26 Шілде 2024, 16:00
Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуымен танысу үшін бірқатар ауылдық елді мекендерге барды. Ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған бағдарлама айтарлықтай нәтижелерін берді. 2023 жылы өңірге 3 млрд теңге бағытталды. Несиелер 406 жобаға берілді, 700-ден астам жұмыс орны құрылды.
Мәселен, Махамбетов ауылының тұрғыны Сәрсенгүл Аралбаева «Ауыл аманаты» арқылы 5 млн теңге алып, шұлық шығаруға арналған құрал-жабдықтарды сатып алды. Бағдарламаның арқасында қазір күніне 200-250 шұлық сатып, жеке кәсіпкерлер қатарын толықтырып отыр.
«Өнімге деген сұраныс өте жақсы. Әзірге екі адам жұмыс істейміз. Кәсібім кеңейіп жатса, жұмыс орындары да көбейеді. Жобама қолдау білдіргендерге алғысым шексіз!», — дейді Сәрсенгүл Аралбаева.
Осы ауылдың тағы бір тұрғыны Алтынкүл Дүйсенғазиева қой және түйе жүні мен мақтадан көрпе тігіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол үшін «Ауыл аманаты» жобасы аясында 3 млн теңгеден астам несие алды. Қазір ауыл, аудан тұрғындарынан бөлек, Астана тұрғындары да тапсырыс жасайды.
«Өзім ерекше бала асырап отырмын. Оны да осы кәсіпке үйретіп жатырмын. Алғашқыда өтініш бергенде жобам өтетініне сенбедім. Алайда, талап қылған адамға жол ашық екеніне көзім жетті. Осындай төмен пайызбен несие беру бастамасын көтерген азаматтарға алғысым шексіз», — дейді Алтынкүл Дүйсенғазиева.
Ал Сырдария ауданының Айдарлы аулында көне кәсібімізді дәріптеуді қолға алған кәсіпкер бар. Мәрияш Әлжанова есімді зейнеткер киіз басып, түкті кілем, сырмақ тігіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы алған қаржыға цех ашып, алты адамды жұмыспен қамтыған.
«Ұлттық бұйымдарға сұраныс қашан да жоғары болады. Кәсіп өз алдына, ең негізгі мақсатым – жастар арасында ұлттық өнерді таныту», — дейді Мәрияш Әлжанова.
Тамара Дүйсенова іске асырылып жатқан жобаларды жоғары бағалап, ауыл тұрғындары үшін мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Қолдау шараларының қатарында жастарға 2,5% жеңілдікті кредиттер және халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қайтарымсыз гранттар қарастырылған.
#Жұмысқа орналастыру #Мемлекеттік бағдарламалар #Табысты арттыру #Тамара Дүйсенова«Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Мемлекет тарапынан түрлі қолдау шаралары қарастырылған. Олар туралы жергілікті ауыл әкімдері түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет», — деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу