Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «ЛУКОЙЛ» мұнай компаниясының президенті В. Алекперовті қабылдады

Мемлекет басшысына мұнай компаниясының Қазақстандағы қазіргі жүргізіп жатқан жұмыстары мен еліміздің көмірсутегі секторында жүзеге асырылып жатқан бірқатар бірлескен жобалардың перспективасы туралы есеп берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Президентке компанияның Каспий теңізі қайраңындағы «Жеңіс» және «Әл-Фараби» мұнай жобаларындағы геологиялық барлау жұмыстарының барысы туралы айтылды. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр Алматы облысында іске қосылған «ЛУКОЙЛ» зауытының жұмысы туралы баяндалды. Компания басшысының айтуынша, бүгінде зауыт әртүрлі жағармай материалдарының 800-ге жуық түрін өндіріп, өңірдегі елдерге экспорттайды.

Сонымен қатар Вагит Алекперов Мемлекет басшысына әлемдік мұнай нарығының қазіргі жағдайы мен баға белгілеудің перспективасына қатысты «ЛУКОЙЛ» компаниясының ұстанымы туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік компанияның әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға атсалысып отырғанын ерекше атап өтіп, оның Қазақстан мұнай-газ секторын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу