Рұқсат заңнамасын жетілдіру бойынша шаралар экономиканы мемлекеттік реттеудің жаңа сапалы деңгейіне көшуіне мүмкіндік береді - Премьер-Министр С.Ахметов

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Үкімет отырысын өткізіп, онда «Рұқсаттар мен ескертулер туралы» және «Рұқсат жүйесі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланып, мақұлданды.


Аталған мәселе бойынша баяндаған Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев оның маңызын Мемлекет басшысының рұқсат беру заңнамасына жаңа принциптер енгізу бойынша берген тапсырмаларымен мәнмәтіндік үйлесімділігінде екенін атап өтті. 

Құжаттың маңызды бөлігіне назар аударған министр, қолданыстағы рұқсат беру жүйесінің негізгі проблемаларына тоқталып, оны шешудің жолдарын атады. 



Б.Жәмішевтің айтуынша, рұқсаттар мен ескертулер сферасындағы мемлекеттік реттеудің негізгі принциптері- тұтынушылардың, бизнес пен мемлекет мүдделерінің тепе-теңдігін сақтау; рұқсаттар мен ескертулер тәртіптерін енгізудің тиімділігі мен негізділігі; мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен ақпараттардың қолжетімдігі; өзара жауаптылық; жемқорлықтан азаттық болып табылады. 

Министр, дәл осындай принциптердің бұрынырақ Үкіметте таныстырылған, 2020 жылға дейінгі кәсіпкерлік қызметтерді мемлекеттік реттеудің Тұжырымдамасы жобасына енгізілгенін, түптеп келгенде оның өзгермейтінін және мемлекеттің барлық реттеушілік саясатына жатқызылатынын, атап өтті. 

Ол сонымен қатар бұл принциптердің деклоративтік емес, нақты оның әрқайсысын жүзеге асыруды көздейтінін атап өтті. Ол сондай-ақ лицензиялық заңнамадағы проблемаларды шешуге бағытталған, заң жобаларының ережелері туралы айтты.

Б.Жәмішев хабарлағандай, 9 кодекс пен 74 заңға ілеспе заң жобаларымен бірге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Атап айтқанда, ҚР Азаматтық кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске, «Қазақстан Республикасында мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу қарастырылған. 



Отырысты қортындылай келе, Премьер-Министр бұл заң жобаларының рұқсат беру жүйесіндегі тұтас жүйелік проблемаларды шешуге бағытталғанын атап көрсетті.

«Оны қабылдау арқылы бизнеске негізсіз рұқсат беру жолдарына тосқауыл қойылады. Жаңа рұқсатнама ол бірыңғай тізбеге қосылғаннан соң және тек оның реттеушілік ықпалына талдау жүргізілгеннен кейін ғана іске қосылады. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін рұқсат беруді автоматтандыруды аяқтау қарастырылуда. Аталған заңның қабылдануы алдағы жылдан бастап экономиканы мемлекеттік реттеудің жаңа сапалық деңгейге кешенді көшуіне мүмкіндік береді»,-деп сөзін түйіндеді С.Ахметов.

Премьер-Министр Өңірлік даму министрлігіне бұл заң жобаларын үстіміздегі жылдың 1 сәуіріне дейін Парламент Мәжілісіне енгізуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу