Мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді қысқартуға мүмкіндік береді

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жасанды интеллект негізінде мемлекеттік қызметтердің жаңа экожүйесін қалыптастыру мәселелері қаралды.

Мемлекеттік қызметтерді одан әрі цифрландырудың және мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылына ЖИ енгізудің түйінді бағыттарына назар аударылды. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков, сондай-ақ «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова және BTS Digital компаниясының басшысы Мақсат Нұриденұлы баяндама жасады.

Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков мемлекеттік қолдау шараларын eGov Business порталы арқылы цифрландыру және атаулы мемлекеттік қолдау көрсету мен деректер негізінде шешімдер қабылдаудың негізі ретінде Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін дамыту бағыттарындағы цифрлық трансформацияның екі бағыты туралы баяндады.

«Бүгінде елімізде мемлекеттік қолдаудың 150 шарасы бекітілген. Олардың 63-і электрондық форматта қолжетімді, ал 87 шара әзірге қағаз түрінде көрсетіледі және цифрландыруды қажет етеді. Бұл ретте біз қағаз процестерді жай ғана электрондық форматқа көшіруді емес, алдымен оларды реинжинирингтен өткізіп, артық әрекеттер мен әкімшілік кедергілерді алып тастауды ұсынамыз.

eGov Business-ке шығару үшін цифрландырудың бірінші кезеңі ретінде «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі көрсететін мемлекеттік қолдау шаралары таңдалды. Бұл осы шаралардың цифрлық жетілу деңгейінің жоғары болуымен және Холдингтің процестерді оңтайландыру мен автоматтандыру бойынша елеулі жұмыс жүргізуімен байланысты», — деді ол.

2024–2025 жылдары Холдинг еншілес ұйымдарымен бірлесіп мемлекеттік қолдау шараларын көрсету процестеріне реинжиниринг жүргізді. Бұған «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның бір қатысушысы бар шаруа қожалығының өтінім беруіне қатысты «5% жеңілдікті лизинг» бағдарламасы нақты мысал бола алады. Бұған дейін мұндай өтінімді беру және қарау процесі 80-нен астам қадамнан тұратын, ақпараттың едәуір бөлігі қолмен толтырылатын, ал қарау мерзімі екі жұмыс күніне дейін созылатын. Жүргізілген реинжинирингтен кейін қадамдар саны шамамен 30-ға дейін азайды, ал «ҚазАгроҚаржы» порталында өтінімді қарау мерзімі 5–10 минутқа дейін қысқарды.
Келесі кезең — осы процесті eGov Business порталымен интеграциялау және мемлекеттік қолда бар деректерді жолақтарға автоматты түрде толтыру үшін пайдалану. Бұл өтінім берудің қосымша цифрлық арнасын іске қосуға, кәсіпкердің әрекеттерінің санын қысқартуға және өтінімді іс жүзінде бірнеше қадаммен беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«eGov Business веб-порталы және мобильді қосымша арқылы кәсіпкер мемлекеттік қолдау шарасын ұсыну шарттарымен танысып, өтінім бере алады, қажетті құжаттарға қол қоя алады және оның қаржы операторларының қарау мәртебесін нақты уақыт режимінде бақылай алады», — деді Бекболат Молдабеков.

Бүгінде жұмыстар басталып кетті. «Автобустарды лизингке беру» мемлекеттік қолдау шарасы бойынша өтінімдер қазірдің өзінде портал арқылы берілды. Қазіргі уақытта тағы екі мемлекеттік қолдау шарасы жүзеге асырылуда, ал сегіз шара келесі кезеңге енгізілді. Осылайша, барлық қолдау шараларын бірыңғай цифрлық форматқа кезең-кезеңімен көшіру қамтамасыз етіледі. Осы жылдың соңына дейін 20 мемлекеттік қолдау шарасы, ал келесі жылдың соңына дейін барлық 150 қолдау шарасы бойынша өтінімдерді онлайн беруді іске қосу жоспарлануда. Келесі кезеңде мемлекет кәсіпкердің цифрлық профилі мен деректер аналитикасы негізінде оған неғұрлым қолайлы қолдау шараларын өзі ұсынатын проактивті модель енгізіледі.

«Осыған байланысты келесі бағытқа тоқталғым келеді. Келесі бағыт — Бизнестің цифрлық картасын құру. Жаңа жүйені нөлден бастап құрмай, қолданыстағы Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін дамытып, оны бірыңғай цифрлық платформаның өзегіне айналдыру ұсынылады. Бұл платформада мемлекеттік деректер, бизнестің цифрлық профилі, аналитикалық сервистер, жасанды интеллект құралдары және мемлекеттік қолдау шараларын көрсету процестері біріктіріледі. Іс жүзінде бұл мемлекет, бизнес және қолдау шараларының операторларына арналған бірыңғай экожүйені құруды білдіреді», — деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің балансында тұрған Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі өзінің негізгі функциясын — кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ оларды рейтингтеу қызметін атқарады. Алайда жүйенің қазіргі мүмкіндіктері заманауи міндеттерді шешу үшін жеткіліксіз.

Біріншіден, кәсіпкердің бірыңғай цифрлық профилі жоқ — бизнес туралы мәліметтер әртүрлі мемлекеттік ақпараттық жүйелерде орналасқан.

Екіншіден, субъектілер, салалар және өңірлер бойынша аналитикалық мүмкіндіктер шектеулі.

Үшіншіден, мемлекеттік органдардың, қаржы операторларының және кәсіпкерлердің өзара іс-қимылына арналған бірыңғай цифрлық экожүйе мен толыққанды платформа жоқ.

Сонымен қатар, қолданыстағы жүйе мемлекеттік қолдау шараларына берілген өтінімдерді қараудың толық циклін қолдамайды және қабылданатын мемлекеттік шешімдердің тиімділігін бағалауға мүмкіндік бермейді.

Ұсынылып отырған архитектура Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін Бірыңғай жеке кабинетпен және Қаржы министрлігінің басқа жүйелерімен, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және мемлекеттік қолдау шараларының операторларымен интеграциялауды көздейді. Нәтижесінде әрбір кәсіпкерлік субъектісінің бірыңғай цифрлық профилі қалыптастырылады. Бизнестің цифрлық картасы тек аналитикалық жүйе ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қолдау шараларына өтінімдерді қабылдауды, қарауды және сүйемелдеуді, сондай-ақ олардың тиімділігін бағалауды қамтамасыз ететін бірыңғай платформаға айналады.

«Жобаның құндылығына келсек, оны жүзеге асыру нәтижесінде мемлекет сапалы жаңа басқару құралына ие болады. Бизнестің бірыңғай цифрлық профилі қалыптастырылады. Кәсіпорынның қаржылық жағдайын, даму әлеуетін және тәуекел деңгейін ескере отырып, атаулы мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мүмкіндігі пайда болады. Экономикалық көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде бағалауға, салық реформасының және басқа да мемлекеттік шешімдердің бизнес мінез-құлқына әсерін, сондай-ақ көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін талдауға мүмкіндік беретін аналитикалық панельдер қолжетімді болады. Осылайша, шешімдер жекелеген статистикалық деректерге емес, кешенді аналитика мен объективті көрсеткіштерге негізделіп қабылданады», — деді ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков.

Сөзін қорытындылай келе ол ұсынылып отырған шешімдерді жүзеге асыру шашыраңқы ақпараттық жүйелерден бизнесті қолдаудың бірыңғай цифрлық экожүйесіне көшуге, мемлекеттік шаралардың тиімділігін арттыруға, оларды ұсынудың ашықтығын қамтамасыз етуге және басқарушылық шешімдерді объективті деректер мен аналитика негізінде қабылдауға мүмкіндік беретінін айтты.

#Цифрландыру #ШОБ #Экономика #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу