30 Қыркүйек 2026, 12:46
ҚР Ішкі істер министрлігі қауіпсіздік, мемлекетаралық іздестіру және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық келісімдерді ратификациялау туралы үш заң жобасының пакетін ұсынды. Құжаттарды Құрылтай депутаттары екі оқылымда мақұлдады.
2024 жылғы 29 қазанда қол қойылған алғашқы заң жобасы – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған және қауіпсіздік саласындағы екі елдің құзыретті органдарының өзара іс-қимылын нақты үйлестіруді реттейді.
ҚР Президенті 2024 жылғы 8 қазанда Мәскеуде қол қойған «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қылмыстық қудалаудан немесе сот үкімдерін орындаудан шетелде жасырынып жүрген адамдарды іздестіру, ұстау және беру жеделдігін арттыруға арналған. Бұл Хаттаманы Қазақстаннан бөлек Армения, Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан да ратификациялаған.
ІІМ бастамаларының пакетін «Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы қорытындылайды. Ол Қазақстанды киберқатерлерге қарсы іс-қимылдың халықаралық жүйесіне интеграциялауға, цифрлық қылмыстарды тергеу тетіктерін құруға және трансшекаралық деректермен тиімді алмасуға бағытталған. Бұл ретте аталған Конвенция аясындағы ынтымақтастық ұлттық заңнама мен мемлекеттік егемендікті міндетті түрде сақтай отырып жүзеге асырылады, ал қазіргі уақытта оған 80-нен астам мемлекет мүше болып саналады.
#Халықаралық ынтымақтастық #ҚР ІІМҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу