Үкімет Құрылтайда онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері бойынша заң жобаларын ұсынды

Құрылтай депутаттары Үкімет ұсынған онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша заң жобаларын, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттар цифрлық платформалардың жауапкершілігін күшейтуге, балаларды қорғауға және медиа саланы жетілдіруге бағытталған.

Заң жобаларын мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев таныстырды. Ұсынылған өзгерістер төрт негізгі бағытты қарастырады:

  • Онлайн платформалардың жауапкершілігі. Өкілдіктерді Қазақстанда міндетті түрде тіркеу, құқыққа қайшы контентті жою туралы нұсқамаларды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік және аудиториясында 5 мыңнан астам жазылушысы бар анонимді пайдаланушыларды сәйкестендіру тетігі қарастырылады.
  • Балалардың қауіпсіздігі. 16 жасқа толмаған балаларды онлайн-платформаларда тіркеуге тыйым салу. Жекелеген адамдар арасындағы қарым-қатынас үшін пайдаланылатын мессенджерлерден шектеуді алып тастау.
  • Аудиовизуалды платформаларды реттеу. Осындай платформалар арқылы теле және радиоарналарды таратуды лицензиялау және Қазақстандағы онлайн-кинотеатрлардың заңды өкілдерін анықтау.
  • Азаматтардың құқықтарын қорғау. Мемлекеттік органдардың жауаптарын БАҚ-та жариялау кезінде арнайы белгі қою, теріске шығаруды сол ақпарат көзінде орналастыру, интернетте жала жапқаны және БАҚ-та және онлайн-платформаларда балағат сөздер айтқаны үшін әкімшілік жауапкершілік. Сондай-ақ адамдардың фото-, видео бейнелерін пайдалану ережелері нақтыланады, білім беру контентіне және оккульттік қызметтердің сипаты туралы ақпаратты алуға мүмкіндік беріледі.

«Біздің міндетіміз – мемлекеттің ірі онлайн-платформалармен өзара іс-қимылының пәрменді тетігін қалыптастыру, мұнда заңнаманы сақтау сөз жүзіндегі талап емес, олардың ел аумағындағы қызметінің міндетті шарты болады. Ұсынылған нормалар құқыққа қайшы контентке қарсы іс-қимылға ғана емес, сонымен қатар азаматтардың, ең алдымен балалардың құқықтарын қорғауға, ақпараттық кеңістіктің ашықтығын қамтамасыз етуге және жауапты цифрлық ортаны қалыптастыруға бағытталған», — деп атап өтті Арман Қырықбаев.

Сонымен қатар, Құрылтай депутаттары екінші оқылымда 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын, сондай-ақ бірінші оқылымда Сингапурмен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттермен цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімдерді ратификациялау туралы заң жобаларын қарап, мақұлдады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу