Каспийдің логистикалық инфрақұрылымы Қазақстанның транзиттік әлеуетін жүзеге асырады — Асқар Мамин

24 ақпанда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Ақтау теңіз порты» АЭА дамыту мен Каспий логистикалық инфрақұрылымы жоспарын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді.

«Ақтау теңіз порты» АЭА АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Қайратовтың баяндауынша, «Ақтау теңіз порты» АЭА 2002 жылы экспортқа бағытталған жоғары технологиялық өндіріске инвестиция тарту мақсатында құрылған болатын. Мұнда 27 қатысушы тіркелген. Италия, Түркия, Германия, Қытай, Англия, Әзербайжан инвесторлары қызмет етеді. Қазірдің өзінде 18 инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, 1300 жұмыс орны ашылды. 260,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 23,6 млрд теңге түсім түсті.

Б. Қайратовтың айтуынша, 2018 жылы 10,5 млрд теңге құрайтын бес жобаны жүзеге асыру арқылы 224 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин АЭА қатысушы кәсіпорындар өздерінің өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруға бәсекелестікке сай болуы керектігін айтты. Бұдан өзге, ол «бұл мәселе Үкіметтің ерекше бақылауында тұрғандығын» баса айтып, АЭА-ға шетел инвестициясын тарту жұмысын жандандыруды тапсырды.  

Каспий өңіріндегі 2018-2020 жылдарға арналған логистикалық инфрақұрылымды дамыту жоспары туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК вице-президенті Санжар Елубаев баяндады.

Оның айтуынша, 2017 жылы Қазақстанның Каспий мультимодальдық тізбегі 5,5 млн тонна жүк өңдеді. Оның ішінде құрғақ және паромдық жүктер жалпы жүктердің 80% дейін жеткізілді. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 60% болатын.

2018 жылы Қазақстан порттары арқылы өткізу жоспары 10 млн тоннадан астам болса, ондағы құрғақ және паромдық жүктер көлемі 80% сақталады. Бұл межені 2020 жылдары 16,7 млн тоннаға жеткізу жоспарда бар. 2018 жылы 35 мың ЖФЭ контейнер тасымалдау жоспарланса, 2020 жылдары оны 300 мың ЖФЭ-ға жеткізу көзделіп отыр.

2017 жылы Құрық порты арқылы 1,5 млн тонна түрлі жүктер өткізілді. Биылғы жылы оны 4,5 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Каспий бойындағы логистикалық инфрақұрылым нысандары Транскаспий көлік дәлізін дамытудағы негізгі тізбек екендігін баса айтты. «Мемлекет басшысы транзиттік әлеуетті дамытуға ерекше назар аударып отыр. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында заманауи логистикалық инфрақұрылым жасақталуда. Міне бүгін біз оның оң нәтижесін көріп отырмыз. Мәселен, Құрық портында биылғы жылы паромдық жүктерді тасымалдау көлемін үш есеге арттыруды жоспарлап отырмыз».

А. Мамин Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Құрық портының қызметімен, шекаралық және кеден аймағы инфрақұрылымымен, әлеуметтік нысандармен, сонымен қатар Кавказ өңірі, Ресей, Түркияға автокөліктірді өткізу үдерісімен танысты. Ағымдағы жылы 20 мың техниканы паром арқылы өткізу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі есеге жоғары көрсеткіш.    

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу