Әлихан Смайылов есірткі айналымына байланысты ақша аударымдарына тыйым салу мәселесін пысықтауды тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы қаралды.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов өткен жылы құқық қорғау және арнайы органдар үш мыңға жуық есірткі қылмысын анықтағанын айтты. Төрт ұйымдасқан есірткі тобының қызметі тоқтатылып, 70 жасырын есірткі зертханасы таратылды, 16 тонна есірткі тәркіленді. Сонымен қатар министр биыл тіркелген әрбір жетінші есірткі қылмысы интернет арқылы тыйым салынған заттарды сатумен байланысты екенін айтты.

Есірткі бизнесіне қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін тиісті Кешенді жоспар әзірленді. Оның негізгі мақсаттары – есірткінің аса қауіпті түрлерінің, оның ішінде синтетикалық есірткі айналымын төмендету, есірткіге тәуелділерді ерте анықтау және есепке алу жүйесін енгізу, уәкілетті органдардың құзыретін арттыру және материалдық-техникалық базасын нығайту.

Атап айтқанда, заманауи аппараттық-бағдарламалық жабдық әлеуметтік желілер мен веб-сайттар арқылы есірткінің таралу фактілерін анықтауды автоматтандыруға мүмкіндік береді, ал «Кибербақылау» жүйесі электрондық дүкендерді онлайн-режимде бұғаттайды.

Бұдан басқа арнайы бөлімшелер жету қиын жерлерге әуеде барлау жүргізу және жасырын есірткі зертханаларын табу үшін газ талдағыштары бар дрондармен жарақтандырылатын болады. Сонымен қатар есірткіге тәуелділерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін скрининг жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл ретте наркологиялық көмектің сапасын арттыру үшін наркодиспансерлерді жаңғырту және жөндеу, сондай-ақ нашақорларды оңалту үшін емдеу-еңбек шеберханаларын құру көзделеді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, таяу жылдары өңірлерде медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшелерін ашу, өңірлік және республикалық психикалық денсаулық орталықтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, тәуелділігі бар адамдарды емдеудің тиімділігін арттыру, сондай-ақ азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі жұмыс жалғасады.

Баяндамашылардың тыңдап болғаннан кейін Премьер-Министр есірткінің таралу проблемасы барған сайын өршіп бара жатқанын айтты. Атап айтқанда, синтетикалық есірткі жылдан жылға қолжетімді болып барады. Олар Интернет, пошта арқылы және «жасырын жерлер», анонимді электрондық төлемдер сияқты жаңа тәсілдермен таратылуда. Бұл тәсілдердің бәрінде «есірткіні сатушы мен тұтынушы» арасындағы өзара бетпе-бет байланыс болмайды, сондықтан қазір есірткі сатушылар мен тұтынушыларды құрықтау әлдеқайда қиын.

«Есірткі сайттарын және осыған ұқсас хабарландыруларды анықтау және бұғаттау тетіктерін жетілдіру жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ есірткі айналымына байланысты ақша аударымдарына тыйым салу мәселелерін пысықтау қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Оған қоса Үкімет басшысы органдардың әдістерімен ғана бұл проблеманы шешу мүмкін емес екенін атап өтті, себебі сұраныс бар жерде сатушы да болады. Осыған байланысты нашақорлық мәселесін барлық мүдделі мемлекеттік органдарды, үкіметтік емес ұйымдарды, бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілер мен отбасы институттарын тарта отырып, кешенді түрде шешу керек. Нәтижесінде қоғамда есірткіге «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру қажет. 

«Ең алдымен, оқу орындарында профилактикалық жұмысты күшейту керек. Бізге нақты әлеуметтік нәтиже қажет», — деді Премьер-Министр. 

Үкімет басшысының айтуынша, нашақорларды емдеу, оларды оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу әдістемелерін жетілдіру қажет. Бұл орайда үздік халықаралық тәжірибелерді ескеру маңызды.

«Нашақорлықтан айыққан адамдарға қоғамның дұрыс көзқарасын қалыптастырған жөн. Бұл жерде емдеуге ынталандыру ғана емес, ондай адамдарды одан әрі әлеуметтендіру қажет. Сондықтан Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері осы бағыттағы күш-жігерін біріктіріп, тиісті шараларды ұсынуы керек», — деді Ә. Смайылов.

Қорытындылай келе, Үкімет басшысы сот сараптамасы органдарын материалдық-техникалық жарақтандыру қажеттілігіне назар аударды, бұл есірткі қылмыстарын тергеудің сапасы мен жеделдігіне тікелей әсер етеді.

«Ішкі істер министрлігі Кешенді жоспардың жобасын келісу рәсімдерін аяқтауды жеделдетіп, оны іске асыруға кірісуі қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу