ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға оқушыларға арналған ID-карта мүмкіндіктері таныстырылды


Мектепке кіру, оқу материалдарының қолжетімділігі мен асханада тамақтану. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға оқушыларға арналған ID-карталар іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні көрсетілді.

Жүйе пилоттық режимде елордалық №95 мектеп-лицейінде енгізілген болатын. Мұнда картадан бөлек, биометриялық тану мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл дегеніміз – егер оқушы қандай да бір себеппен картасын ұмытып не жоғалтып алған жағдайда, ғимаратқа бет-жүзін тану құрылғысы арқылы кіре алады.

«Бір карта арқылы оқушы кітапханадағы оқу материалдарын алады, мектеп асханасында тамақ сатып алады, қалалық автобус қызметін пайдаланады», — деді оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов.

Карта мен биометрия мүмкіндіктері вице-премьерге көрсетілді. Атап өтейік, астаналық мектепте бастауыш сыныптарда білім алатын 900-ге жуық бала мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 36 оқушыға тегін тамақ қарастырылған. Ал карта қолдану жөніндегі мәліметтер тек ата-аналарға ғана қолжетімді болады.

«Цифрландыру біз үшін өте маңызды. Бұл жүйенің ашықтығын қамтып, оқушы мен ата-ана үшін ыңғайлы жағдай жасап қана қоймайды. Мұнда балалардың қауіпсіздігі мәселесі де бар», — деді Тамара Дүйсенова.


Сонымен қатар мұндай жүйелер пилоттық режимде Шымкент қаласында, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарындағы мектептерде жұмыс істеп тұр. Оқу-ағарту министрлігі келер жылдан бастап технологияны өзге өңірлерде енгізуді жоспарлап отыр.

#Білім беру #Тамара Дүйсенова #Цифрландыру

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу