Мемлекет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің биылғы 9 айда атқарған жұмыстарының негізгі бағыттары жөнінде есеп берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Мағзұм Мырзағалиев Президентке Экология кодексінің Мәжілісте қаралып жатқаны туралы егжей-тегжейлі баяндады. Мемлекет басшысы аталған құжатқа оң баға беріп, еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жаңалықтарды атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл құжаттың айрықша маңыздылығы қоғамды табиғатты аялауға шақыру және ауаны ластайтын зиянды заттардың көлемін азайтуға байланысты.   

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Президентке биылғы вегетациялық кезеңнің өтуі және су ресурстарының жағдайы туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, биыл су деңгейінің төмен болуына және су тапшылығы қаупіне қарамастан вегетациялық кезең салыстырмалы түрде тұрақты өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына су саласын цифрландыру туралы баяндалды. Мағзұм Мырзағалиев Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су арнасын цифрландырудың пилоттық жобасының аяқталғаны туралы айтты. Бұл су шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Осы ретте, Президент суды тиімді пайдалану қажеттігіне назар аударды.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевқа балық шаруашылығының жағдайы және осы бағытты дамытудың салалық бағдарламасының әзірлену барысы туралы ақпарат берілді. Министрдің айтуынша, Қазақстан су қоймаларының әлеуеті балық өсіру көлемін жылына 7,5 мың тоннадан 600 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл балық экспортын 300 мың тоннаға дейін ұлғайтуға ықпал етеді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мағзұм Мырзағалиевке бірқатар нақты тапсырма берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу