ҚР экономикасын дамыту перспективалары ұлттық экономиканы, бәсекелестікті нығайтуға және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталған — Ә. Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобалары, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған нысаналы трансферт бөлу туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасы қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.

Еліміздің 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы әлемдік және еліміздің экономикасының түрлі даму сценарийлеріне сәйкес мынадай параметрлер ескеріле отырып қалыптастырылды:

  • 2020 жылғы жалпы ішкі өнім бойынша есептік статистикалық деректерді және осы жылдың қаңтар-шілде айларындағы экономиканы дамыту қорытындылары;
  • Халықаралық қаржы ұйымдарының жаңартылған болжамдары бойынша әлемдік экономиканың өсуі 2022 жылы 4,9%-ға, 2023 жылы 3,5%-ға күтілуде;
  • Халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамы бойынша 2022 жылы мұнай бағасының баррелі $64,5, ал, 2023 жылы $58 деңгейінде болады.

Сыртқы және ішкі жағдайларға байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған базалық, оптимистік және пессимистік сценарийлері әзірленді. 

Базалық сценарий кезінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі 4,8%, оптимистік 5% және пессимистік 4,6% құрайды.

Негіз ретінде, бюджетті жоспарлау үшін базалық сценарийді пайдалану ұсынылады.

«Осы сценарий кезінде 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,9% деңгейінде болжануда. 2026 жылы 5,2% дейін жеделдейді. 2022 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 87,1 трлн теңгені, ал 2026 жылы 119,9 трлн теңгені құрайды. Барлық базалық салаларда оң өсім күтілуде. 2022 жылы мұнай өндіру 87,9 млн тоннаны құрап, 2026 жылы 107,4 млн тоннаға дейін ұлғаяды. 2022 жылы тауарлар экспорты $60,1 млрд деңгейінде болжанып отыр және 2026 жылға қарай $79,8 млрд дейін ұлғаяды», — деді Ә. Ерғалиев.

Тауарлар импорты 2022 жылы $40,8 млрд-тан 2026 жылы $43,4 млрд дейін ұлғаяды. Сауда балансының сальдосы $19,3 млрд-тан $36,4 млрд дейін өседі.

Осы макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, бюджеттік параметрлердің келесі болжамы әзірленді.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы болжамдар бойынша 9,2 трлн теңгені, 2023 жылы 9,7 трлн теңгені, 2024 жылы 10,4 трлн теңгені құрайды. Кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы 2,4 трлн теңге, 2023 жылы 2,2 трлн теңге және 2024 жылы 2 трлн теңге мөлшерінде айқындап, әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағыттау ұсынылып отыр. 

«Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы әзірленіп, қарауға енгізіліп отыр. Бұдан басқа, Ұлттық қордан 2022 жылы 550 млрд теңге мөлшерінде, 2023-2024 жылдары жыл сайын 400 млрд теңгеден нысаналы трансферт тарту ұсынылады. Жалпы ішкі өнімге байланысты 2022 жылы бюджет тапшылығы 3,3% деңгейінде болжанса, келешекте 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,5% дейін төмендеу болжанып отыр», — деді ұлттық экономика министрі. 

2022 жылы мұнайлы емес тапшылық жалпы ішкі өнімге байланысты 8,1% құрап, 2024 жылы ЖІӨ-ге қатысты 6,3% дейін төмендейді.

Республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 15,9 трлн теңге, 2023 жылы 15,6 трлн теңге және 2024 жылы 16 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. Мұнай бағасы барреліне $60 болған кезде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер болжам бойынша 2022 жылы 2,5 трлн теңгеден 2024 жылы 3 трлн теңгеге дейін өседі. Жоспарланған трансферттерді ескере отырып, болжам бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері 2022 жылы $55,3 млрд-тан 2024 жылы $61,6 млрд дейін өседі.

Ә. Ерғалиевтің айтуынша, Елбасының стратегиялық бастамаларына қол жеткізу, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында, сондай-ақ жалпыұлттық басымдықтарға сәйкес, еліміздің 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы әзірленді.

«Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында экономиканың тұрақты және сапалы өсуін қамтамасыз ету үшін ортамезімді экономикалық саясат шеңберінде, келесі шаралар қабылданатын болады: макроэкономикалық көрсеткіштерді тұрақтандыру, жаңа инвестициялық циклды қалыптастыру, өңірлердің теңгерімді дамуы, экономиканы әртараптандыру, бизнес-ахуалды жақсарту, цифрлық экономика, адами капиталды және мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін дамыту», — деп түйіндеді Ә. Ерғалиев.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев сыртқы жағдайлардың жақсаруы, қолданыстағы фискалдық ынталандыру және өткен жылдың төмен базасы аясында ұлттық экономиканы қалпына келтіру жалғасып жатқанын атап өтті.

«Әлемдік экономиканың бұдан былайғы даму қарқыны коронавирустың дельта штаммының таралу тәуекелдеріне және дамушы елдердегі вакцинацияның төмен қарқынына байланысты болып отыр. Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларының арқасында Қазақстан экономикасы қалпына келуін жалғастыруда және биылғы жылдың 7 айында 2,7%-ға өсті. Осы жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық банк ішкі жалпы өнімнің 3,7%-ға өсуімен дағдарысқа дейінгі деңгейге қайта оралуды күтуде», — деді Е. Досаев.

Үкімет пен Ұлттық Банктің макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен шараларын іске асыру Қазақстан экономикасындағы оң өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік берді, оны халықаралық рейтингтік агенттіктер растап отыр. Қазақстанның тәуелсіз рейтингі Moody's агенттігі тарапынан 2006 жылдан бастап алғаш рет «Baa2» деңгейіне дейін көтерілді, сондай-ақ Fitch агенттігі тарапынан «BBB» деңгейінде расталды, екі жағдайда да тұрақты болжамға ие болды. 

«Жоғарыда айтылғандар негізінде Ұлттық банк әлеуметтік-экономикалық дамудың 2022-2026 жылдарға арналған болжамы үшін негізгі ақша-кредит саясаты және төлем балансы көрсеткіштерінің болжамын жаңартты», — деді Ұлттық банк басшысы.

Ұлттық Банктің бағалауы бойынша жоғары сыртқы инфляциялық аясын ескере отырып, ұсыныс жағынан сақталып отырған ішкі теңгерімсіздіктер, сондай-ақ жалғасқан фискалдық ынталандыру шаралары шеңберінде инфляция 2021 жылдың соңына таман 6-7% дәлізінде күтіледі. Биылғы қыркүйекте ұсынылатын кезекті болжамды раундтың қорытындысы бойынша инфляцияны бағалау нақтыланатын болады.

Мемлекет басшысының шілдедегі тапсырмасына сәйкес Үкіметпен бірлесіп инфляцияға қарсы ден қою шараларының топтамасын іске асыру жұмысы белсенді түрде жүргізілуде. Жоғарыда көрсетілген шараларды табысты іске асыру Әлеуметтік-экономикалық дамудың 2022-2026 жылдарға арналған болжамына сәйкес инфляцияны 2022 жылы 4-6%-ға дейін, 2023-2024 жылдары 4-5%-ға дейін, 2025-2026 жылдары 3-4%-ға дейін төмендетудің қажетті шарты болып табылады. Бұл таргеттер Ақша-несие саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясына сәйкес келеді.

Е. Досаев атап өткендей, Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының мақсаттарына сәйкес шикізатқа жатпайтын экспортты ұлғайту және импортқа тәуелділікті төмендету болжамды кезең ішінде төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығын қысқартуға және 2026 жылы ішкі жалпы өнімге (+)1,9%-ға дейін профицит аймағына ауысуға ықпал ететін болады.

«Тауарлар экспортының 2026 жылы $80 млрд дейін кезең-кезеңмен өсуі күтілуде. Мұнай экспортының өсуі 2023 жылдың ортасынан бастап мұнай өндіру көлемінің ұлғаюымен қамтамасыз етілетін болады. Әлемдік сұраныстың біртіндеп қалпына келуі, металл бағасының болжамды өсуі және шикізатқа жатпайтын экспортты ұлғайту салдарынан мұнайға жатпайтын экспорт өседі», — деді Ұлттық банк басшысы.

Тауарлар импорты халық пен бизнестің төлем жасауға қабілетті сұранысының өсуіне, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты қалыпты деңгейді ұстап отырады. Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған үшжақты келісім шеңберінде іске асырылатын импортқа тәуелділікті азайту жөніндегі шаралар 2026 жылы импорттың $43,4 млрд дейін қалыпты өсуіне ықпал ететін болады. 

Ұлттық банкпен бұрын келісілген тәсілге сәйкес Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферттер 2022 жылы берілетін 2,4 трлн теңгеден 2024 жылы 2 трлн теңгеге дейін қысқарады. 

Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына сәйкес экономиканың құлдырауы кезеңінде дағдарысқа қарсы бағдарламаларды, әлеуметтік маңызы бар жобаларды, стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың балама көздері болмаған кезде оларды қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша ғана Ұлттық қордан нысаналы трансферттер бөлінеді.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев заң жобасы бюджет заңнамасының соңғы өзгерістерін ескере отырып, еліміздің 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленгенін атап өтті. Бұл әрбір азаматтың әл-ауқатын жақсартуға және экономиканы біртіндеп қалпына келтіруге бағытталған.

«2022 жылы түсімдер осы жылдың жоспарымен салыстырғанда 431 млрд теңгеге ұлғая отырып, 13 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Мұнайлы емес түсімдер 1,8 трлн теңгеге немесе 25,1%-ға ұлғаюмен қарастырылды. Мұнайдан түсетін түсімдерді біртіндеп Ұлттық қордың қаражатын жинақтау режиміне оралуға байланысты 1,3 трлн теңгеге төмендету қарастырылған. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт келесі жылға 2,4 трлн теңге мөлшерінде анықталды, ол біртіндеп 2024 жылы 2 трлн теңгеге дейін төмендейді. Соның нәтижесінде мұнайлы емес түсімдердің үлесі осы жылы 56,4%-дан 2024 жылы 71,4%-ға дейін өсетін болады», — деді қаржы министрі.

Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 9,2 трлн теңгені, 2023 жылы – 9,7 трлн теңгені, 2024 жылы – 10,4 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,3%-інен кезең-кезеңмен 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-іне дейін төмендеуімен жоспарланған. Бұл ретте мұнайлы емес тапшылық көрсетілген кезеңде жалпы ішкі өнімнің 8,1%-нен 6,3%-ке дейін төмендейді.

Шығыстар орта мерзімді кезеңге Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтарын ескере отырып, қалыптастырылды. 2022 жылы шығыстар осы жылдың жоспарынан 577 млрд теңгеге ұлғая отырып, 15,9 трлн теңгені құрайды. Бюджеттің ағымдағы шығыстары келесі жылға 14,9 трлн теңге деңгейінде анықталды. Даму бюджетінің көлемі 2022 жылы 1 трлн теңге сомасында жоспарланып отыр.

Е. Жамаубаев атап өткендей, бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Шығыстар құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50%-ті құрайды. Осылайша, 2022 жылы әлеуметтік салаға 2021 жылдың бюджетіне қарағанда 515 млрд теңгеге өсіммен, 8 трлн теңге көлемінде жоспарланды.

«Шығыстардың өсуі жыл сайынғы индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентінің ұлғаюына, сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақыларының көтерілуіне байланысты болды. Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2022 жылға 2 трлн теңге көзделді. Осы қаражат шеңберінде “Нұрлы жол”, “Нұрлы жер”, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, “Бизнестің жол картасы – 2025”, индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары мен басқа да бағдарламаларды іске асыру жалғасатын болады», — деді қаржы министрі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі өзгерістерді, сондай-ақ Жалпыұлттық басымдықтарды ескере отырып, қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2022 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 4,5 трлн теңге бөлінетін болады, бұл жалпы бюджет шығыстарының 28,3%-ін құрайды. Оның ішінде ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде 1,8 трлн теңге, даму трансферттері түрінде 630 млрд теңге көзделді.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Қазақстан Республикасы экономикасының даму болжамы жаһандық факторлар мен ішкі ахуалды ескере отырып қалыптастырылғанын атап өтті.

«2022-2026 жылдарға арналған макроэкономикалық болжамға сәйкес еліміздің жалпы ішкі өнімінің нақты орташа жылдық өсу қарқыны 4,8%-ды құрайды. Мысалы, жалпы ішкі өнім 2022 жылы номиналды түрде 8,4%-ға өссе, республикалық бюджеттің салық кірістері 29%-ға өсетін болады. Бұл орта мерзімді кезеңде Ұлттық қордан тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді», — деді Ә. Смайылов.

Соның нәтижесінде Ұлттық қордан берілетін трансферттер көлемі 2022 жылы 1,6 трлн теңгеге, 2023 жылы 350 млрд теңгеге, 2024 жылы 200 млрд теңгеге азайтыла отырып, тартылатын болады.

Ә. Смайыловтың айтуынша, бюджет жобасы теңгерімделген және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген жалпыұлттық басымдықтар мен міндеттерге сәйкес келеді.

«Барлық әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалатын болады. Бұл ретте бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану қажет. Жалпы алғанда, Қазақстан экономикасының орта мерзімді кезеңдегі даму перспективалары ұлттық экономиканы нығайтуға, бәсекелестікті дамытуға және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталған», — деп түйіндеді Ә. Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу