Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қазақстанда өнеркәсіптік кәсіпорындардың шикізатқа қол жеткізуі мәселесі шешілуде – Бейбіт Атамқұлов

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын іске асыру шаралары туралы брифинг өтті. Брифинг барысында журналистердің сұрақтарына индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жауап берді.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында өнеркәсіптік кәсіпорындардың шикізатқа қолжетімділігі мәселесін шешу қажеттілігі туралы: қолайлы бағалар мен өңдеуші сектор үшін шикізаттың жеткілікті мөлшерінің болуының маңыздылығы туралы айтқан болатын.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұловтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын министрлік пысықтады.

Біріншіден, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасына министрліктің қайта өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді бағадағы шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту құзыреті енгізілген. Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.

«Заң қабылданғанға дейін біз кәсіпорындармен келіссөз жүргіздік, бағалар мен жеткізілімдерді келістік», — деді Б. Атамқұлов.

Металлургия кәсіпорындарымен, қайта өңдеуші кәсіпорындармен, ал бізде мыс, алюминий және қорғасынды қайта өңдейтін 37 ірі компания бар, министрлік, металлургтер мен қайта өңдеушілер арасында шикізатпен қамтамасыз ету туралы үш жақты меморандумдар жасасу туралы шешім қабылданды.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, министр журналистерді Қазақстандағы алюминий, мыс және қорғасын өңдеу көлемдері, сондай-ақ олар шығаратын өнімдер туралы хабардар етті.

Министрліктің мәліметінше, қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде елімізде өндіріс көлемі артады:

  • алюминийді қайта өңдейтін 18 кәсіпорында 2 есе;
  • мыс өнімдерін өндіретін 17 кәсіпорында 5 есе;
  • қорғасынды қайта өңдеу бойынша 2,5 есе.

Сонымен қатар индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұловқа «Қарағанды-Алматы» жолын реконструкциялаудың аяқталу мерзімі және жол бойындағы сервисті дамытуға қатысты өзекті сұрақтар қойылды.

«Қазір бұл мәселе көпшілікті толғандырады, өйткені “Қарағанды-Алматы” учаскесі “Орталық-Оңтүстік” басты жол дәлізіне кіреді және еліміздің солтүстік бөлігін оңтүстікпен байланыстырады. Қазір онда ауқымды жұмыстар жүріп жатыр»,  — деді Б. Атамқұлов.

Жолдың ұзындығы 946 км құрайды және «Қарағанды-Балқаш» 363 км, «Балқаш – Бурылбайтал — Күрті» 547 км, «Күрті-Қапшағай» 67 км төрт негізгі қайта жаңарту учаскесін қамтиды.

Министрдің айтуынша, жобада тиісті тосқауыл қоршаулары және тиісті инфрақұрылымы бар 1 санаттағы 4 жолақты қозғалыс көзделген.

«Қарағанды-Алматы» учаскесі бойынша қайта жаңартуды аяқтау 2023 жылы көзделген.

Министр осы тас жолдың бойындағы жол бойы сервисінің жағдайы туралы да егжей-тегжейлі айтып берді.

«Қазір ішкі туризм белсенді дамуда және жол бойындағы сервис мәселесі осы мәселеде өте маңызды буын болып табылады», —  деді Б. Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта жеке инвестициялар есебінен «А» санатындағы жол бойындағы сервистің 9 нысанын салу жоспарлануда, бұл ұлттық стандартқа сай келетін жоғары санат және оған техникалық қызмет көрсету станциялары, автожанармай құю станциялары, автожуу, сондай-ақ автожол пайдаланушыларын уақытша орналастыруға арналған ғимараттар, кемпингтер кіреді. Бұл шамамен Ақсу-Аюлы кентінің маңы (2 пункт), Балқаш, Бурылбайтал, Күрті және Қапшағай айналма жолдар.

Бұдан басқа, қолданыстағы жол бойы сервисінің 120 объектісінің 60-ы ғана ұлттық стандарттарға сәйкес келеді, 2-еуі «В» санатына және 77-сі «С» санатына жатады.

«Бүгінде жергілікті атқарушы органдармен, шағын және орта бизнес өкілдерімен жол бойындағы сервисті жақсарту мәселелері бойынша жұмыс жүргізілуде», — деді Б. Атамқұлов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу