ҚР Премьер-Министрі А. Мамин мен Татарстан Президенті Р. Минниханов үш автомобиль жасау жобасын бастап берді

Бүгін Қостанай қаласында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Татарстан Президенті Рустам Минниханов келіссөз жүргізіп, Қазақстанда 261 млрд теңге инвестицияға үш бірлескен автомобиль жасау жобасын іске асыруды бастап берді, атап айтсақ: Қостанай Индустриялық аймағында «КАМАЗ» шойын құймасын және жүк техникасының белдігіне арналған құрамдас бөлшектер өндіру зауыттарын салу, сондай-ақ Қарағанды облысының Саран қаласында автомобиль шиналары өндірісін ашу.

Қостанай қаласында шойын құймасын және жүк техникасының белдігіне арналған компоненттерді өндіру зауыттарының құрылысына арнап тас қою рәсіміне РФ өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары А. Морозов, «КАМАЗ» ЖАҚ бас директоры С. Когогин және «АгромашХолдингKZ» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы А. Лаврентьев қатысты.

Бірлескен кәсіпорындардың жобалық қуаттылығы жылына 40 мың құйылған компонентті (цилиндр блоктары, цилиндр блоктарының бастиектері және жүк автомобильдеріне арналған белдік картерінің тұтас құйылған арқалықтары) және жүк автомобильдерінің жетекші белдігінің бас берілістерінің 86 мың редукторын құрайды. Инвестицияның жалпы көлемі — 150,7 млрд теңге. Шектес салаларды ескере отырып, шамамен 1 200 жаңа жұмыс орны құрылады. Өнімді жергіліктендіру деңгейі 60-70%-ға жетеді. Зауыттарды салуды 2023 жылы аяқтау көзделген.

Жобаларды іске асыру Қазақстанды ТМД нарығындағы жүк техникасын ірі өндіруші жеткізушілердің жаһандық технологиялық тізбегіне қосады — «КАМАЗ» ЖАҚ – өнімнің 95%-ы экспортталады.

А. Мамин мен Татарстан Президенті Р. Миннихановтың қатысуымен Қарағанды облысының әкімдігі мен «Татнефть» ЖАҚ арасында автомобиль шиналарын өндіру жобасын Қарағанды облысының Саран қаласында іске асыру туралы инвестициялық меморандумға қол қойылды.

Зауыттың өндірістік қуаттылығы жеңіл техникаға арналған 3 млн шина мен коммерциялық техника және автобустарға арналған 500 мың шинаны құрайды. Мұнда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 111 млрд теңгені құрайды. Жобаны 2022 жылы іске асыру жоспарланған.

ҚР Үкіметінің басшысы автомобиль жасау саласындағы жаңа жобалар Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның нақты практикалық кеңеюін айғақтайтынын атап өтті.

«Автомобиль жасау саласындағы өндіріс көлемі жыл басынан бері 51,8%-ға ұлғайды, негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,6 еседен астамға – 9,4 млрд теңгеге дейін артты», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысына ауыл шаруашылығы техникасын жинау және кәдеге жарату зауытын, сондай-ақ «КАМАЗ» инжиниринг орталығын ашудың бірлескен Қазақстан – Ресей жобалары таныстырылды.

Іс-шара аясында автомобиль жасауда бірлескен жобаларды іске асыру бойынша 8 келісімге, оның ішінде көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасына компоненттерді өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге, инвестициялық келісімшарттарға, қаржы лизингі, ұзақ мерзімді жеткізу шарттарына, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және машина жасау үшін кадрларды даярлау мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі А. Мамин ресейлік «КАМАЗ» және «Татнефть», өзбектің «UzAuto» компанияларының басшылығымен автомобиль жасау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту келешегін талқылады, сондай-ақ «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС қызметімен, оның ішінде өндіріске әзірленіп жатқан JAC автомобилінің жаңа үлгілерімен танысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу