04 Желтоқсан 2012, 04:17
Министр өз сөзінде сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Универсиадаға әзірлік жүргізетін Ұйымдастыру комитеті құрылғанын еске салды. 27 қарашада өткен комитет отырысында осынау спорттық шараны өткізудің өзекті мәселелері қаралды.
Универсиада жарыстары өтетін спорт нысандарының тізіміне «Медеу» мұз айдынын, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортын, «Сұңқар» шаңғы трамплині халықаралық кешенін, Б.Шолақ атындағы спорт сарайын және Алматы облысындағы Шаңғы биатлоны стадионын енгізу туралы шешім қабылданды.
«Және жаңа нысандар - Мұз сарайы мен Мұз аренасы салынбақ. Сондай-ақ Атлетикалық деревня жоспарлануда. Елбасының тапсырмасы бойынша салынып жатқан және «Студенттік баспана» бағдарламасына енгізілген Алматыдағы студенттер қалашығы осы Атлетикалық деревняның міндетін атқаратын болады», - деді министр.
Білім министрлігінің ақпараты бойынша, Универсиаданы өткізуге 3 мыңға жуық еріктіні жұмылдыру жоспарлануда.
Осыған орай, Б.Жұмағұлов біздің еліміздің еріктілерін тәжірибе алу мақсатында 2013 жылы Қазанда өтетін жазғы Олимпиадаға және сол жылы Италияның Трентино қаласында өтетін қысқы Олимпиадаға жіберуді ұсынды.
Қазақстанның студенттер құрамасы Дүниежүзілік Универсиадада 1993 жылдан бері қатысып келеді. Универсиадаларға біздің еліміздің атынан барлығы 228 студент қатысқан және 28 медаль қанжығалаған (11 алтын, күміс, 12 қола).
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу