ҚР Премьер-Министрі Орталық Азия елдерін сауда қатынастарын нығайтуға және кеңейтуге шақырды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматыда өтіп жатқан «COVID-тен тыс жерде – Орталық Азияны әділдік негізінде қалпына келтіру жолында» тақырыбындағы Тұрақты даму мақсаттары бойынша екінші өңірлік саммитте сөз сөйледі.

Іс-шараға Қырғызстан Үкіметінің басшысы Ақылбек Жапаров, Тәжікстан Үкіметінің басшысы Кохир Расулзода, Өзбекстан Үкіметінің басшысы Абдулла Арипов, Түрікменстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Мухамметгулы Мухаммедов, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Уша Рао-Монари ханым, сондай-ақ халықаралық сарапшылар, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық топтардың және азаматтық қоғам өкілдері қатысып жатыр.

Әлихан Смайылов саммитке қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде өңірлік ынтымақтастықтың әрқашан Қазақстанның басымдықтарының бірі болғанын атап өтті. Қазіргі уақытта өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда бірлескен жобалар табысты іске асырылып жатыр. 

Халықаралық институттардың деректері бойынша Орталық Азиядағы ішкі өңірлік тауар айналымы $6,5 млрд-ты құрайды, бұл орайда аймақтағы елдердің өзара сауда үлесі олардың жалпы тауар айналымының небәрі 9%-ын алып отыр.

«Өзара іс-қимылды одан әрі дамыту үшін айтарлықтай әлеуетіміз бар екені анық. Осы орайда елдер арасындағы сауда қатынастарын кеңейту жөніндегі бірлескен шараларды күшейту қажет», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов Қазақстанның БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін қолдайтынын, бұған Тұрақты даму мақсаттарының индикаторларын ұлттық стратегиялар мен даму бағдарламаларына енгізу дәлел екенін атап өтті. Елімізге жүктелген міндеттемелерді іске асыру үшін ТДМ жөніндегі үйлестіру кеңесі жұмыс істейді.

Одан бөлек, 2020 жылы Қазақстан мен БҰҰ 2025 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасына қол қойды, ол мемлекеттік органдарды, азаматтық қоғам мен жеке меншік секторы өкілдерін топтастырудың құралы саналады.

ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, бұл орайда әлемдік экономикадағы терең құрылымдық өзгерістер аясында экономикалық дамудың ұлттық саясатын орта мерзімді перспективаға бейімдеу қажеттілігі туындады.

«Осыған байланысты біз бизнес-қоғамдастық пен халықаралық ұйымдар сарапшыларының белсенді қатысуымен Жаңа Қазақстанның экономикалық саясатын әзірлеуге кірістік. Осы құжат аясында инвестициялық ахуал мен кәсіпкерлік ортаны жақсарту, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту, инновациялар мен баламалы энергетиканы енгізу, “жасыл” қаржыландыруды кеңейту бойынша жаңа шаралар дайындалады», — деді ҚР Үкіметінің басшысы.

Әлихан Смайылов білім беруді және ғылыми-техникалық әлеуетті дамытуға, ҒЗТКЖ-ны кеңейтуге, экономика қажеттіліктері үшін білікті кадрлар даярлауға ерекше назар аударылатынын айтты.

ҚР Премьер-Министрі келесі тақырыпқа көше отырып, бүгінде көптеген елдер үшін басты мәселелердің бірі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып отырғанын атап өтті.

Осыған орай, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының әлемдік нарықтағы бағаның одан әрі өсуі ықтимал деген болжамын ескере отырып, Қазақстан агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін дамыту және өнімділігін арттыру жөніндегі қадамдарды жандандырады.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, ұзақ мерзімді перспективада азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі климатқа байланысты да күрделене түседі, сондықтан Қазақстанда экология күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болып отыр.

Сөз соңында ҚР Премьер-Министрі Орталық Азия елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастық Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы негізгі элемент екенін тағы да атап өтті. Осы орайда Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның ТДМ бойынша орталығын ашу жоспарланған.

«Ілгерілеу мен жаһандық мақсаттарға қол жеткізу үшін ұлттық және аймақтық деңгейлерде батыл әрекет ету және тығыз әріптестік қажет. Біздің елдер арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту БҰҰ құрылымдарының белсенді қатысуымен тұрақты және өркендеген Орталық Азия құруға ықпал ететініне сенімдімін», — деді Әлихан Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу