ҚР ЭГТРМ су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді жоспарлап отыр

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері қаралды. ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады.

С. Брекешев биылғы жылдың вегетациялық кезеңінде су ресурстарын тиімді пайдалану туралы баяндады.

Барлық су тоғанынан тұрақты суаруға шамамен 11,6 текше километр су жұмсалады. Оның 11,3 текше километрі немесе 97%-ы 4 оңтүстік облысқа тиесілі. Ол 1,28 млн гектар суармалы алаңы бар немесе ел бойынша барлық суармалы алаңның 80%-ын (1,6 млн га) құрайтын Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары.

«Соңғы жылдары су тапшылығы елдің оңтүстік өңірлерінде өткір сезілуде. Осы өңірлерде вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін былтырғы жылы қарашадан бастап алдағы вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстары басталды», — деді ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Министрлік 2021-2022 жылдардағы вегетациялық және вегетацияаралық кезеңдердегі жұмыс жоспарын бекітті, оның шеңберінде мынадай сыртқы және ішкі іс-шаралар іске асырылады. Олар:

Бірінші. Жоғарғы су қоймаларынан қосымша су ағызуды қамтамасыз ету бойынша шектес елдермен жұмыс атқару;

Екінші. Трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі мемлекетаралық пайдалану каналдарындағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары.

Үшінші. Суландыру желісінің магистральды және шаруашылықаралық каналдарын тазалау және қосымша жабдықтарды сатып алу;

Төртінші. Ылғалды көп қажет ететін дақылдар алқаптарын қысқарту;

Бесінші. Су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу.

С. Брекешевтің айтуынша, шектес елдермен ынтымақтастық шеңберінде қырғыз тарапымен тауар алмасу және коммерциялық негізде электр энергиясын жеткізу бойынша «Достық» каналы арқылы жаз айларында 330 млн текше метр көлемінде су беру мәселесін шешуге қол жеткізілді.

«25-28 мамырда Бішкек қаласында тауар алмасу шеңберінде электр энергиясын қайтару кестесі маусым-тамыз айларына ай сайын, ал маусым айына әр күнге келісілетін болады. Бұдан басқа, тараптар сарапшыларының Шу және Талас өзендерінің бассейндеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарына зерттеу жүргізілетін болады», — деді экология министрі.

Тәжік тарапымен Тоқтоғұлдан тасталған су көлемін «Бахри Точик» су қоймасы арқылы өткізу туралы алдын ала келісім бар.

Мамыр айының соңына дейін «БахриТочик» су қоймаларын іске қосу шарттары келісіледі және 5-6 маусымда Душанбе қаласында үш жақты хаттамамен (Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан) осы шарттар бекітілетін болады.

Сәуір айының соңында Түркістан қаласында Мемлекетаралық Үйлестіру Су шаруашылығы Комиссиясының отырысы шеңберінде Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режимі келісілді, оған сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңдегі ағын 3,9 млрд текше метрді құрауы тиіс. Ол вегетациялық кезеңнен айтарлықтай шығынсыз өтуге мүмкіндік береді.

Шу және Талас өзендерінің бассейндерін сумен қамтамасыз ету бойынша жағдай тұрақты. Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 30-отырысы барысында мемлекетаралық каналдар бойынша Талас өзенінің бассейні арқылы 500 млн текше метр, Шу өзенінің бассейні арқылы 220 млн текше метр су беру кестелеріне қол қойылды.

«Гидрологиялық болжамдардың негізінде Сырдария трансшекаралық өзенінің бассейнінде күрделі су шаруашылығы жағдайы күтілген. Бірақ қабылданған іс-шаралар мен қолайлы климаттық жағдайдың арқасында су шаруашылығы ахуалы тұрақтанғанын атап өткен жөн», — деді экология министрі.

Осылайша, Шардара су қоймасына келетін су көлемі 2,5 есеге ұлғайды. Бұл Шардара су қоймасын 5 млрд текше метрге дейін толтыруға және осы кезеңде Көксарай контрреттегішін 822 млн текше метрге дейін жинауға мүмкіндік берді. Аталған кезеңде Шардара су қоймасына шамамен 1,5 млрд текше метр су келіп түсті.

Осылайша, вегетация басталар алдында Сырдария өзенінің арнасын толтыру, суармалы жерлерді ылғалдандыру, көл жүйелері мен шабындық жерлерді суландыру жұмыстары жүзеге асырылды.

С. Брекешевтің айтуынша, Тоқтоғұл су қоймасының толымдылығы мамырда 10 млрд текше метрден асты, бұл наурыз айындағы көрсеткіштен 25%-ға жоғары. 

Сондай-ақ Шардара су қоймасы мен Көксарай контрреттегішінде толымдылықтың айтарлықтай өсуі байқалады, наурыз айымен салыстырғанда 350 млн текше метрге артық.

Министрлікте ішкі іс-шаралар шеңберінде мынадай жұмыстар атқарылуда. Олар:

Бірінші. Трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі 259 гидротехникалық құрылысты қалпына келтіру;

Екінші. 535 километр магистральды және шаруашылықаралық каналдарды механикалық тазарту;

Үшінші. 67 су сорғы қондырғыларын сатып алу және орнату.

Жоғарыда аталаған жұмыстар маусым айы соңына дейін толығымен аяқталады.

Алматы облысы бойынша су ресурстарының тапшылығын қысқарту мақсатында облыс әкімдігі ылғал сыйымды дақылдардың, оның ішінде Балқаш ауданында күріштің егістігін 1 мың гектарға азайтты.

Облыстың барлық су қоймалары вегетациялық кезеңге бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейді.

Жамбыл облысы бойынша, бұрын айтылғандай, мемлекетаралық пайдалану объектілері бойынша су беру кестелері бекітілді.

Сондай-ақ қазіргі уақытта облыс бойынша суару желілерін реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Суармалы су беру айналма каналдар арқылы жүзеге асырылуда.

Түркістан облысы бойынша биыл күріш алқабы 600 гектарға дейін қысқартылды.

Қызылорда облысында күріш алқабы 78,3 мың гектарға дейін төмендеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға аз. Сондай-ақ Үкімет резервінен ұңғымаларды жөндеу мен бұрғылауға, сондай-ақ сорғы қондырғыларын сатып алуға 3,6 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді.

Сонымен қатар оңтүстік өңірлерде каналдарды тазалау, су үнемдеу технологиялары қолдану, су айналымы және суару кезектілігін ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

«Жалпы, алдын ала қабылданған шаралардың арқасында оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Сонымен қатар бұл жағдайды осы қалыпта ұстау үшін облыс әкімдіктері сумен жабдықтаушы ұйымдардың фермерлермен сумен қамтамасыз ету, суару технологияларын сақтау, суару кезектілігін қолдану және коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану жөніндегі іс-әрекеттерін үйлестіруді қамтамасыз ету қажет», — деп түсіндірді С. Брекешев.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеев өткен жылдың вегетациялық кезеңі оңай болмағанын айтты. Әкімдіктердің деректеріне сәйкес биыл суармалы жерлердегі жоспарланып отырған егіс алаңы 1,5 млн гектарды құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 39 мың гектарға (2,6%) төмен. Бұл ретте, егіс алаңдарының түпкілікті көлемі егіс жұмыстары аяқталған соң нақтыланатын болады.

Қазіргі кезде оңтүстік облыстардың суармалы жерлердегі егіс жұмыстары аяқталуда (Жамбыл облысы – 100%), ал басқа өңірлерде әлі жалғасуда. 

Суармалы егіншілікпен айналысатын фермерлер тәлімдік жерлерді өңдейтін фермерлер секілді көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге тұқымға, минералды тыңайтқыштарға, гербицидтерге берілетін субсидиялар, жеңілдікті жанар-жағар май материалы және кредит беру секілді тиісті мемлекеттік қолдау шараларын алуда.

«1 млн 122 мың гектар жер бетімен суару тәсілімен суарылады, 87,6 мың гектар – негізінен жаппай су алдыру әдісімен суарылатын күріш алқаптары, ал егіс алаңының 277,6 мың гектарына заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару әдістері пайдаланылады. Бұл жерде Павлодар, Жамбыл, Қарағанды, Алматы облыстарында су үнемдеу технологияларын қолдану пайызы жоғары екенін атап өту керек», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Суды көп қажет ететін дақылдарды әртараптандыру жалғасуда, осыған байланысты күріш алаңының 2021 жылмен салыстырғанда 8,7 мың гектарға, оның ішінде Қызылорда облысында 5,3 мың гектарға, Түркістан облысында 2,9 мың гектарға және Алматы облысы 0,6 мың гектарға азаюы күтілуде.

Бұл ретте монодақыл – мақтаның алаңы 115 мың гектарға өсуі күтілген болатын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға көп. Алайда, бүгінгі күнге бұл көрсеткіш 119 мыңнан асты. Бұған тоннасына 350 мың теңге жоғары сатып алу бағасы ықпал етті, ол 2020 жылға қарағанда 220 мың теңгеге жоғары болды.

Е. Қарашөкеевтің айтуынша, суармалы егіншілікті дамыту суарудың су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. 

Мәселен, шаруаларды заманауи су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында заманауи суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ қажетті бүкіл инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындардың 50%-ын өтеуді көздейтін инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл мақсаттар үшін облыстардың өтінімдері бойынша 268 жобаны іске асыруға 16,6 млрд теңге көзделген.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау жүзеге асырылады, онда судың бір текше метріне бөлінетін субсидиялар мөлшері тарифтерден пайыздық қатынаста 50%-дан 85%-ға дейін сараланып белгіленеді. Бұл мақсаттар үшін 2,7 млрд теңге көзделген.

«Фермерлерді су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру мақсатында қазіргі уақытта су беру бойынша көрсетілетін қызметтерді өтеу жөніндегі субсидияларды суару тәсілдеріне байланысты саралау жұмысы жүргізілуде, яғни бұрынғы деңгейдегі субсидияларды су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана алады», — деді ауыл шаруашылығы министрі. 

Сонымен қатар фермерлерді оқыту және білім тарату жүзеге асырылуда. Қазақ аграрлық ғылыми-зерттеу университеті шеңберінде «Су хабы» халықаралық зерттеу орталығы жұмыс істейді, ол елдің және өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің инновациялық дамуына, аграрлық еңбек нарығында талап етілетін жаңа формациядағы мамандарды даярлауға жәрдем көрсетеді.

Бұған дейін төрт оңтүстік облыста суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйіне мониторинг пен бағалауды Министрліктің үш республикалық мемлекеттік мекемесі жүргізіп келді.

Биылдан бастап аталған республикалық мемлекеттік мекемелердің қызмет аймағы республикамыздың барлық суармалы жерлерін мелиорациялық мониторингпен қамту бөлігінде кеңейтілді.

Бұдан басқа суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйіне мониторинг пен бағалау жүргізу нәтижелерін Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне интеграциялау жоспарлануда.

Биыл вегетация алдындағы кезеңге жер асты суларының орналасу деңгейі, олардың минералдануы мен химиялық құрамы, барлық суару көздерінен алынған суаратын сулардың сапасы туралы жедел ақпараттар (есептер) дайындалды.

Мәселен, жер асты суларына жол берілмейтін деңгейге жеткен суармалы жерлер алаңы 170,6 мың гектарды, оның ішінде Түркістан облысында – 112,4 мың гектарды, Қызылорда облысында – 27,6 мың гектарды, Алматы облысында – 16,8 мың гектарды және Жамбыл облысында – 13,2 мың гектарды құрады.

Жер асты сулары жоғары дәрежеде минералданған суармалы жерлер алаңы 264,5 мың гектарды, оның ішінде Қызылорда облысында – 152,1 мың гектарды, Түркістан облысында – 63,6 мың гектарды, Алматы облысында – 40,1 мың гектарды және Жамбыл облысында – 8,7 мың гектарды құрады.

Өз кезегінде Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 760 мың гектарға орналастырылып, 2021 жылмен салыстырғанда 9 мың гектардан астамға ұлғайғанын атап өтті.

«Егіс алқаптарын әртараптандыруға байланысты басым дақылдар жоспарға сәйкес орналастырылды. Мемлекеттен көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде көктемгі дала жұмыстарына қажетті материалдар толық қамтамасыз етіліп, егін егу жұмыстары толық аяқталды», — деді әкім.

Вегетациялық кезеңге трансшекаралық Шу және Талас өзендерімен су беру кестесі бекітілді. Суару маусымына су қоймаларында судың жинақталуы кестеге сәйкес жүргізілді. 

Вегетациялық кезеңге облыста орналасқан ірі 9 қоймада орташа 90 пайыз су жиналды. Одан бөлек облыста орналасқан 105 кіші су қоймаларында 72 пайыз жоғары су жиналды. 

Облыста механикалық тазалауға жататын ұзындығы 478 шақырымды құрайтын 122 каналда 1 393 шаруашылықпен бірігіп тазалау жұмыстары жүргізілді.

«Бүгінде суару маусымы басталды. Шаруашылықтардың сұранысына сәйкес, егіс алқаптарына 65 мың м3 су күнделікті берілуде. Облыстың суармалы жерлерінің көлемі 179 мың гектарды құрайды. Оның 55,2 мың гектары тиісті нормативтерге сәйкес сумен қамтамасыз етілсе, 47 мың гектар алқап 30-40 пайыз деңгейде қамтылған», — деді облыс әкімі. 

Осыған байланысты, облыс бойынша суармалы алқаптарды қалпына келтірудің жол картасы 6 бағытта әзірленді. Жол картасының аясында негізгі жұмыстар 2019 жылы басталды. Соның нәтижесінде 2025 жылға дейін 124 мың гектар алқапты қалпына келтіру көзделіп отыр.

Н. Нұржігітовтың айтуынша, бұл ретте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және «Қазсушар» кәсіпорынының бастамасымен іске асырылып отырған суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстарына шаруашылықтар алғысын білдіруде. 

Атап айтқанда жол картасының 1 және 2 бағыттары бойынша «Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы» жалпы құны 26 млрд теңгені құрайтын 264 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы 54 мың га суармалы алқапты қалпына келтіру көзделген. Бүгінде 9 млрд тг қаражат игеріліп, 15 мың га алқап қайта айналымға қосылды.

«Халықаралық қайта құру және даму банкі» арқылы «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының – 2 фазасы» (ПУИД-2) бағдарламасы бойынша облыста 15 мың гектар суармалы алқап қалпына келтіріледі. Бүгінгі күнге 5 млрд тг қаражат игеріліп, 10 мың га алқап қайта айналымға қосылды.

Сондай-ақ 2020-2021 жылдар аралығында жол картасының 3 бағытында жоспарланған жұмыстарға жергілікті бюджеттен 1,1 млрд теңге қаржы қарастырылды. Нәтижесінде ұзындығы 375 шақырымды құрайтын 81 каналға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 23 мың гектар алқап қалпына келтірілді. 

Сонымен қатар жол картасының 4 бағыты бойынша 2022-2025 жылдар аралығында жергілікті бюджеттен 6,4 млрд теңге қарастырып, республикалық меншіктегі су жүйелерін коммуналдық меншікке ала отырып 21 мың гектар алқап бекітілген 157 каналға қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. 

«Одан бөлек, 5 бағыт бойынша «Жасыл Қазақстан» бағдарламасы аясында 2022-2025 жылдары облыс бойынша ұзындығы 1000 шақырымды құрайтын 34 мың гектар алқап бекітілген 136 су шаруашылығы нысанында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі», — деді Жамбыл облысының әкімі. 

Облыста суды тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологиялары 2021 жылы 40,5 мың гектарға ендірілсе, 2022 жылы 50 мың гектарға жеткізілді.

Бір жылдық вегетациялық кезеңге қажетті ағын су көздерімен көлемі есептеліп, облыстың су балансы жасалды. 

Мәселен, 179 мың гектар алқапты толық сумен қамту қажеттілігі 1,6 млрд м3 құрайды. Барлық су көздерін қоса алғанда, жетіспейтін көлем – 327 млн м3.

Осыған байланысты өңірде жыл сайын туындайтын су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жаңа 6 су қоймасының құрылысын жүргізу жоспарланған. 

«Бұл ретте жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Андас – 1,2,3» су қоймаларының құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстарына 1,8 млрд теңге қарастырылуда. Ал, Қордай ауданындағы «Ырғайты», «Қалғұтты» және Талас ауданындағы «Ақмола» жаңа су қоймаларының құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеуге 276 млн теңге қаражат бөлінді», — деді Н. Нұржігітов.

Жол картасының 6 бағыты аясында қосымша су көздері арқылы қамту көзделген. Бұл ретте ғылыми-зерттеу институттарымен жерасты суының жағдайы зерделенді.

Әкімнің айтуынша, облыста жалпы жерасты суының көлемі 1,7 млрд м3 құрайды, оның ішінде тәулігіне қайта қалпына келетін 4,4 млн м3 құрайтын су қоры бар. Бұл ретте 120 күн вегетациялық кезеңде 535 млн м3 су көлемін пайдалануға болады. 

Осыған байланысты, су тапшылығы бар аудандар жер асты суының потенциалын толығымен пайдалану мақсатында 2022-2024 жылдары 646 ұңғыма қазу қолға алынып отыр. 

Бүгінге облыста жаңа 71 ұңғыма қазылып, 3,1 мың гектар алқап сумен қамтылуда. 

Облыс көлемінде жер көлемі 50 гектардан төмен ұсақ шаруашылықтардың саны – 14,5 мың немесе 80 пайыз. Қазылған ұңғыманың бағасы ұсақ шаруаларға ауыртпалық туғызуда. 

Қызылорда облысының әкімі Н. Нәлібаев Сырдария арнасына үлкен көлемде су берудің арқасында көлдердің көпшілігі 75 пайызға дейін толтырылғанын атап өтті.

Бұл өз кезегінде табиғи мал азығымен қамтылу деңгейін жақсартты.

Су аздығына байланысты, биыл егіс көлемі 2,5 мың гектарға қысқарып, 185,6 мың гектарға орналастырылуда. Ал, күріш егісінің көлемі биыл 5,2 мың гектарға қысқартылды. 

«Бүгінгі күнге мал азығын және майлы дақылдар егу жұмыстары толық аяқталды. Негізгі дақыл – күріштің 83 пайызы егілді», — деді өңір басшысы.

Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлініп, ұзындығы 1034 шақырым болатын 162 канал тазартылды, 156 дана насос қондырғылары сатып алынуда, 52 ұңғыманы бұрғылау, 322 гидротехникалық құрылысты жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы (тамшылатып және жаңбырлатып) 565 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп жатыр. 

«Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясында Шардара су қоймасына вегетация кезеңінде 3,9 млрд м3 судың түсуі келісілген. Осыған байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен Шардара су қоймасынан судың түсуін 5 маусымға дейін секундына 550 м3, маусым-қыркүйек айларында 500 м3 көлемде келісіліп, бірлесіп жұмыс жасалатын болады», — деп түйіндеді әкім.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу