Үкімет отырысында халық көші-қоны, АӨК дамыту және «Халықтық IPO» бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру мәселелері қаралды
Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе Қазақстан Президентінің осы жылдың 18 сәуірінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында берген тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары болды.
Бұл мәселе бойынша баяндаған Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ведомствоның үстіміздегі жылдың 1 маусымына дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы мен Конституцияның 20 жылдығын өткізу бойынша Ұлттық жоспар шаралары жобасын жасайтынын хабарлады.
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов «Жасыл ел» бағдарламасын одан әрі дамыту бойынша ұсынысымен таныстырды. Атап айтқанда, 2015 жылдан бастап «Жасыл ел» бағдарламасының дайындалып жатқан жобасына жеке бөлім түрінде 2020 жылға дейін Қазақстанның орман секторын дамыту жобасын енгізу ұсынылады.
Халықтың көші-қоны мәселесі бойынша Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндады.
Сонымен, Т.Дүйсенованың айтуынша, осынау ағымға қарағанда солтүстік аймақ тұрғындары 2050 жылға қарай 900 мың адамға кеміп, есесіне оңтүстік өңірлерде халық саны 5,2 миллионға артады. Осыған орай, ішкі және этникалық көші-қонды, шетелдік жұмыс күшін тартуды қарастыратын, көші-қон заңын жетілдіру көзделуде.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова «Халықтық IPO» бағдарламасы шеңберінде «КЕГОК» АҚ- ын қазақстандық қор нарығына шығаруға дайындау шаралары туралы хабарлады.
Компанияны Халықтық IPO-ға шығаруға дайындау үздік халықаралық тәжірибелер негізінде жүзеге асырылады. Жұмысқа жетекші отандық және халықаралық компаниялар тартылған, деді ол.
ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков тамақ өнеркәсібін қолдау, сондай-ақ Жол картасы шеңберіндегі бірінші кезектегі шаралар ретінде АӨК дамыту туралы баяндады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз