Мемлекеттік органдардың жұмысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындауға бағытталады — Б. Сұлтанов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. Үкіметтің қаржы-экономикалық блогы тарапынан берілген тапсырмалардың орындалуы туралы Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.

«Ұлттық экономика министрлігі әртүрлі монополист операторлар мен делдалдардың алып отырған тарифтері мен комиссиялары бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізуде. Сондай-ақ өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейтуді көздейтін бюджетаралық қарым-қатынастар жүйелерін қайта қарауды заңнамалық бекіту бойынша жұмыс жүргізілуде. “Атамекен” ҰКП реформалау шегінде шағын бизнес субъектілерін қолдауды және қорғауды күшейту бойынша шаралар пысықталуда. Ұлттық экономика министрлігі осы шаралардың орындалуын ерекше бақылауға алды», — деді Б. Сұлтанов.

Қаржы министрлігі процестерін толық цифрландырумен қатар, бюджеттік жоспарлауды реформалау бойынша, сондай-ақ мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін талдау әдістемесін әзірлеу бойынша шаралар қабылдап жатыр. Сонымен қатар уәкілетті экономикалық операторлардың қызметіне қойылатын талаптарды заңнамалық қатаңдату жөнінде ұсыныстар әзірленген.

«Кеден бекеттеріндегі проблемалық мәселелерді пысықтау үшін, өзара саудадағы кедергілерді жою, сондай-ақ кедендік пен салықтық әкімшілендіру тиімділігін арттыру бойынша шараларды уақытылы қабылдау мәселелерін талқылау үшін Алматы қаласы мен Алматы облысына менің сапарым жоспарланып отыр. Алматы қаласына Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасының тиісті қызметтерінің басшылары шақырылған. Сонымен қатар агломерациялық әкімшіліктерімен бірлесіп Алматы қаласының әкімдігінде сауда саласын дамыту бойынша кеңес өткізіледі. Қазіргі уақытта Сауда және интеграция министрлігі Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктерімен бірлесіп, нарық қызметін ретке келтіру және одан әрі дамыту мәселелерін пысықтауда», — деді Б. Сұлтанов.

Ұсыныстар цифрландыруды ескере отырып, нарықты жаңғыртуға және халықтың мүдделерін ескеріп, сауда операцияларын заңдастыруға бағытталатын болады. Жалпы, мемлекеттік органдардың жұмыс бағыты Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындауға бағдарланатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу