ҚР МСМ: Қазақстандық мәдениетті шетелде танытуға тарихи тұлғалар туралы фильмдер көмектеседі

«Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 90 қадамын орындау аясында ел тарихы мен мәдениеті, танымал қайраткерлер мен тарихи тұлғалар туралы баяндайтын кино- және тележобалар сериясын әзірлеу бойынша «Мәңгілік Ел» кешенді жоспары іске асырылып жатыр. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз конференциясында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы хабарлады.

Тәуелсіздіктің мерейтойына орай 26 кинокартина таныстырылды. Бүгінгі таңда 28 көркем және деректі фильмдер өндіріс үстінде, олардың қатарында «Көшбасшы жолы. Астана» эпопеясының жалғасы, «Томирис», «Сұлтан Бейбарыс», «Әміре әндері» фильмдері, «Қазақ елі - 2» секілді тарихи жобалар және т. б. бар.

А. Мұхамедиұлы алдағы уақытта өтетін «Әміре әндері» фильмінің тұсаукесері туралы айта отырып, Әміре Қашаубаев туралы қазақстандық-америкалық картинаның барлық заңдық аспектілері шешілгенін, және бір айдан кейін көптен күткен премьера өтетінін хабарлады.

Фильмнің шетелдік прокатқа шыққанына дейін, оны халықаралық байқауларға қатыстыру керек. Ілгерілетудің тетігі осындай, сол себепті де бірнеше ірі халықаралық кинофестивальдарға қатысуға өтінім берілді.

«Әміренің Франциядағы Дүниежүзілік музыкалық байқауда қазақтардың вокалдық-орындаушылық өнері мен ұлттық аспабымыз – домбыраны әлемге алғаш рет таныстыруын, тұлғаның өміріндегі осындай маңызды оқиғаны көрсету бізге өте маңызды болды. Әміре сол кезде күміс медаль иесі болып, ІІ орын алған болатын. Одан кейін ол Берлин көрмесіне қатысты. Дегенмен, бұл туралы ешқандай ресми дерек жоқ. Біз оның төлқұжатын таптық, онда әншінің Берлинге баруы туралы виза тұр», - деді А. Мұхамедиұлы.

«Әміре әндері» фильмі шетелдік көрерменге бағдарланған. Фильм драма теноры Әміре Қашаубаевтың жарқын, алайда қысқа әрі жұмбақ күйде үзілген өмірін баяндайды. Басты рөлді қазақстандық әртіс Санжар Мәдиев сомдады. Фильм 2016 жылғы жазда Латвия мен Қазақстанда түсірілді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу