астамды құрайды. Бұл жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар сандық көрсеткіштермен жұмыс істеуден сапалы индикаторларды енгізуге көшу қажет, деп есептейді Е. Тоғжанов.

«Балабақшалардың жұмысы балалардың ерте даму көрсеткіштерін, ата-аналардың қанағаттану деңгейін, жұртшылықтың бағасын ескере отырып бағалануы тиіс. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне әлемдік тәжірибеде қабылданған, балабақшалар жұмысының сапа көрсеткіштерін бекітуді және енгізуді тапсырамын», — деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.

Бұдан өзге, ҚР БҒМ 2021 жылдың желтоқсанына дейін мектепке дейінгі білім беруді қаржыландырудың ваучерлік тетігін апробациялауды аяқтап, 2022 жылдан бастап оны барлық жерде енгізуді қамтамасыз етуі қажет. 

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды биылғы жылдың өзінде 82%-ға дейін ұлғайту және 2025 жылға қарай 95%-ға дейін жеткізу міндеті қойылған.

Балаларды көбірек қамту үшін балабақшалардың кезектілігі мен орналасу мәселелерін дереу шешу керек. 2020 жылы елімізде 38 мың орындық 365 жекеменшік балабақша ашылды. Алайда, бүгінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі 261 мың бала кезекте тұр.

Кезектің 60%-дан астамы шоғырланған Нұр-Сұлтан қаласының, Алматы қаласының, Алматы облысының, Түркістан облысының, Шымкент қаласының әкімдіктері жеке балабақшаларды ашу және мемлекеттік тапсырысты ұлғайту бойынша жұмыстың тиімділігін едәуір арттыруы қажет. 

«Әкімдіктер жеке балабақшалар желісін дамыту есебінен 2021 жылы 32 мыңға дейін орын ашу жұмыстарын жүргізуі қажет. Министрлікке әкімдіктермен бірлесіп осы жылдың наурыз айында балабақшалардың кезектілігі мен орналасу проблемаларын шешу жөніндегі кешенді жоспар жобасын әзірлеуді тапсырамын», — деді Е. Тоғжанов.

Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері өңір ішінде байыпты талдау жүргізіп, оқушылардың білімін теңестіру бойынша, оның ішінде мектептерді қамқорлыққа алу, ресурстық орталықтардың әлеуетін пайдалану, педагогтарды тарту, мектептерді цифрландыру мен жарақтандыру арқылы түбегейлі шаралар қабылдауы қажет.

Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында қала мектептерінің көрсеткіштері Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарының ауыл мектептерінен төмен.

Үш ауысымды оқытуды және апатты мектептерді жою үшін ҚР БҒМ-ге «Nur Otan» партиясының бағдарламасында көзделген 800 мектептің 2025 жылға дейінгі құрылыс барысына күнделікті мониторинг жүргізуді және 5000 ауыл мектебін жаңғыртуды жолға қою тапсырылды. 

2021 жылдың өзінде 1000 астам мектепті жаңғырту үшін Білім және ғылым министрлігі мектептерді жаңғыртудың бірыңғай талаптарын бекітіп, барлық өңірлерге жеткізуі керек.

Әрбір өңірде алынған деректерді талдау негізінде ауданның, облыстың, қаланың орта білімін дамыту жоспарын дайындау қажет. НЗМ тарта отырып, оқушылардың пәндік білімдерін, функционалдық сауаттылығын дамыту дағдыларын тереңдету үшін педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру керек.

Е. Тоғжанов бүгінгі таңда тұрақты үрдіс балалар мен жастарды әлеуметтендіруде, оқыту мен тәрбиелеуде қосымша білім берудің рөлін күшейту болып табылатынын атап өтті. Қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін ұйымдарды іріктеу өлшемшарттары мен қаржыландыру тетігін бекіту қажет. ЦДИАӨМ-мен бірлесіп, балаларға тегін қосымша білім беруді автоматтандыру және цифрландыру мәселелерін пысықтау қажет. 

«Облыс әкімдіктеріне осы жылдың 15 сәуіріне дейін оқушылардың қосымша білім алу шығындарын жергілікті бюджеттен қаржыландыру бойынша шаралар қабылдау қажет», — деп тапсырды вице-премьер.

ТжКБ жүйесі жастардың, әсіресе жастардың әлеуметтік осал санаттарының экономикасы мен жұмыспен қамтылуын кадрмен қамтамасыз етуде басты рөл атқарады. Сондықтан өте маңызды мәселелерді дереу шешу қажет.

Біріншіден, 9-сыныптан кейін, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал санаттар арасынан (жыл сайын 20-25 мың балаға дейін) балаларды колледждерде тегін оқытуды қамтамасыз ету қажет.

Сондай-ақ ел бойынша жастарды ТжКБ-мен қамту небәрі 17%-ды құрайды.

Екіншіден, колледждерде білім беру процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қайта қарау қажет, өйткені олар талапкерлерді қабылдаудан бастап білім беру процесін ұйымдастыруға дейін көптеген кедергілер тудырады.

Үшіншіден, қосарлы білім беруді дамыту үшін колледждердің өндіріспен барынша интеграциялануы үшін, оның ішінде өндірістен мамандарды тарту, еңбекақы төлеу кезінде өндірістік біліктілікті есепке алу, тәлімгерлікті дамыту арқылы жағдай жасау қажет. 

Әкімдіктер нақты шаралар қабылдап, 2021 жылы қосарлы оқытумен қамтылған студенттер санын 20%-ға дейін жеткізуі қажет.

«Жоғары білім беру саласында академиялық еркіндік пен адалдықты дамыту, жоғары оқу орындарының білім беру сапасы үшін жауапкершілігін күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет», — деді Е. Тоғжанов.

Бірінші. Жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейту үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдалану қажет. ЖОО-ларды нысаналы қолдау үшін халықаралық, ұлттық және өңірлік деңгейлерде бәсекеге қабілетті университеттер топтарын анықтау ұсынылады.

Екінші. 15 базалық өңірлік жоғары оқу орнын түбегейлі жаңғыртуды қамтамасыз ету керек. Олар өңірлерді дамытудың драйверлеріне айналуы тиіс.

«Әкімдіктер мен мүдделі мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде ЖОО-лардың нақты өлшемдерін бекіту және алдын ала іріктеу жүргізу керек. Олардың тізбесін Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі кеңестің қарауына Үкіметке енгізу қажет», — деп тапсырды вице-премьер.

Үшінші. Кез келген университеттің негізгі жұмыс принципі – зерттеу арқылы оқыту. Жоғары оқу орындарындағы зерттеушілер санын ұлғайту және жастарды ғылыми зерттеулерді орындауға белсенді тарту, экономиканың басым салаларында іргелі ғылыми зерттеулерді өсіру бойынша нақты шаралар қабылдау қажет.

Жетекші ғылыми-зерттеу институттарының базасында диссертациялық кеңестер құру жөніндегі нормаларды заңнамалық бекіту мәселесін қарау қажет. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында, әсіресе, техникалық бағыттар бойынша қосарлы білім беруді белсенді түрде енгізу қажет. Мысалы, еліміздің ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындары студенттерді практикалық оқытудың 30%-на көшіруге дайын (70%-ы — теория).

Төртінші. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастық бойынша жұмысты күшейту.

«Ректорларға, әкімдіктерге 5 сәуірге дейін білім министрлігіне шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнату бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын», — деді Е. Тоғжанов.  

Бесінші. Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін әлемде танылған жоғары білім беру сапасын сақтандыру тетіктерін енгізуді қарау қажет.

Вице-премьер атап өткендей, Индустрия 4.0 дамыту жағдайында елдің бәсекеге қабілеттілігі, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту ғылымды қажетсінетін экономика құру жолымен ғана мүмкін болады.

Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ғылымды қаржыландыруды ЖІӨ-нің 1% дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл елдің қуатты ғылыми әлеуетін құруға арналған үлкен ресурс.

Бірінші. Елдің ғылыми әлеуетін арттыру және ғылымды қажет ететін экономика моделіне көшу мақсатында ғылымды дамыту жөніндегі бағдарламалық құжаттың Ұлттық жоба форматында қабылдануын қамтамасыз ету қажет.

Екінші. Ғылымды тиімді қаржыландыру мақсатында ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындаудың нақты тәртібін бекіту қажет. Сондай-ақ конкурстан тыс қаржыландыру жүргізудің нақты тетігін ұсыну қажет.

Үшінші. Әзірленіп жатқан Қазақстан ғылымының Бірыңғай ақпараттық жүйесі ұжымдық пайдаланудағы ғылыми инфрақұрылымды құруға және зерттеушілерге кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етуге тиіс. Бірінші кезекте, әсіресе, ғылыми кадрларды даярлау үшін ҒЗИ мен ЖОО базаларын кіріктіру қажет.

Төртінші. Жер қойнауын пайдаланушылардың 1%-ын ғылым мен технологияларды қолдау мен дамытуды қаржыландыруға орталықтандыру, аударымдардың ашықтығын арттыру тетігін құру жөніндегі жұмысты аяқтау қажет.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу