ҚР Премьер-Министрі А. Мамин кәсіпкерлік мәселесі бойынша Жобалық кеңсе отырысын өткізді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Жобалық кеңсенің кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі отырысын өткізді. 

Өңірлердің экономикалық картасын әзірлеу, «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын іске асыру, жеңілдікпен несиелендірудің басқа да бағдарламаларына мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс барысы, мемлекеттік органдардың, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту мәселелері қаралды.

Отырысқа Үкімет мүшелері, ҚР Президент Әкімшілігінің өкілдері, өңірлердің әкімдері, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Атамекен» ҰКП, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Даму» КДҚ», «Аграрлық несие корпорациясы», Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының басшылары және т. б. қатысты.

Үкімет басшысына өңірлердің өндірістік мамандануын айқындауға, өңірлер, салалар және нақты мемлекеттік бағдарламалар бөлінісінде мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне талдау жүргізуге мүмкіндік беретін өңірлердің Интерактивті экономикалық картасының жобасы таныстырылды.

Интерактивті экономикалық карта үшін барынша толық деректерді Қостанай, Қарағанды облыстарының және Шымкент қаласының әкімдіктері ұсынған, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы мәселені жеткілікті пысықтап жатқан жоқ.

«Өңірлердің интерактивтік экономикалық картасы 2021-2025 жылдарға арналған Өңірлік даму бағдарламаларын әзірлеу үшін негіз болуы тиіс. Кезең-кезеңмен деректерді өзектендіруді қамтамасыз ету қажет. Жобалық кеңсе әкімдіктер мен даму институттары үшін көрсеткіштердің түпкілікті тізбесін айқындауы қажет», — деді А. Мамин.

Ағымдағы жылғы 1 қазаннан бастап «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына түзетулердің 6-топтамасы күшіне енді, олар экономикалық белсенділікті қалпына келтіруде елеулі қолдау көрсетуге бағытталған. 

Мәселен, Қазақстанның Даму банкінің бағдарлама операторы ретінде қосылуы импортты алмастыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. «Даму» қорының кепілдіктерін қарау және беру мерзімдерін 25 жұмыс күнінен 15 жұмыс күніне дейін қысқарту көзделген. АӨК саласындағы жобалар үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның 50%-дан 85%-ға дейінгі мөлшерде кепілдік беру тетігі енгізілді.

Ағымдағы жылғы 19 қазандағы жағдай бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікті несиелендіру бағдарламасы бойынша 603 млрд теңге сомасына 2492 жоба мақұлданды, 364,5 млрд теңге сомасына 2192 жоба субсидияланды. Жаңа жобаларды пысықтау бойынша көш басында Алматы қаласы, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстары, ең төменгі көрсеткіштер Ақмола, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді.

Премьер-Министр Мемлекет басшысының бизнестің қарсы міндеттемелеріне цифрлық бақылауды енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес бір ай мерзімде заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесін пысықтауды тапсырды.

«Мемлекеттік қолдау барынша жоғары нәтиже алуға бағытталуы тиіс. Сондықтан бірінші кезекте, жұмыспен қамтуды сақтау, салықтар мен өндірілетін өнім көлемін ұлғайтуға қатысты бизнестің қарсы міндеттемелерін бақылау қажет», — деді А. Мамин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу