ҚР Премьер-Министрі А. Мамин «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ басшысы В. Алекперовпен Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыруды талқылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ президенті Вагит Алекперовпен кездесу өткізді.

Тараптар көмірсутек шикізатын барлау, өндіру және тасымалдау, сондай-ақ мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудың жай-күйі мен перспективасын талқылады.

ТШО-ның болашақ кеңейту жобасы мен Сағалық қысымды басқару жобасын іске асыруға, Қарашығанақ жобасын одан әрі дамытуға және «Каспий Құбыр Консорциумы» мұнай құбырындағы тар жерлерді жою мәселесіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ «Орталық», «Жеңіс» және «Әл-Фараби» («1-Р-2») жобаларын іске асыру мәселелері қаралды.

В. Алекперов Үкімет басшысына Алматы облысында 2019 жылы ашылған майлау материалдарын шығаратын зауыттың жұмысы туралы баяндады. Қазіргі уақытта кәсіпорында ай сайын 3,2 мың тоннаға дейін 700 атаулы дайын өнім өндіріледі. 2024 жылы 100 мың тонна жобалық қуатына шығуы жоспарланған.

А. Мамин «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ-тың заманауи экологиялық таза технологияларды қолдануын, денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі саласында жоғары стандарттарды сақтауын, сондай-ақ Қазақстанда әлеуметтік жобаларды іске асыруды қамтамасыз етуінің маңыздылығын атап өтті.

Кездесуге энергетика министрі Нұрлан Ноғаев және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев қатысты.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу