Өңірлердің мәдени инфрақұрылымы: Алматы облысында жаңа мәдениет үйі ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша қойған міндеттері аясында Алматы облысы Қарасай ауданы Жібек жолы ауылында 200 көрерменге арналған жаңа мәдениет үйі ашылды. Жаңа мекеме мәдени іс-шараларды өткізуге және ауыл тұрғындарының бос уақытын ұйымдастыруға арналған заманауи алаңға айналады.

5 гектар аумақта орналасқан мәдениет үйінің құрылысына 658 млн теңге жұмсалды. Ғимаратта 200 орындық көрермен залы, сахна және шығармашылық сабақтарға арналған кабинеттер бар.

Мұнда концерттер, театрландырылған қойылымдар және басқа да мәдени іс-шаралар өтеді, домбыра, жыр-терме, вокал, би және қолданбалы өнер үйірмелері, ақындарға арналған «Шежіре» тәлімгерлік орталығы және аға буын ансамблі жұмыс істейді. Жаңа нысан базасында балалар мен жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлттық өнерді қолдау және дәстүрлерді сақтау үшін жағдайлар жасалатын болады.

Алматы облысында мәдени инфрақұрылым тұрақты дамып келеді. Соңғы төрт жылда бұл мақсаттарға 52,6 млрд теңге бағытталды, 10 жаңа мәдениет нысаны салынды және 19 мәдениет үйі жөнделді. Атап айтқанда, Кеген ауданының Жалағаш және Жылысай, Іле ауданының Өтеген батыр және Жамбыл ауданының Мәтібұлақ ауылдарында жаңа мәдениет үйлері ашылды. Осы жылы Жамбыл ауданы Шиен ауылында мәдениет үйінің құрылысы аяқталды. Демеушілердің қолдауымен Балқаш аудандық тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимараты ашылды.

Жаңа мәдениет нысандарының құрылысы Жамбыл ауданы Қарғалы және Іле ауданы Боралдай кенттерінде жүргізілуде. Мәдениет үйлері мен басқа да нысандарды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Тұтастай алғанда, елде мәдени инфрақұрылым дәйекті түрде дамуда және мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. 2025 жылы үш жаңа кітапхана салынды, 13-і күрделі жөндеуден өтті және тағы 64-і ағымдағы жөндеумен қамтылды, 197 кітапханада материалдық-техникалық база жаңартылды. Биыл жұмыстар салынып жатқан 64 мәдениет нысанын және жөндеу жүргізіліп жатқан 130 объектіні қамтиды. Бір мезгілде өңірлерде театрларды, мұражайларды, визит-орталықтар мен шығармашылық білім беру нысандарын салу және реконструкциялау бойынша жобалар жүзеге асырылуда.

 

#Инфрақұрылымдық даму #Мәдениет #Президенттің тапсырмасы #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу