Мәдениет және ақпарат министрлігі отбасын қолдау орталықтары үшін бірыңғай Тұжырымдаманың жобасын әзірлеуде – А. Балаева

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары қаралды. Бұл мәселе бойынша мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев және Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, Мемлекет басшысы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түрі, оның ішінде кәмелет жасына толмаған балаларға жасалған қастандықтар үшін жазаны қатайту туралы мәселені үнемі көтеріп келеді. Оның ішінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керектігін баса айтты.

«Бүгінгі статистика көңіл көншітпейді. Соңғы 4,5 жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2 086 фактісі тіркелген. Сондықтан алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу – біздің жіті назарымызда», — деді министр.

Біріншіден. Отбасыларға жан-жақты көмек көрсету үшін өңірлерде 68 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, оның 19-ы уақытша баспанамен қамтамасыз етеді. Бұл тәжірибе 2019 жылдан бері бар. Жәрдемге мұқтаж азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетілуде. Орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен қатар, отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау жасайды.

Осы жылдың басынан бастап 100 мыңнан астам консультация берілді. Дегенмен қазіргі уақытта орталықтар қызметі біркелкі емес. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі бірыңғай Тұжырымдама жобасын әзірлеп жатыр. Жобаның мақсаты – орталықтардың қызметін стандарттау. Тағы бір маңызды бағыты – ведомствоаралық байланыс арқылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жағдайына ықпал ету. Келесі жылдан бастап Отбасын қолдау орталықтарының барлығында бірыңғай жұмыс тәсілдері енгізіледі.

Екіншіден. Профилактикалық жұмыстардың негізі – отбасын саналы түрде құруға мүмкіндік жасау. Осыған орай Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық қорымен бірлесіп, Астана мен Шымкент қалаларында пилоттық жоба іске қосылды. Онда неке қиюға өтініш білдірген азаматтарға отбасын жоспарлау, психология, репродуктивті денсаулық, ортақ бюджетті жоспарлау және басқа да маңызды мәселелер бойынша тегін кеңес беру, оқыту қарастырылған. Нәтижесі сәтті болса, осы тәжірибені барлық өңіге енгізілмек.

«Сонымен қатар жыл соңына дейін “Бақытты қазақстандық отбасы” интерактивті нұсқаулығы әзірленеді. Некеге тұратын жұптардың отбасылық дәстүрлері мен рухани-адамгершілік құндылықтары туралы ақпараттар “Электрондық үкімет” жүйесінде бейнеролик түрінде көрсетіледі. Некеге тұруға онлайн өтініш берген азаматтар осы нұсқаулықпен міндетті түрде танысып шығуы тиіс», — деді Аида Балаева.

Үшіншіден. Әлеуметтік жобаларды іске асыру – маңызды бағыттардың бірі. Қазір елімізде Отбасы саясаты бойынша 469,3 млн-ды құрайтын 156 әлеуметтік жоба бар. Бөлінген қаржының 40%-ы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бөлінген, 25%-ы жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, 10%-ы халық арасында репродуктивті денсаулықты сақтауға, 15%-ы жағдайы төмен отбасылармен профилактикалық жұмыстарға, 10%-ы басқа бағыттарға жұмсалуда.

Одан басқа Мәдениет және ақпарат министрлігі гранттық қаржыландыру аясында агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу бойынша пилоттық жобаны іске асыруда. Оның міндеті – дағдарыс орталықтарының мамандарын тарта отырып, отбасын сақтау, тұрмыстық қылмыстардың деңгейін төмендету, моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту.

«Біз, ең алдымен, мамандардың біліктілігін арттыруды ерекше назарға алдық. Нәтижесінде дағдарыс орталықтарының 70 қызметкері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының 280 инспекторы, сондай-ақ 5 облыстың учаскелік инспекторлары агрессорлармен жұмыс істеу бойынша курстарды аяқтады», — деді министр.

Оның айтуынша, екінші кезеңде агрессорларға психологиялық және құқықтық консультациялар ұйымдастырылды.

Төртіншіден. Мәдениет және ақпарат министрлігі орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен қатар, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірге тығыз қарым-қатынас жасауда. Комиссия сарапшылары әйелдер мен балаларды қорғау бойынша істерге қатысы бар адвокаттар мен заңгерлер үшін арнайы әдістеме әзірлеп, бірқатар тренинг ұйымдастырды.

Одан басқа Алматыда зорлық-зомбылық құрбандарына тегін алғашқы құқықтық және психологиялық көмек көрсету үшін One Stop Service орталығы ашылды. Оған еліміздің барлық аймағынан азаматтар өтініш бере алады. Одан өзге Ұлттық комиссия мүшелерінің қатысуымен балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларына жедел әрекет ету алгоритімі әзірленді. Осы жылдың 9 айында тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицид, басқа да мәселелер бойынша 1,5 мыңнан астам консультация ұйымдастырылды. Өтінішпен келгендерге тәжірибелі заңгерлер, психологтар және басқа да мамандар шақыртылып, жедел құқықтық көмек көрсетілді.

Ұлттық комиссия жыл сайын үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясын өткізеді. Қараша-желтоқсан айлары аралығында қылмыс жасауға бейім тұлғалармен жеке профилактикалық, құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялануда.

Бесінші. Мәдениет және ақпарат министрлігі дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әрбір бастаманы аудиторияға сапалы жеткізу үшін барлық ақпараттық ресурс: танымал республикалық және аймақтық ақпарат құралдары, сондай-ақ қауымдастықтар, әлеуметтік желілердегі парақшалар мен арналар тартылды. Бүгінге дейін осы тақырып бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында 15 500 материал (телеарналарда – 4 126, газеттерде – 3 548, интернет-ресурстарда – 7 847), әлеуметтік желілерде 4 мың танымдық ақпарат жарияланды.

«Телеарналар отбасы құндылықтары тақырыбын насихаттайтын сериалдар шығаруда», — деді мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында министрлік тұрақты түрде сарапшылармен және ата-аналар қауымдастығымен, соның ішінде Әкелер одағымен, Қазақстан Халық Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесімен бірлесіп жұмыс істейді.

Алтыншы. 16 қазаннан бастап тәулік бойы қызмет көрсететін «111» мемлекеттік бірыңғай байланыс орталығы жұмысын бастады. Бұл нөмірге кез келген азамат қала нөмірлері мен ұялы байланыс операторлары арқылы тегін қоңырау шала алады. Қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмектесу үшін білікті психологтар мен заңгерлер тартылды.

Сонымен қатар «111» бірыңғай сенім нөмірі 101, 102, 103 және т.б. нөмірлермен бірге төтенше жағдайлар қызметтерінің тізіміне енгізілген. Мұндай шара құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алып, азаматтарға жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Жетінші. Ведомствоаралық өзара әрекеттесу. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері әртүрлі саламен байланысты. Сондықтан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыдан күшейту, отбасы құндылықтарын насихаттау бойынша мәселелердің алдын алуды қайта қарастыру үшін Жол картасы іске қосылды.

Жол картасы келесі бағыттар бойынша жүйелі шараларды қарастырады: алдын алу шаралары; инфрақұрылымды кеңейту: екінші, үшінші реттік оңалту, реинтеграция; кадрлармен қамтамасыз ету; заңнаманы жетілдіру; түсіндіру және тағы басқа шаралар.

Сондай-ақ жол картасы Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Женсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы құзыретін қамтиды. Құжат орталық және жергілікті мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған.

«Осылайша, Мәдениет және ақпарат министрлігі барлық мүдделі тұлғамен бірлесе отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде», — деді Аида Балаева.

Әрі қарай ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха тақырып бойынша баяндама жасады. 

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – еліміздегі отбасылық-демографиялық саясатттың өзекті мәселелерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыс – Ішкі істер министрлігі басшылығының ерекше бақылауында», — деді ол.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі Парламент депутаттарымен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша заңнамалық түзетулер енгізді. 

Біріншісі – 19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекске өзгерістер заңды күшіне енді. Ең жиі жасалатын тұрмыстық қылмыстар бойынша «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» біліктілік белгісі енгізілді. 

Енді тұрмыс саласында денсаулыққа ауыр немесе орташа зиян келтіру 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеліп соғады. Бұл тергеу кезеңінде тұрмыстық жанжал шығарушыларды оқшаулауға мүмкіндік берді.

Екіншісі – осы жылдың 1 шілдесінен бастап әкімшілік заңнамаға түзетулер енгізілді. Қамауға алу мерзімі ұзартылды. Жасаған іс-әрекетке байланысты қамауға алудың белгіленген мерзімі кемінде 5 тәулікті көздейді. Алғаш рет заң бұзушылыққа жол бергендер үшін 5, 10, 15 тәулік, ал қайталанған жағдайда 25 тәулікке дейін әкімшілік қамау тағайындалады. Бұрын мұндай құқық бұзушылықтар үшін көбіне 1-ден 3 күнге дейін қамау жазасы берілетін еді.

Сондай-ақ татуласу рәсімі күшейтілді. Енді тек бір рет татуласуға болады және тек сотта, бұрын ешқандай шектеулер болмаған. 

«Өтініш берушіден тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтау сипатына көштік. Бұрын жәбірленушінің арызынсыз тұрмыстық жаңжалқойларды жауапқа тартуға негіз болған жоқ. Осы себепті өтініштердің 60%-ы бойынша полиция тиісті шара қолдана алмайтын еді. Түзетулер тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша әкімшілік істі бастауға мүмкіндік берді», — деді ішкі істер министрінің орынбасары.

И. Лепеханың айтуцынша, бүгінгі таңда хабарламалардың 92%-ы әкімшілік іс ретінде жасақталады. Бұл ретте түпкілікті құқықтық бағалауды сот береді. Нәтижесінде соңғы үш айда жазаға тартылған тұрмыстық жаңжалқойлардың саны 4 есе өсті.

Егер осы жылдың екінші тоқсанында осындай 7 мың адам жауапкершілікке тартылса, үшінші тоқсанда олардың саны 27 мың адамды құрады. Тиісінше, қамауға алынғандар саны 2 есе өсті.

«Жалпы қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзбеушілік және оларды жасағаны үшін жазаның бұлтартпаушылық процесі қалыптасуда. Мәселен, егер жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тұрмыстық қылмыстардың өсуі байқалса, онда қабылданған шаралардың нәтижесінде биылғы 9 ай бойынша олардың төмендеу үрдісі байқалды. Бұл ретте кісі өлтіру және денсаулыққа ауыр зиян келтіру саны азайды», — деді Игорь Лепеха. 

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі алдын алу жұмыстарын жандандырды. Тұрмыстық жаңжалқойларға қатысты 51 мың әкімшілік хаттама жасақталды. Сот шешімі бойынша 13 мыңнан астам адам қамауға алынды, 11 мың ерекше талап белгіленді. Жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін 68 мың қорғау нұсқамасы шығарылды.

Аталған адамдардың барлығы профилактикалық есепке қойылады және полиция оларға күшейтілген бақылау жүргізеді. Нәтижесінде шектеулерді бұзғаны үшін есептегі 8 мың адам жауапқа тартылды. 

«Тұрмыстық қылмыстардың көпшілігі – шамамен 80%-ы мас күйінде жасалатынын атап өткен жөн. Сол себепті бүгінгі таңда мас күйіндегі тұрмыстық жаңжалқойларды оқшаулау мәселесі маңызды болып отыр. Еліміз бойынша 880 төсек-орны бар 35 уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы жұмыс істейді. Бұл өте аз», — деді Игорь Лепеха. 

Сонымен қатар олардың барлығы облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан. Бұл проблема ең өзекті болып табылатын моноқалаларда олар мүлдем жоқ. Тәжірибе көрсеткендей, күннің бірінші жартысында айықтырғыштар толып қалады. Ал қылмыс негізінен кешкі және түнгі уақытта жасалады.

Мысалы, Өскеменде 20 төсек-орынға арналған осындай бір ғана мекеме жұмыс істейді. Оларға полицейлер 9 мың құқық бұзушыны жеткізіп, тек 5 мың адамды орналастырды. Сол сияқты Павлодарда 24 төсек-орындық бір ғана айықтырғыш бар. Жалпы еліміз бойынша тағы 582 төсек-орындық осындай 31 мекеме қажет.

Тағы бір мәселе – қалыптасып қалған маскүнемдерді мәжбүрлеп емдеу. Бұл процедура тым бюрократияланған. Мамандандырылған медициналық мекемелердің саны да жеткіліксіз. 

«Бос төсек-орындардың болмауына байланысты 800 адамға қатысты мәжбүрлеп емдеу туралы сот шешімі орындалмауда. Өңірлер әкімдеріне осы мәселелерге назар аударуларыңызды сұраймын», — деді И. Лепеха.

Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін тек күштеу шараларымен шешу мүмкін емес. Олардың негізінде әлеуметтік мәселелер жатыр. Олардың қатарында әлеуметтік тұрақсыздық, маскүнемдік пен нашақорлық, психикалық аурулар, отбасының оқшаулануы және жабылуы, құмар ойындарға деген құштарлық (лудомания), сондай-ақ қоғамның бір бөлігін маргиналдандыру, моральдық-адамгершілік негіздердің құлдырауы, отбасы, тәрбие институтының әлсіреуі бар. Осыны ескере отырып, Ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін шешу бойынша жеке бөлім қарастырылған.

Сонымен қатар ІІМ мүдделі мемлекеттік органдармен және Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, бірқатар заңнамалық шара әзірледі. Олардың ішінде тұрмыстық жаңжалқойларға психокоррекциялық тренингтерден міндетті түрде өтуі, зорлық-зомбылық құрбандарымен бірге тұруды шектеу, қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны қолдану, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған іс-шаралар бар.

«Аталған ұсыныстар биылғы 26 қыркүйекте Парламент Мәжілісінің Қоғамдық палатасының отырысында қаралды. Қабылданып жатқан шаралар осы саладағы жағдайды жақсартуға ықпал етеді деп санаймын, атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын тиімді қорғауды қамтамасыз етеді және құқықтық мінез-құлық мәдениетін қалыптастырады», — деді Ішкі істер министрлігі басшысының орынбасары Игорь Лепеха.

#ҚР ІІМ #ҚР Мәдениет және спорт министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу