ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қырғыз делегациясымен келіссөздер қорытындысы бойынша мәлімдемесі

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қырғыз делегациясымен 2017 жылғы 18 қазандағы келіссөздердің қорытындысы бойынша мәлімдемесі

Жаңа ғана Қырғызстан Премьер-Министрі Сапар Исаков бастап келген құрамында 30-ға жуық өкілетті мүшесі бар ресми делегациямен келіссөздер аяқталды.

Бұл сапар қырғыз тарабының бастамасы бойынша телефон арқылы болған әңгіменің қорытындысы негізінде өтті. Келіссөз экономикалық мәселелер бойынша жан-жақты талқылаулармен басталды.

Біріншіден, біз екіжақты экономикалық байланыстардың өзекті мәселелерін талқыладық. Олар екі ел арасындағы шекара және көлік тасымалына, фитосанитарлық, ветеринарлық бақылауға қатысты болды.

Сондай-ақ, ЕАЭО нормаларына сәйкес кеден және салықтық реттеу мәселесі бойынша проблемалық мәселелер қаралды. Мысалы, біздің кеден органдары Қытайдан Қазақстан аумағы арқылы тауар алып өту барысында қырғыз кәсіпкерлерінің жалған декларация беру фактілерін анықтап отыр. Бұдан біз көптеген шығын шегудеміз.

Қырғыз тарабы қойылып отырған мәселелермен келісті. Қырғыз Премьер-Министрі Қырғызстан тарапынан міндеттемелердің барлығын бұлжытпай орындауға, сондай-ақ Еуразиялық Экономикалық Одақтың экономикалық мүдделерін қорғауға байланысты мәселелердің үйлесімді шешімдерін табуға кепілдік берді.

Екіншіден, келіссөздердің қорытындысы бойынша екі ел премьер-министрлерінің бірінші орынбасарларының төрағалығымен жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобы алдағы 5 жұмыс күні ішінде бірлескен Жол картасын дайындауы тиіс.

Жол картасы қабылданған соң тараптар келісімдердің толық орындалуын қамтамасыз етуге міндеттеме алады.

Сондай-ақ, біз осы жылғы 19 қазан күні сағат 00:00-ден бастап екі елдің мемлекеттік шекарасын, әсіресе, Қордай бекетінде, кесіп өтудің басым тәртібін қамтамасыз ететін болып келістік.

Келісім бойынша қол жүктерімен өтетін жеке тұлғалар, жолаушылар тасымалдайтын автокөліктер, жеңіл автокөліктер және бос жүк көліктері үшін мемлекеттік шекараны кесіп өтудің басым тәртібі қабылданады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу