ҚР Қаржы министрлігі: Биылғы наурыз айында банкроттыққа өтініштерді қабылдау басталады

Бүгін, 11 қаңтарда, ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан халқының шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар талқыланды. Мәселе бойынша қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова баяндама жасады.

Қаржы министрінің айтуныша, халықтың шектен тыс кредит алуын реттеуге қатысты министрлік келесідей жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруда.

Атап айтқанда, өткен жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға қол қойылды. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды. 3 наурыздан бастап банкроттық туралы өтініштерді қабылдау басталады. 

Халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңда 3 түрлі рәсім көзделген.

Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.

Нақты келесі шарттар сақталуы қажет:

1) борыш 5,5 млн теңгеден аспайды;

2) кредит 12 ай бойы өтелмеген болса;

3) меншігінде тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда;

4) банкпен реттеу жүргізілгеннен кейін. 

Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 6 ай ішінде және берешегі 5 жылдан артық өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар көзделген.

Соттан тыс банкроттық «электрондық үкімет» порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің критерийлерге сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізілетін болады. 

Екінші рәсім – сот банкроттығы. Сот банкроттығының мақсаты банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру болып табылады. Бұл рәсімді қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына жұмыс істеп тұрған әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері мен аудиторлар кіреді.

Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігі көзделеді. Оның артықшылығы – азамат «банкрот» деп саналмайды. Демек, банкрот үшін көзделген салдарлар оған қолданылмайды. 

Өз кезегінде банкроттықтың салдарлары мыналар болып табылады:

1) 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу;

2) банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдану мүмкіндігі;

3) 3 жыл бойында қаржы жағдайының мониторингі.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуныша, қазір ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар жүргізілуде. 

Бірінші. Бұқаралық ақпарат құралдарында және қызмет көрсету орталықтарында ақпараттық сүйемелдеу ұйымдастырылуда. Тиісті ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Министрліктің және оның ведомстволарының сайттарында түсіндірмелер орналастырылуда, СМС-ескертулер таратылуда.

Азаматтар қызмет көрсету орталықтары арқылы кеңес алады. «Азаматтарға арналған үкімет» байланыс орталықтары және Мемлекеттік кірістер комитеті арқылы түсіндірулер ұйымдастырылуда.

«Әкімдіктер де мемлекеттік органдардың өңірлік бөлімшелері, банктер, халыққа қызмет көрсету орталықтары және халықты жұмыспен қамту орталықтары басшыларының қатысуымен азаматтардың банкроттық рәсімдерін ұйымдастыру бойынша кеңестер өткізілуде», — деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. 

Екінші. Мемлекеттік кірістер басқармаларының қызметкерлерін оқыту жүргізілуде.

Күн сайын «Азаматтарға арналған үкімет» және Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлерімен бірге онлайн-конференциялар өткізіледі, онда заң нормалары түсіндірілуде, сондай-ақ азаматтардан келіп түсетін проблемалық мәселелер талқылануда. 

Үшінші. Ақпараттық жүйені әзірлеу басталды. Ақпараттық жүйенің прототипі әзірленді, оны тестілеу және пысықтау жүргізілуде. Оны енгізу қорытындысы бойынша басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграция жүзеге асырылатын болады.

«Аталған шараларды сәтті жүзеге асыру үшін басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен үйлесімді жұмыс істеу қажет», — деді министр.

Әрі қарай тақырып бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова баяндама жасады. 

«Үкіметтің 2022 жылғы 12 желтоқсандағы кеңейтілген отырысы барысында Мемлекет басшысы шамадан тыс тұтынушылық кредит беруді шектеу және кепілсіз онлайн-микрокредит беруді барынша қатаң реттеу қажеттілігі туралы атап өтті», — деді Мәдина Әбілқасымова.

Оның айтуынша, 2022 жылғы 11 айда банктердің жеке тұлғаларға кредиттері 29,4%-ға 13,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Оның ішінде тұтынушылық кредиттердің көлемі 24,1%-ға 7,6 трлн теңгеге дейін өсті, қарыз алушылардың жалпы саны 6 868 мың адамды құрады.

90 күннен астам мерзімі өткен кредиттердің үлесі 5,6%-ды немесе 461 млрд теңгені құрады. 90 күннен астам мерзімі өткен қарыз алушылар саны жыл басынан бері 121 мың адамға ұлғайып, 536 мың адамды құрады.

2022 жылғы 11 айда микрокредиттердің көлемі 42,7%-ға 979 млрд теңгеге дейін өсті, қарыз алушылардың жалпы саны 1 528 мың адамды құрады.

90 күннен астам мерзімі өткен микрокредиттердің үлесі 8,0%-ды немесе 76 млрд теңгені құрады. 90 күннен астам мерзімі өткен қарыз алушылар саны жыл басынан бері 115 мың адамға төмендеп, 257 мың адамды құрады.

«Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту үшін тұтынушылық кредит беруді реттеуді қатаңдату жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда», — деді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы.

1) Азаматтардың тұтынушылық кредиттер бойынша проблемалық берешегінің өсуін шектеу үшін 2022 жылғы қаңтардан бастап жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары мен микрокредиттері бойынша сыйақы есептеуге заңнамалық түрде тыйым салынды. Осыған дейін 90 күннен астам мерзімі өткеннен кейін айыппұлдар мен өсімпұлды есептеуге заңнамалық түрде тыйым салынды.

2) Тұтынушылық микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін шектеу жөнінде реттеушілік шаралар қабылданды. Нәтижесінде өткен жылы 45 күнге 50 айлық есептік көрсеткішке дейін кепілсіз микрокредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемесі 30%-дан 20%-ға дейін төмендетілді.

Бұдан басқа, микроқаржы ұйымдарына тексерулер жүргізілді, олардың нәтижелері бойынша реттеушілік талаптарды сақтамағаны үшін 23 микроқаржы ұйымының лицензиясы қайтарып алынды.

3) Төлемге қабілетсіз қарыз алушыларға тұтынушылық кредиттер беруді шектеу үшін 2020 жылдан бастап қарыз алушылардың борыш жүктемесінің коэффициенті қарыз алушының жиынтық кірісінің 50%-ы деңгейінде белгіленді.

Сондай-ақ кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынды.

«2022 жылы борыш жүктемесі коэффициенті пруденциялық норматив ретінде белгіленді және оны банктер мен микроқаржы ұйымдары міндетті түрде сақтауға тиіс», — деді Мәдина Әбілқасымова.

Сонымен бірге қарыз алушының кірісін есептеу күшейтілді. Мәселен, расталған кірістер тізбесі 18-ден 12 өлшемшартқа дейін қысқартылды.

2022 жылы борыш жүктемесі нормативін есептеу бойынша талап берілетін микрокредит сомасына қарамастан, жеке тұлғалардың барлық микрокредиттері бойынша белгіленді. Ал бұрын бір ең төменгі жалақыдан аз сомаға микрокредиттер берген кезде борыш жүктемесі коэффициенті есептелмеді. 

4) Тұтынушылық кредит берудің шамадан тыс өсуіне жол бермеу үшін банктер мен микроқаржы ұйымдарын пруденциялық реттеу шаралары қатаңдатылды. 

Мәселен, банктердің 2 млн теңдеген астам ірі тұтынушылық кредиттер беруін шектеу үшін 2022 жылғы қазанда осындай кредиттер бойынша тәуекел-саралау коэффициенттері 150%-дан 350%-ға дейін көтерілді.

Сонымен қатар микроқаржы ұйымының меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициентін есептеу кезінде кепілсіз онлайн микрокредит беру нарығын бәсеңдету мақсатында тұтынушылық микрокредиттерді саралау 5 есе ұлғайды.

5) Микроқаржы ұйымдары беретін проблемалық тұтынушылық микрокредиттердің деңгейін азайту үшін өткен жылғы желтоқсанда 90 күннен астам мерзімі өткен микрокредиттердің үлесі бойынша 20%-дан аспайтын деңгейде лимит енгізілді. Лимиттен асып кету меншікті капиталдың жеткіліктілігі нормативін сақтамау болып табылады және салдарынан микроқаржылық қызметке берілген лицензия қайтарып алынады.

6) 2021 жылғы қазаннан бастап проблемалық берешекті сотқа дейінгі реттеудің бірыңғай тәртібі енгізілді, онда банктердің және микроқаржы ұйымдарының қарыз алушылардың мерзімі өткен қарызды қайта құрылымдауға өтініштерін қараудың міндетті рәсімі көзделген. Борышкерлердің құқықтарын қорғау үшін қарыз алушының қайта құрылымдау шарттары бойынша кредитормен келісімге келмеген жағдайда Агенттікке өтініш жасау құқығы көзделген.

Сотқа дейінгі реттеудің бірыңғай тәртібі шеңберінде қарыз алушылардың қарыздарды қайта құрылымдау құқықтарын қамтамасыз ету үшін өткен жылғы наурызда агенттік жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеу бойынша жеке жоспарларды талап етті. Бұл жоспарлар шеңберінде банктер мен микроқаржы ұйымдары өз қаражаты есебінен проблемалық қарыздарды қайта құрылымдау, оның ішінде сыйақы мөлшерлемелерін азайту, төлемдер кестесін қайта қарау, проблемалық берешекті толық не ішінара есептен шығару бойынша іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлауда.

«Жеке жоспарлар шеңберінде банктердің борыш сомасы 329 млрд теңгені құрайтын 633 мың қарыз алушыны қамтуы, микроқаржы ұйымдарының борыш сомасы 35 млрд теңгені құрайтын 568 мың қарыз алушыны қамтуы жоспарлануда», — деді Мәдина Әбілқасымова. 

Агенттік төрағасының айтуынша, 2022 жылғы желтоқсанның соңында банктер 127 млрд теңгеге 267 мың азаматтың, микроқаржы ұйымдары 27,5 млрд теңгеге 388 мың азаматтың кредитін реттеді.

2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Агенттік кепілсіз тұтынушылық кредит беруді реттеу бойынша қосымша жүйелі шаралар әзірлейтін болады.

Біріншіден, борыш жүктемесін шектеу үшін банктердің жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мәнін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіледі. Мәселен, халықаралық тәжірибеге сәйкес жылдық тиімді мөлшерлеме пайыздық маржа, тәуекел үшін сыйлықақы, операциялық шығыстар және қорландыру құны сияқты нарықтық факторларға байланысты белгіленеді.

Тұтынушылық кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің төрелігін жою үшін микроқаржы ұйымдарының тұтынушылық микрокредиттері бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелерін реттеу қосымша қатаңдатылады.

Екіншіден, күнтізбелік 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға кепілсіз тұтынушылық қарыздар мен микрокредиттер беруге шектеулер енгізіледі. Бұл шара төлем жасауға қабілетсіз қарыз алушыларға жаңа кредиттер беруді және борыш жүктемесінің өсуін шектейді.

Үшіншіден, қарыз алушыларды коллекторлардың жосықсыз іс-әрекеттерінен қорғау үшін биыл банктер мен микроқаржы ұйымдарының жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешекті реттеу рәсімдері жүргізілмеген кредиттерін сатуына қатысты заңнамалық шектеулерді енгізу пысықталады. Сондай-ақ азаматтардың сатып алынған кредиттері бойынша коллекторлардың берешекті реттеу рәсімдерін жүргізуі бойынша заңнамалық талапты енгізу жоспарлануда. 

Төртіншіден, коллекторлық қызметті реттеуді қатаңдату үшін нарық субъектілеріне әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін 2 есе (300 айлық есептік көрсеткіштен 600 айлық есептік көрсеткішке дейін) арттыруды, сондай-ақ коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің дербес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін енгізуді көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленді. 2022 жылғы қарашада Үкіметке тиісті түзетулер енгізілді және олар бойынша белгіленген тәртіппен келісу рәсімдері жүргізілуде.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу