20 Қыркүйек 2017, 08:00
ҚР Үкіметіндегі «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі туралы өткен баспасөз конференциясында Орталықтың басқарушысы Қайрат Келімбетов АХҚО-ның шетелдік инвесторларды қалай тартуға ниетті екенін және оның жаһандық нарықтарға не ұсына алатыны туралы мәлімдеді.
«Астана Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ өңірлерінде, сонымен қатар «Бір белдеу – бір жол» бастамасы бойынша ынтымақтастық бағытында қаржылық және технологиялық хаб рөлін атқара алады», — деді Қайрат Келімбетов.
АХҚО инвесторларға ұсынуға ниетті нақты жеңілдіктер туралы айта отырып, ол бұл тәжірибе Дубайдан және Абу-Дабиден алынғанын хабарлады.
«Бізде де корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы бойынша 50 жылға тиісті жеңілдіктер болады. Бұл жеңілдіктер бізде өзге қаржы орталықтарымен бірдей», — деді Қ. Келімбетов.
Оның айтуынша, инвестицияларды қорғауға және инвестициялық дауларды шешу институттарына қолжетімділікке ерекше назар аударылатын болады. Бұдан өзге, Қайрат Келімбетов инвесторларға визалық қолдау да көрсетілетінін атап өтті.
«Қаржы орталығының қатысушыларына және олардың отбасы мүшелеріне ұзақмерзімді бес жылдық виза ұсынатын боламыз», — деді ол.
Қорытындылай келе, АХҚО басқарушысы шетелдік инвесторларды тартудағы ең бастысы – жалпы Қазақстанның, оның ішінде жекелеген өңірлердің экономикасының оларға қолжетімді болуы мәселесі екенін айтты.
«Біздің инфрақұрылымды, цифрлық экономиканы, дәстүрлі бәсекелі кластерлерді дамыту бойынша жоспарларымыз инвесторлардың қызығушылығын тудырады деп ойлаймын. 2025 жылға дейін $40 млрд-қа дейін инвестициялар тартылады деп күтудеміз», — деді Қайрат Келімбетов.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу