Мемлекеттік бюджетке кірістер бойынша жоспар 102,9%-ға орындалды — ҚР Қаржы министрлігі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2020 жылғы 5 айдағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы туралы баяндады.

Е. Жамаубаевтың мәліметінше биылғы жылғы бес айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 3 трлн 420 млрд теңге көлемінде кіріс түскен немесе жоспар 102,9%-ке орындалды.  

Республикалық бюджетке 2 трлн 111 млрд теңге кіріс түсті немесе жоспар 94,4%-ке атқарылды. 

Кірістер бойынша жоспар 125 млрд. теңгеге орындалмады.

«Жоспардың орындалмауына сыртқы факторлар аясында төтенше жағдай кезеңінде бизнесті қолдау бойынша қабылданған шаралар әсер етуде», — деді Е. Жамаубаев.

Салық түсімдерінің азаюы сәуір айынан басталып, биыл мамыр айында жалғасты. «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі деректері бойынша кәсіпкерлік белсенділіктің ең көп төмендеуі көтерме және бөлшек саудаға тиесілі.

Тауарларды өткізу бойынша айналымдар 2019 жылғы мамырмен салыстырғанда 54%-ға немесе 1,2 трлн теңгеге төмендеген.

Негізгі экспорттық позициялар бойынша бағалар 2019 жылдың 5 айымен салыстырғанда орта есеппен 16,4%-ға және жыл басынан бері 13,2%-ға төмендеді. Бұл тау-кен өндіру саласынан түскен салық түсімдеріне әсер етті.

Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж салығы бойынша (ЭКБ) жоспар 4 млрд теңгеге орындалған жоқ. Бұл биыл мамыр айында белгіленген «0» экспорттық кедендік баж ставкасымен байланысты, сәуірде мұнайдың орташа бағасы барреліне 25 АҚШ долларынан төмен болды.

Жергілікті бюджеттердің өз кірістері 120,4%-ға атқарылып, 1 трлн 309 млрд теңгені құрады.

Жоспар 222 млрд теңгеге асыра орындалды. Оның ішінде 224 млрд теңге — салықтар есебінен. Барлық өңірде кірістердің жоспары артығымен орындалды.

Мемлекеттік бюджет шығыстары 97,9%-ға, республикалық бюджет 98,9%-ға, жергілікті бюджеттер 97,2%-ға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 5 трлн 620 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражаты 61 млрд теңгеге игерілмеді.

«Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ және уақтылы өткізбеу, нақты көрсетілген қызметтер, атқарылған жұмыстар көлеміне төлеу, шарт жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу, төлем бойынша құжаттарды ұзақ мерзімді келісу», — деп түсіндірді Е. Жамаубаев.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 2 трлн 606 млрд теңгені құрады. Игерілмеген қаражат — 75 млрд теңге . Биыл өңірлерге 2 трлн 317 млрд теңге нысаналы трансферттер қарастырылған.

Алдын ала деректер бойынша оларға 671 млрд теңге бөлінді. Оның 96%-ы немесе 643 млрд теңгесі игерілді. Орындалмау сомасы 28 млрд теңгені құрады. Оның 8 млрд теңгесі бюджет қаражатын үнемдеу болса, 20 млрд теңгесі игерілмеді.

Сонымен қатар Е. Жамаубаев өткен 5 айда камералдық бақылаумен жалпы сомасы 6,5 трлн теңгеге  952 мың мемлекеттік сатып алу процедурасы қамтығанын айтты. Тексеру қорытындысы бойынша 535 млрд теңгеге бұзушылықтардың алды алынды. 746 аудиторлық іс-шара жүргізілді. Аудитпен бюджет қаражатының 494 млрд теңгесі қамтылды. Нәтижесінде 101 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.

«Тауарлар жеткізу, қызметтер көрсету және жұмыстарды орындауды қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есеп бойынша көрсету жолымен бұзушылықтардың 94 млрд теңгесі жойылды. Жүргізілген аудиторлық шаралардың нәтижелері бойынша аудит объектілерінің қызметтерін жетілдіруге 675 ұсыныс берілді. Олардың 548-і орындалды», — деді министр.

2016-2020 жылдардағы кешенді жекешелендіру жоспарының іске асырылуы 93%-ды құрады. 2020 жылы 70 объектіні сату жоспарланған. Оның 40-ы сатылуға қойылды. Есепті кезеңде 6 объект 3,2 млрд теңгеге сатылды. 34 объект сатылымға шығарылды. 4 объект қайта ұйымдастыру және таратуға жіберілді. 26 объект жылдың аяғына дейін сатылымға шығарылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу