Астанада көлік инфрақұрылымын жетілдіру жоспарланған - әкімдік

Астанада тұрақ жүйесін құрумен және 200 автобус сатып алумен көлік инфрақұрылымын жетілдіру жоспарланған, деп хабарлайды елорда әкімдігінде.

«Бүгінгі таңда екі ауқымды жобаны ұзақ мерзімді қаржыландыру бойынша бірлескен жұмыс басталып кеткен. Көлік инфрақұрылымын модернизациялау үшін 200 бірлік автобус сатып алу және Астана қаласында тұрақ жүйесін енгізу бойынша «Астана LRT» ЖШС және ЕҚДБ арасындағы алдын ала келісімге қол қойылып, жүзеге аса бастады», - делінген хабарламада. 

Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сумо Чакрабартимен кездесті. Тараптар көлік, коммуналдық инфрақұрылымды модернизациялау секілді бірқатар бағыттар бойынша қалалық құрылымдар мен Еуропа қайта құру және даму банкінің ынтымақтастығы жөніндегі мәселелерді талқылады.

«Астананы ауқымды өзгерістер күтіп тұр. ЭКСПО-2017 негізінде Астанада халықаралық қаржы орталығын құру туралы Мемлекет басшысының бастамасы, елордада ірі көлік-логистикалық хабын жасақтау қаланың одан арғы дамуына зор ықпал етеді», - деп баса айтты әкім.

Атап айтқанда, елордада жеңіл рельсті көлік, теміржол және автовокзалдар құрылысы, әуежай терминалын қайта құру, инженерлік және коммуналдық желілерді жаңарту секілді ірі жобалар жүзеге асырылады. 

Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ)Қазақстанға 22 жылдан астам уақыттан бері инвестиция салып келеді.

Осы күнге дейін Еуропа қайта құру және даму банкінен Қазақстанға түрлі 180 жобаға 6,9 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. 2014 жылдың өзінде ЕҚДБ Қазақстан экономикасының барлық салаларын 700 млн доллар көлемінде қаржыландырған.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу