ҚР Үкіметі отырысында 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары ұсынылды

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов селекторлық режимде ҚР Үкіметінің кезекті отырысын өткізді. 

Күн тәртібінде «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Елбасы Жолдауын жүзеге асыру бойынша Жалпыұлттық жоспарды бекіту туралы» ҚР Президенті Жарлығының және Үкімет пен Ұлттық банктің 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары жобалары талқыланып, мақұлданды.

ҚР ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлімдегендей, Жалпыұлттық жоспар жобасы 10 жылға арналған мақсатты индикаторларды және бес негізгі бағыт бойынша 39 іс-шараны қамтиды.

«Жалпыұлттық жоспарды жүзеге асыру үшін әзірленген Дағдарысқа қарсы жоспар Мемлекет басшысының 2015 жылғы 18 қарашадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген барлық тапсырмаларын қамтиды. Сондай-ақ, Дағдарысқа қарсы жоспар «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберіндегі реформаларды тереңдету жөніндегі шараларды, 2015-2016 жылдарға арналған жедел шаралар мен «ерекше кезең», сондай-ақ экономиканы долларсыздандыру жоспарларының өтпелі іс-шараларын қамтиды», - деп мәлімдеді Экономика министрлігінің басшысы. 

Оның айтуынша, Дағдарысқа қарсы жоспар екі бөлімнен тұрады: Мемлекет басшысы Жолдауында айқындаған бес негізгі бағыт шеңберінде жаңа құрылымдық экономиканы қалыптастыру; экономика өсімін ынталандыру және несиелеу бойынша жедел шаралар.

Өз кезегінде, бірінші бөлім қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, экономикалық бәсекелестік, жекешелендіру және ынталандыру, жаңа инвестициялық және әлеуметтік саясат бойынша шараларды қарастырады.

Атап айтқанда, зейнетақы активтерін инвестициялау әдістері қайта қаралып, 2016 жылдың шілдесіне дейін зейнетақы қорлары активтерін жеке қазақстандық немесе шетелдік компаниялардың басқаруына тапсыру тетіктері жасақталады. 

2016 жылдың сәуіріне дейін Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдаланудың жаңа Тұжырымдамасын және 2016 жылдың тамызына дейін жаңа редакциядағы Бюджеттік кодекс жобаларын әзірлеу жоспарланған. 

Мемлекет басшысының экономикадағы мемлекеттің рөлін төмендету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында мемлекет иелігінен шығару және жекешелендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілетін болады. 2016 жылдың ақпанында еліміздің экономикасына инвестициялар тартуды жандандыру үшін ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша шараларды қарастыратын Толық жоспар қабылданады.

Жедел шаралардың негізгі бағыттары экономиканың нақты секторын нүктелік қолдау, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында басты инфрақұрылымдық жобаларды белсенді жүзеге асыру, ШОБ қолдау, халықтың тұрғын үйге қолжетімділік деңгейін арттыру, АӨК жобаларын жүзеге асыруды жеделдету, ИИДМБ жобаларын іске асыру, әлеуметтік тұрақтылық және жұмыспен қамтуды қолдау болмақ.

Аталған мәселе бойынша Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, қаржы министрі Б.Сұлтанов, инвестициялар және даму министрі – Ә.Исекешев, ауыл шаруашылығы министрі – А.Мамытбеков, білім және ғылым министрі – А.Сәрінжіпов, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі – Т.Дүйсенова, энергетика вице-министрі М.Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» қоры басшысы Ө.Шүкеев және «Бәйтерек» холдингінің басшысы Қ.Бишімбаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов, бірқатар облыс әкімдері сөз сөйледі.

Бұдан өзге, отырыста Жұмыспен қамту жол картасын-2020 өзектендіру және «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңын жүзеге асыру мәселелері қаралды. 

Отырысты қорытындылаған К.Мәсімов барлық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар басшыларына және облыс әкімдеріне Президенттің тапсырмаларын орындауға күш салуды тапсырды. 

Оған қоса, Үкімет басшысы 2016 жылдың бюджеті мұнай бағасы барреліне 40 доллар есебінен қалыптастырылғанын еске салып өтті. 

«Дәл бүгін мұнай бағасы барреліне 40 долларды құрады. Тағы да естеріңізге салғым келеді, Мемлекет басшысы экономика дамуының түрлі сценарийлерін, оның ішінде мұнай бағасы барреліне 30 және 20 доллар болатын жағдайларды қарастыруды тапсырған болатын», - деді К.Мәсімов.

Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрі бүгін Республикалық бюджет комиссиясының отырысында Қаржы министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен бірлесе отырып, мұнай бағасы одан әрі төмендеген жағдайға арналған іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылғанын айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу