Мемлекеттік басқаруды, тарифтік саясатты және салықтық реттеуді жаңғырту: Үкіметте Жолдауды іске асыру барысы талқыланды

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді.

Кеңес барысында фискалды реттеу ісін жаңғырту үшін арнайы салық режимдерін жеңілдетуге және салықтық әкімшілендіруді цифрландыруға ерекше назар аударылатын жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқаны атап өтілді.

Сондай-ақ бюджет процесін бюрократиядан арылтуға басымдық берілетін жаңа Бюджет кодексі бойынша жұмыс жүргізілуде. Екі жаңа кодекстің жобалары 2023 жылдың көктеміне дейін дайын болуы тиіс.

Сонымен қатар тарифтік саясатты реформалау үшін табиғи монополиялар саласын реттеудің жаңа тұжырымдамасы – «Инвестицияға айырбасталған тариф» ұсынылды. Ол бойынша тұтынушылар қаражатын мақсатты пайдалануды қатаң бақылау, монополистердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, табиғи монополияларды мемлекеттік реттеу рәсімдерінің жариялылығын қамтамасыз ету және т.б. қарастырылған.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеуді енгізу бойынша жұмыс жалғасады. Талдау қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектілері қызметінің 9 саласында 22 мыңнан астам талап анықталды. Олардың шамамен 17%-ы жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келмейді. Сондықтан олардың күші жойылады немесе қайта қаралады. Қалған салалар бойынша жұмыс 2023 жылдың І тоқсанының соңына дейін аяқталады.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігінің тиімділігін арттыру және шарттар жасаудың ашықтығын қамтамасыз ету шеңберінде МЖӘ туралы заңға енгізілетін тиісті түзетулер әзірленді. Оларды жыл соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қызметін қайта форматтау бөлігінде сыни бағалау жүргізе отырып, Қордың инвестициялық жобалары мен активтерінің портфелі қайта қаралады. Нәтижесінде жекешелендіру және басқа да тетіктер арқылы оңтайлы портфель қалыптастырылуы тиіс, бұл мемлекеттік ресурстарды босатуға және қайта бөлуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік басқару жүйесін қайта жаңғырту бағыты бойынша орталықтан өңірлерге өкілеттіктерді қайта бөлу үшін функционалдық талдау жүргізіледі. Соның арқасында жергілікті маңызы бар мәселелерді жедел шешу үшін өңірлік басқарушылардың өкілеттіктері кеңейтілетін болады.

Қаржы министрлігінің желісі бойынша салықтық және кедендік ақпараттық жүйелерді интеграциялау, сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді кедендік бақылауды енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан басқа, «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң әзірленуде, онда сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің ең төменгі бағасынан сапаның басымдығы қағидатын енгізу көзделген. Бұл ретте барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың сатып алуларын бірыңғай платформаға көшіру жоспарлануда.

Кеңес қорытындысы бойынша Е. Жамаубаев тиісті заңнамалық түзетулерді жедел әзірлеу, оларды жыл соңына дейін қабылдау, сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарды сапалы және уақытылы орындау қажеттігін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу