Машина жасау өндірісінің көлемі 2020 жылдың 5 айында 18,5%-ға өсті — ҚР ИИДМ

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2020 жылдың 5 айындағы өнеркәсіп саласының даму қорытындылары туралы баяндады.

Елімізде биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,8% өсті. 13 өңірде оң нәтиже көрсетті. 

Тау-кен өндіру секторында түсті кендерді өндіру «Қазақмыс» корпорациясында», «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында, «Қазақстан алюминийі» кәсіпорнында кен өндіру көлемінің артуы есебінен 3,3%-ға өсті.

Темір кен өндіру өткізу нарықтарын дәстүрлі елдерден Қытай нарығына қайта бағдарлау, сондай-ақ «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» акционерлік қоғамы, «Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Bapy Mining» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіпорындарында кен өндіру көлемінің артуы есебінен 8,9% өсті.

Көмір өнімдерін тұтыну көлемінің артуына байланысты көмір өндіру көлемі 102,9% құрады. 

Өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі түсті металлургия, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және басқа да салалар есебінен 4,9% өсті.  

Түсті металлургияда тазартылған мыс өндірісі 17%, алтын құймалары 21%, түйіршіктердегі күміс 23%, мыс сымдары 7% және басқа да көрсеткіштердің өсуіне байланысты нақты көлем индексі 6,6% артты. 

Қара металлургияда нақты көлем индексі 97,6% құрады. Бұл көрсеткіш болат өнімі көлемінің төмендеуіне байланысты болды.

Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 2,2% төмендеді. Пештің мамыр айына дейін күрделі жөндеуге тоқтатылуына байланысты «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өндіріс көлемі қысқарды.   

«Машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсетіп, өндіріс көлемі 18,5% өсті. Автокөлік құралдары, трейлерлер және ашық тіркемелер 47,1%, машиналар мен жабдықтар 6,7%, өзге көлік құралдарын жасау 125,2%, компьютерлер жасау 3,8% өсті», — деді министр.

 Фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 21,2% артты. 

Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 10,8% өсті. Ол тоқыма бұйымдары өндірісінің 10,7%, былғары өнімдердің 9,9%, киім өндірісінің 6,6% ұлғаюына байланысты болды.  

Көлік саласында нақты көлем индексі биылғы қаңтар-мамыр айларында 85,9% құрады.

Контейнерлік тасымалдар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,1% артты және 312,4 мың жиырма фунттық баламаны құрады.

«Бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда көлік саласы коронавирус пандемиясынан ең көп зардап шеккен саланың бірі екенін айта кету керек. Республика аумағында көліктің барлық түрімен жолаушыларды тасымалдау тоқтатылды», —  деді Б. Атамқұлов.

Осы жылдың 1 мамырынан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан еліміздің 20 қаласына ішкі әуе рейстері кезең-кезеңмен жандандырылды.

 Қазіргі таңда 44 ішкі бағыт бойынша аптасына 349 рейс орындалуда. 188 мың әуе билеті сатылды.

Сонымен қатар халықаралық рейстерді кезең-кезеңмен жандандыру жоспарланып отыр.

«Осы маусым айының соңында Қазақстан және Түркия арасында халықаралық рейсті қайта ашу көзделген. Эпидемиялогиялық жағдай әрі қарай жақсарып жатса, басқа елдермен әуе қатынасын жандандыру жоспарда бар», — деді министр. 

 Биылғы 1 маусымнан елімізде 54 жолаушылар пойызы қайта жүре бастады. Осыған орай 15 мамырдан билеттер сатуға шығарылды. 8 маусымға дейін пойыздарға 645 мың билет сатылған.

 Сонымен қатар республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының барлық учаскелерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 

Құрылыс саласында нақты көлем индексі 2020 жылдың қаңтар-мамыр айларында 105,9% құрады. Өсім еліміз бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын қайта жаңғыртуға байланысты құрылыс көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етіледі.

15 өңірде оң динамика байқалады.

Тұрғын үй құрылысында 2020 жылдың 5 айының қорытындысында 4 млн 75 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 88,4%. Республика бойынша барлығы 33 479 баспана пайдалануға берілді. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің артуы республиканың 9 өңірде байқалады.

«Министрлік өнеркәсіп, көлік және құрылыс салаларында 2020 жылға қойылған міндеттерді орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.  Жылдың қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізіледі», — деді Б. Атамқұлов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу