24 Тамыз 2018, 07:50
Мемлекет басшысы Түркіменстан Президентімен жүздесіп, бүгінгі отырыстың маңыздылығын атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Нұрсұлтан Назарбаев жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер екі тараптың да стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екендігінің айқын көрінісі саналатынын айтты.

«Мемлекеттеріміз арқылы өтетін Әмудария мен Сырдария өзендері бассейндерінің мәселелерін талқылаймыз. Бұл екі өзен біздің балаларымыз бен немерелерімізге өмір сыйлайды. Осы проблемаларды бірлесе талқылаудың маңызы зор», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы саммиттің Түркіменстанда дер кезінде өткізіліп отырғанына тоқталып, Халықаралық Аралды құтқару қорының бұған дейінгі саммиті 2009 жылы өткенін атап өтті.
«Мен бауырлас Түркіменстанның даму барысын жіті қадағалап отырамын. Түркімен халқына барлық жақсылықты тілеймін», — деп түйіндеді Қазақстан Президенті.
Гурбангулы Бердімұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевқа ілтипат білдіріп, Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының отырысына шақыруды қабыл алғаны үшін алғыс айтты.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, бауырлас елдерімізді біріктіретін Каспий теңізінің жағасына – Түркіменстанға қош келдіңіз!» — деді Түркіменстан Президенті.
Түркіменстан басшысы Қазақстан Президентін Бесінші Каспий саммитінің табысты өтуімен және тарихи құжат — Каспий теңізіне қатысты конвенцияға қол қойылуымен құттықтады.
Екі ел көшбасшылары Жол картасын іске асыру, көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік мәселелерін қарастырды.
Соңында Гурбангулы Бердімұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевты және барша Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу