Қазақстандағы бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерін қайта қарау қажет - А.Мырзахметов

Қазақстанда айырбастау бағамын еркіндікке жіберу режіміне көшуге байланысты шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау тетігін қайта қарау қажет, деп есептейді «Атамекен» Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы 
Абылай Мырзахметов.   

«Барлық мемлекеттік бағдарламаларды жақсылап талдауымыз қажет. Қазіргі жағдай мынадай: коммерциялық банктер, 10 ірі банк соңғы жылдары көбіне Ұлттық банктен гөрі мемлекеттік бағдарламаларды жүргізетін «Даму» қорына тәуелдігін айтады. Бұл банктер арқылы жүргізіліп отырған бизнес, банктер жай ғана агенттер болғандықтан мемлекеттік бағдарламаларға отырып қалған. Бірақ, қазір  бюджеттің ондай мүмкіндіктері жоқ», - деді А.Мырзахметов ОКҚ брифингі барысында.

Сонымен бірге, ол «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы көптеген орта кәсіпорындарды құруға және дамытуға ынталандыру жасағанын айтты. 

«Біз мұндай саясаттан бас тартатын болсақ, барлығы үшін салықтық жүктемені төмендету мәселесін алға қою орынды. Дамыту институттары арқылы жекелеген қолдау шараларын жасамаймыз», - деп баса айтты ол. 

Жалпы, оның айтуынша, жаңа жағдайда ШОБ-ті дамытуға мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін төмендету, салық ауыртпалығын азайту және арзан теңге өтімділігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет.

«Әрине, былайша айтқанда: мемлекеттік бағдарламадан қалай бас тартамыз? Біріншіден, бюджет тапшылығын 1% ұстап тұрамыз, оған қоса, таяу екі-үш жылда Ұлттық қорға жүгінбейміз», - деп толықтырды А.Мырзахметов. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу