ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Шардарада еліміздің балық саласын дамыту жөнінде семинар кеңес өткізді

Түркістан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан Республикасының балық саласын дамыту жөнінде семинар кеңес өткізді.

Еліміздің балық шаруашылығының қазіргі ахуалы мен даму перспективасы туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Қ. Исбеков, балық өсіру шаруашылықтарының басшылары: «KingFish» – М. Тұрсынәлі, «Қызылорда балық» – А. Ерхатов, «Хамит» – Б. Серманизов, «Шығыс универсал» – В. Асанов, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Е. Қарашөкеев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Қызылорда облысының әкімі Г. Әбдіқалықова, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек баяндады.

Балық саласы — ҚР ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі. 5 жыл ішінде отандық балық өндірісі 2016 жылғы 1800 тоннадан биыл жоспарланған 10 мың тоннаға дейін 5 еседен астам өсті.

Тек соңғы 8 айда ауланған және өндірілген балық көлемі 19%-дан астамға 26,3 мыңнан 31,3 мың тоннаға дейін ұлғайды. Балық өндірісінің көлемі 27%-ға 7,9 мың тоннаға дейін, балық аулау 16,4%-ға 23,4 мың тоннаға дейін өсті. Ішкі нарыққа балық өнімдерін жеткізу көлемі 8,7 мыңнан 10,5 мың тоннаға дейін (+20%) артты. Балықтың барлық көлемінің шамамен 60%-ы (20,8 мың тонна) экспортталады. Аталған салада 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Балық аулау және балық өсіру секторындағы инвестициялық жобалардың рентабельділігі 20%-дан асады. Өсірілетін балықтың негізгі көлемі — шамамен 70%-ы Түркістан облысына тиесілі.

Балық өнімдері өндірісін ынталандыру үшін балық өсіру шаруашылықтарына инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу (25%), балық азығына жұмсалған шығындардың құнын өтеу (30%) және басқа да шаралар енгізілді. Жыл соңына дейін Салық, Су, Жер кодекстеріне, бірқатар сабақтас заңдарға түзетулер топтамасы қабылданады, олар балық өсіру кезінде табиғи артықшылықтарды тиімді пайдалануға, балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды азайтуға және өсірілген балықтың өзіндік құнын төмендетуге жол ашады. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылғы 1 қарашаға дейін әрбір облыс нақты индикаторларымен балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлейді.

«Әзірленіп жатқан балық саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес Қазақстанда өндіріс әлеуеті жылына 600 мың тоннаны құрайды. Біздің бағалауымыз бойынша, экспорттың әлеуетті көлемі жыл сайын 300 мың тоннадан асады. Біз осы мүмкіндіктерді жеткілікті іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіспіз», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне Экология, геология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктерімен бірлесіп балық шаруашылығындағы кооперацияны ынталандыру шараларын қарастыруды тапсырды. 

Әкімдіктерге қалалар мен басқа да елді мекендерде балық және балық өнімдерін сататын сауда павильондарын қою мәселесін пысықтау тапсырылды.   

А. Мамин жұмыс сапары аясында «Хамит» және «Vita» балық өсіру шаруашылықтарына барып, Қазақстанның балық шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралады, сондай-ақ Шардара су қоймасы бөгетінің күрделі жөнделуімен және Шардара ГЭС-інің жаңғыртылуымен танысты.   

Мақтаарал ауданында Үкімет басшысы тұрғындармен кездесіп, Өргебас және Фирдоуси ауылдарындағы қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарының барысымен, сондай-ақ Мырзакент кентінде су тасқыны салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің 500 отбасына арналған жаңа шағын ауданның салынуымен танысты.   

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу