Маңғыстау облысын дамытудың өзектендірілген кешенді жоспары 226 іс-шараны қамтиды — Н. Ноғаев

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында батыс өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарлары қаралды. Маңғыстау облысында жоспардың қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы өңір әкімі Нұрлан Ноғаев айтып берді.

«Бүгінгі таңда бар шараларды тезірек іске асыру және атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қолданыстағы Кешенді жоспар өзектендірілді. Өзектендірілген Кешенді жоспар 226 іс-шараны қамтиды, оның ішінде экономиканы дамыту аясында 96, тұрғын үй және инфрақұрылым бойынша 54, әлеуметтік сала және экологияда 63 және азаматтық қорғанысты қамтамасыз етуде 13 іс-шара қарастырылған. Жоспарланған іс-шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде шамамен 55 мың жұмыс орны құрылады деп күтіледі», — деді Н. Ноғаев.

Кешенді жоспар аясында келесі негізгі бағыттарға ерекше басымдық беріліп отыр.

Біріншіден, демографияның өсу үрдісі қолжетімді баспанамен қамту және өңірдің инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл мақсатта тұрғын үй салу, жолдардың сапасын жақсарту, газбен, электрмен, жылумен жабдықтау объектілерін салу және реконструкциялау шаралары жүргізіледі. 

Сонымен қатар өңір үшін ең маңызды мәселе – ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін кешенді жоспарда жалпы су тұщыту қуаты 260 мың текше метрді құрайтын 9 жоба және 12 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамту жүзеге асырылатын болады. Кешенді жоспарды өзектендіру аясында осы жылы ауыз сумен қамтамасыз етуде өнімділігі тәулігіне 24 мың текше метр «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» су тұщыту қондырғыларын салу жұмыстары басталады. Бұған қоса, 5 жаңа шағын ауданды инженерлік-инфрақұрылыммен қамтуға, қалалық жолдар сапасын арттыру аясында қосымша 8,5 км жолды салуға мүмкіндік болады. 

Екінші, маңызды бағыт – өңірдің әлеуметтік құрамдас бөлігі. Бұл бағыт аясында жоспарда қажетті кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың тапшылығын шешу, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт инфрақұрылымын дамыту мәселелері қарастырылды. 

Бұл бағытта 2022 жылы лизинг арқылы 5 реанимобиль сатып алынады және 2023-2024 жылдары 5 денсаулық сақтау ұйымы заманауи медициналық жабдықтармен қамтылатын болады. Қаржыландыруға келер болсақ, Кешенді жоспардың жалпы бюджеті 2,1 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 62% жеке инвестиция үлесіне тиесілі. Бұл ретте бюджеттік қаражаттың көлемі 493 млрд теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджет – 375 млрд теңге, жергілікті бюджет – 118 млрд теңге.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу