20 Қыркүйек 2017, 07:30
Бүгін ҚР Үкіметінде «Астана» Халықаралық қаржы орталығының қызметі туралы баспасөз конференциясы аясында басқарушы директор Саясат Нұрбек Орталықты жаһандық нарықтарда халықаралық ілгерілету стратегиясы қалай жасалатынын айтып берді.
Саясат Нұрбек бес ірі нарық анықталатынын атап өтті: Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азия, ТМД елдері, Еуропа, Солтүстік Америка, Таяу Шығыс.
«Бұл нарықтардың әрқайсысы бойынша бізде өз стратегиямыз бен өз серіктесіміз бар, солар арқылы бүкіл нарықта әрекет етуді жоспарлап отырмыз. Қытайда – ол Шанхай қор биржасы, ТМД елдерінде барлық қаржы орталықтарымен дерлік достық қарым-қатынас орнаған, Таяу Шығыс елдерінде біздің стратегиялық серіктесіміз - Дубай, онымен нақты келісімдер бар. Еуропада Лондон, Франкфурттың қаржы орталықтарымен, Швейцарияның ірі банктерімен және қаржы институттарымен меморандумдар мен келісімдер жасалған. Ал, Солтүстік Америка нарығы туралы айтар болсақ, мұнда біздің серіктесіміз NASDAQ болып табылады», — деп хабарлады АХҚО басқарушы директоры.
Бұдан өзге, АХҚО өзінің ақпараттық стратегиясын дамытады. Саясат Нұрбек атап өткендей, әлемдік қаржы нарықтары саласында инвесторлар екі топқа бөлінеді.
«Біріншісі – негізгі ақпаратты газеттерден алатын қаржы нарықтарының дәстүрлі өкілдері. Екіншісі – АТ-технологияларды жақсы игерген жас буын, олар газет оқымайды. Олар ақпаратты басқа арналардан алады. Осыған байланысты біз екі бағыт бойынша ақпараттық стратегияны дамытамыз», — деп мәлімдеді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар, АХҚО Bloomberg, CNN, Thomson Reuters, CNBC, BBC сияқты ірі халықаралық агенттіктермен жұмыс жасайды.
Саясат Нұрбек қазақстандық БАҚ-пен жұмысқа айрықша назар аударылатынын атап өтті. Себебі, АХҚО сондай-ақ жергілікті инвестицияларды тартуды көздейді.
Қорытындылай келе, Саясат Нұрбек АХҚО-ның Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Таяу Шығыс, Батыс Қытай, Монғолия және Еуропа үшін қаржы хабына айналуға барлық алғышарттар бар екенін баса айтты.
«Жаңа Жібек жолы мен Еуразиялық экономикалық одақ жаңа жаһандық қаржы нарығын дамытуды көздейді. Әзірге бұл кеңістікте арнайы қаржы орталығы жоқ. Алайда, оған барлығы қызығушылық танытуда. Таяу қаржы орталықтары: Шанхай, Ыстамбұл, Мәскеу. Ал, ортадағы кеңістік 2-3 мың км – бос. Бұл біз үшін ыңғайлы және тиімді уақыт. Астана Қытай, ТМД және Еуропа үшін бірыңғай қаржы платформасына айналатынына сенімдімін», — деп түйіндеді спикер.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу