Қаржы министрлігі: Бюджет кірістері асыра орындалды, тапшылық кемуде

2016 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне 4 трлн. 141 млрд. теңге түсті. Бұл туралы Үкімет отырысы кезінде қаржы вице-министрі Руслан Дәленов хабарлады.

Келтірілген кезеңдегі бюджет шығындары 4 трлн. 598 млрд. теңгені құрады, тапшылық 458 млрд. теңгеге дейін қысқарды.

Руслан Дәленовтің айтуынша, бірінші жарты жылдықта бюджетті орындау барысында бес негізгі қазынашылық міндет орындалды: жұмсақ әкімшілендіру арқылы салықтарды жинауды арттыру, шығындардың дағдарысқа қарсы өсімін қамтамасыз ету, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қаражатты игеруді ұлғайту, мемлекеттік сатып алу, жекешелендіру және заңдастыру арқылы экономиканы ынталандыру.
 
Бірінші жарты жылдықта бюджеттің кірістері орталық, жергілікті деңгейлерде асыра орындалды – олар 3 трлн. теңгеден асты.

Алғашқы алты айдағы мемлекеттік бюджет шығындары 4,6 трлн. теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда жарты триллионға артық. Бұл экономикалық сұранысты қолдауға жақсы үлес қосты.

Республикалық деңгейде бюджетті игеру 99,4% дейін артты, еліміз бойынша жалпы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы 98,7% деңгейінде тұрақтады. 

Дағдарысқа қарсы шараларға бюджеттің жылдық жоспарында 807,5 млрд. теңге белгіленген, олардың 605 млрд. теңгесі – «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған. Бұл қаражаттың 297 млрд. теңгесі игерілді. 

Дағдарысқа қарсы маңызды құрал - бәсекелестікті дамытуда мемлекеттік сатып алулар мен жекешелендіру жеке секторды жандандыруға бағытталады. 

Бизнестің мүдделерін қорғау үшін биыл алғаш рет кәсіпкерлерге тең қолжетімділік беруді шектейтін артықшылықтарды болдырмау үшін сатып алуларды камералдық бақылау енгізілді.

Мұндай бақылау конкурс қорытындысын шығарғанға дейін жүргізіледі. Бірінші жартыжылдықта барлығы жалпы сомасы 1,7 трлн. теңгеге мемлекеттік сатып алуларға талдам жасалды. Нәтижесінде 37 мың артықшылықтар берілу жағдайы анықталды, оның ішінде 13 мың жағдайда конкурстар қайта өткізілген.

Жекешелендірудің екінші толқынының қарқыны белсенді артуда. Науқан басталған 2014 жылдан бері жеке меншіктің қолына 82,5 млрд. теңге сомасына 276 мемлекеттік және квазимемлектетік нысандар көшкен.

Ескерілмеген қаражатты ашық қаржы айналымына тартудың маңызды құралы қазіргі кезде жүргізіліп жатқан заңдастыру болып табылады. Бүгінгі таңда 1,752 трлн. теңге заңдастырылған, оның ішінде заңдастырылған мүлік - 723 млрд. теңгеге және ақшалай 1 028,9 млрд. теңгеге.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу