ҚР Премьер-Министрі А. Мамин ЕО елшілерімен кездесу өткізді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстанның Еуропалық Одақпен инвестициялық ынтымақтастығы жөніндегі диалогтың 6-отырысын өткізді.

Үкімет басшысы ҚР экономикасын дамыту, іскерлік ахуалды жақсарту, инвестиция тартудың жаңа тәсілдерін қабылдау және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Премьер-Министр Үкімет қабылдап жатқан дағдарысқа қарсы шаралардың нәтижесінде осы жылдың басынан бері Moody's, Fitch және Standard&Poor's жетекші рейтингтік агенттіктері пандемияға дейінгі рейтингтерін растағанын және 3,2-3,8% шегінде Қазақстан экономикасының дамуына оң болжамдар бергенін атап өтті.

Сондай-ақ Үкімет басшысы «Мұра қоры» америкалық зерттеу орталығының (Heritage Foundation) 2021 жылғы Экономикалық еркіндік индексі бойынша елдер рейтингінің наурыз айындағы жаңартылуында Қазақстан өз көрсеткіштерін 5 позицияға жақсартып, 178-ден 34-орынға ие болғанын атап өтті (2019 жылы – 59 орын, 2020 жылы – 39 орын). 

Оң динамика фискалдық тұрақтылық, мемлекеттік шығындардың, сот жүйесінің тиімділігі секілді көрсеткіштер бойынша байқалды. Институционалдық орта сапасын арттыру факторларының арасында инвестициялар, еңбек қатынастары және қаржы секторының еркіндігі аталған.

«Біз Қазақстанның инвестициялық ахуалы неғұрлым қолайлы елдердің бірі ретіндегі мәртебесін одан әрі арттыру үшін осы серпінді дамытуға ниеттіміз», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр Еуропалық Одақ елшілерін Қазақстанның ЕО-мен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын дамытуға жәрдемдесу бойынша одан әрі ашық және белсенді диалог орнатуға шақырды.

Өз кезегінде, отырыста сөз сөйлеген ЕО елшісі Свен-Олов Карлссон, Италия елшісі Паскаль Д'Авино, Австрия елшісі Вилли Кемпель және Португалияның ҚР-дағы уақытша сенімді өкілі Аделина Вийейра Да Кунья Да Силва Қазақстанның инвестициялық ахуалды жақсартудағы, бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасаудағы елеулі прогресін, сондай-ақ ЕО-ның ҚР-мен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға мүдделі екенін атап өтті.

Тараптар пандемия салдарын еңсеру және экономиканы қалпына келтіру мәселелері бойынша Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығының перспективаларын талқылады.

Ұлттық және халықаралық деңгейде іскерлік ахуалды одан әрі жетілдіру, медицина саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту, шетелдік заңды тұлғаларға қатысты салықтық әкімшілендіруді жақсарту, сот және соттан тыс тетіктер (төрелік) арқылы шетелдік компаниялардың қатысуымен дауларды реттеу мәселелері қаралды.

ЕО қаржы институттарымен ынтымақтастықты дамытуда және еуропалық компаниялардың инвестицияларын тартуда АХҚО әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінді.

Кездесуге ҚР Үкіметінің мүшелері, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басшылығы, ҚР Жоғарғы сотының өкілдері, Еуропалық Одақтың, Германия, Румыния, Польша, Бельгия, Италия, Словакия, Испания, Литва, Хорватия, Грекия, Болгария, Венгрия, Франция, Австрия, Латвия, Чехия елшілері, Португалия, Нидерланды, Финляндия, Эстония және т. б. өкілдері қатысты.

ЕО — Қазақстанның негізгі инвесторларының бірі және ірі сауда серіктесі. 2020 жылы тауар айналымы $23,6 млрд құрады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу