ҚР Премьер-Министрі ОҚО активіне өңірдің жаңа басшысын таныстырды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысына барған болатын.

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысы активіне өңірдің жаңа басшысын таныстырды. Шымкентте облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Б. Сағынтаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың облыс әкімі қызметіне Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаевтың кандидатурасын ұсыну туралы хатын оқып берді.

Мәслихат депутаттары аталған кандидатураны бірауыздан қолдады. Облыс активінің алдында сөйлеген сөзінде Б.Сағынтаев бұрынғы әкім Б.Атамқұловқа атқарған қызметі үшін алғысын айтты.

Жеке анықтама:

Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы (1958 жыл 8 шілде) – ҚР мемлекеттік қайраткері, дипломат, Қазақстан Республикасының Түркиядағы және Албаниядағы елшісі, ТМД мүше мемлекеттер мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының бірінші басқарма төрағасы.

Ғылыми және оқытушылық қызметпен айналысқан. ҚазМУ ассистенті, аға оқытушысы, доценті болып қызмет атқарған. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі бар.

1993 жылдан бастап – ҚР Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызмет атқарған. Бірінші хатшы, бөлім меңгерушісі болған. Кейін Түркиядағы ҚР Елшілігінде қызмет атқарған. Ыстамбұлдағы Қазақстан Республикасының консулдық басшысы болып тағайындалған.

1999 жылдан бастап - Қазақстан Республикасы Президенті Хаттамасының басшысы.

2004 жылдан бастап – ҚР Президентінің кеңесшісі – ҚР Президенті Хаттамасының басшысы.

2006 жылдың 1 ақпанынан – Ресей Федерациясындағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі.

2007 жылдың 19 қаңтарынан –  ҚР білім және ғылым министрі.

2010 жылғы 7 қазанда Түркиядағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.

2011 жылғы 3 наурызда Қазақстан Республикасының Албаниядағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқаруға тағайындалған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу