ҚР Президентінің тапсырмаларын орындау: 2025 жылға қарай АӨК дамыту бойынша 800 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр

ҚР Үкіметінің отырысында Президент Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын және 2022 жылғы 12 желтоқсандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Жүйелі және жедел шаралар қабылдау туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады.

Министрдің айтуынша, азық-түлік инфляциясы және импортты алмастыру мәселесі кешенді түрде шешіледі. 2022 жылы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 295 млрд теңгеге 237 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Қазіргі таңда жалпы құны 214 млрд теңге болатын 227 жоба пайдалануға берілді, немесе жоспардың 96%-ы орындалды.

Жалпы 2022-2025 жылдары 2,6 трлн теңге сомасына 800 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бүгінде бұл инвестициялық жобалар облыс әкімдіктерімен және инвесторлармен пысықталды. Тиісті Жол карталарына қол қойылды, олардың аясында министрлік үнемі мониторинг жасап, олардың іске асырылуын бақылауда ұстап отыр.

Сақтау инфрақұрылымын құру және көкөніс қоймаларының тапшылығын азайту мақсатында көкөніс қоймаларын салу мен жаңғыртудың кешенді жоспарын іске асыру жалғасады, оның аясында 2021-2022 жылдары жоспардағы қуаты 181,5 мың тонна көкөніс қоймаларының орнына қуаты 201,1 мың тонна қоймалар енгізілді, бұл жоспардың 111%-ы. 2025 жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 135 мың тонна көкөніс қоймасы қосымша енгізілетін болады. Бұл республиканың қоймаларға жетіспейтін қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.

«Өңделген өнім өндірісін ұлғайту және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыру мақсатында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қосымша жүктеуді, сондай-ақ қазіргі заманғы кәсіпорындарды салуды және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғыртуды көздейтін шаралар кешені әзірленді. Жалпы 2025 жылға дейін қосылған құны жоғары өнім өндірісінің өсуін қамтамасыз ететін 149 жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Сонымен қатар субсидиялау жүйесін реформалау аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ішкі нарыққа, соның ішінде отандық қайта өңдеу кәсіпорындарына шикізатты жеткізу бойынша қарсы міндеттемелерді қабылдау көзделген.

Мемлекет басшысының астық қолхаттары институтын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында қазіргі заңнамаға астық қолхатын кредит алу үшін кепілзат ретінде тану бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ белгiленген лимит шегiнде 100% кепiлдiк берiлетiн екiншi деңгейдегi банктерде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беруге ұқсас мемлекет деңгейінде арнайы Кепiлдiк беру қорын құру мүмкіндігі қаралады.

Микрокредит беру есебінен ауыл шаруашылығы кооперациясын белсенді дамыту арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы іске асырыла бастады. 7 жыл ішінде бұл мақсаттарға 1 миллионнан астам ауыл тұрғынын қамтып және барлық жеке қосалқы шаруашылықтардың жартысын кооперативтік кәсіпкерлікке тартып, 1,0 трлн теңге бөлу және 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарда бар.

Қазірдің өзінде 2023 жылы жобаны жүзеге асыру үшін барлық облыстың әкімдіктеріне 52,4 млрд теңге бөлінеді, 11 мың микрокредит беру және 12 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта облыс әкімдіктері «Ауыл Аманаты» жобалық кеңсесімен бірлесіп, жобаны іске асыру үшін ауылдық округтерге скрининг жүргізуде.

«Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі оларды уақытылы және сапалы орындау үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдайтын болады», — деді Ербол Қарашөкеев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу