Маусымаралық көкөніс, күріш қоры және Түркістан облысының жылыжайларына көмек – Серік Жұманғарин ӘМАТ бағасының өсуін тежеу мәселелері бойынша кеңес өткізді

Сенбі күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, әкімдіктердің өкілдері өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) бағаның өсуін тежеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.

Облыстар бөлінісінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы жыл басынан бері Маңғыстау өңірінде ең көп өсті (2,9%-ға), онда ӘМАТ қатарына енетін 10  атауы қымбаттаған. Сондай-ақ Ұлытау облысында (бағаның өсуі – 2,6%) және Астана қаласында (өсу – 2,1%) ең нашар көрсеткіштер тіркелді.

Сауда комитетінің мәліметінше, бағаны ұстап тұру жөніндегі өңірлік комиссиялар басы артық делдалдарды анықтауда нақты нәтижелер көрсете бастады (жыл басынан бері өңірлерде осы мәселе бойынша 125 отырыс өткізілді).

«Алматыда «Жұлдыз» және «Арыстан» азық-түлік базарларында басы артық делдалдардың тізбегі мен сауда үстемесін 15%-дан асырып жіберу фактілері анықталды. Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша базарлар басшылығы өз аумағына қосалқы делдалдарды жібермеуді, сол арқылы бағаның өсуіне әкелетін заңсыз әрекеттерді жоюды тапсырды», — деді Сауда комитеті төрағасының м.а. Айдар Әбілдабеков.

Оның айтуынша, СҚО-да «үй маңындағы» дүкенге жұмыртқа (С1) жеткізген делдал анықталды. Алматы облысында Бәсекелесткті қорғау және дамыту агенттігі екі кәсіпорынның әрекеті әлеуметтік санаттағы тауық жұмыртқаларын сату кезінде бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттердің белгілері барын қарастыруда. Осы фактілердің барлығы өңірлік комиссиялардың делдалдықтың нақты жағдайларын анықтап, тиісті шаралар қабылдай бастағанын көрсетеді.

ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов алдағы маусымаралық кезеңге арналған көкөніс бойынша өңірлік тұрақтандыру қорларының резервтерін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Он екі өңір картоп көлемі маусымаралық сұраныстың 100%-дан, жетеуі – 50%-дан астамына келісімшартқа отырды; сәбіз бойынша – 10 өңір 100%-дан, 8-і – 50%-дан астам қор жасады; қырыққабат бойынша – 5 өңір сұранысты 100% , 9 өңір – 50%-дан жоғары қамтамасыз ету бойынша келісімшартқа отырды. Пияз бойынша 9 өңір жасыл аймақта, яғни олар сұраныстың 100%-дан астамын, 8-і – 50%-дан астамына келісімшарт жасады. Қызыл аймақта келісімшарт жасау 50%-дан аз, картоп қоры бойынша – Алматы облысында, сәбіз бойынша – Павлодар және Алматы облыстары, қырыққабат бойынша – Маңғыстау, Абай, Алматы, Жамбыл, Атырау, Павлодар облыстарында, пияз бойынша – Алматы, Павлодар, Жетісу областарында», — деді Бағлан Бекбауов.

Сондай-ақ вице-министр күрішпен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Жаңа өнім жинауға дейінгі (2023 жылдың ақпан-тамыз аралығында) тұтыну нормалары 56,5 мың тонна болса, бүгінде әкімдіктердің қоры 88,6 мың тоннаны құрап отыр. Сонымен қатар Қызылорда облысының өндірушілері қажет болған жағдайда 5,9 мың тонна көлемінде қосымша күріш жөнелтуге дайын. Осылайша, қолда бар күріш қоры келесі егінге дейін еліміздің күрішке деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жетеді. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Түркістан облысында жалпы ауданы 46 га болатын 170 жылыжай шаруашылығының 36,8 гектары ауа райының қолайсыздығы, 9,2 гектары жылыту проблемалары салдарынан зардап шеккен. Тек 1,2 гектар жерге ғана нарыққа бейім дақылдар – қияр мен қызанақ егілді.  Қазір зардап шеккен шаруа қожалықтарына қолдау көрсету мақсатында жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету, тікелей көмір жеткізуді жолға қою бойынша жұмыстар жүргізілуде, несиелер бойынша кейінге қалдыру мәселесі (залал туралы актілер негізінде) қарастырылуда. 

Статистикалық деректер бойынша, бүгінде республикада қияр мен қызанақ өндіретін 1,2 мың гектар жылыжай жұмыс істейді, олардың барлығы 190 мың тоннаға жуық өнім береді. Бұл көлем Түркістан облысының жағдайын ескере отырып, халықтың жылыжай көкөністеріне деген сұранысын қамтамасыз ету үшін жеткілікті.

«Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасы әр өңірде тұрақты болуы керек, белгіленген көрсеткіштерден (сатып алу бағасы, тасымалдау шығындары, сақтау және саудаға төленетін үстемелер) айырмашылығы болмауы керек. Біз форвард арқылы ерте піскен көкөністі сатып алу схемасын бекіттік, бірақ оны өңірлердің барлығы бірдей ұстанбайды, айналым схемалары арқылы жалғастыруда. Сауда комитетіне форвардтық сатып алу және "айналым схемалары" арқылы көкөніс сатып алу бағалары бойынша барлық өңірлерді тексеріп, бағаларға талдау жасауды тапсырамын. Оның нәтижелері бойынша шешім қабылдайтын боламыз», — деп түйіндеді Серік Жұманғарин. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу