Білім беру, жұмыспен қамту, инновация салаларында статистиканың бірқатар жаңа көрсеткіштерін жасау керек - вице-премьер Е.Орынбаев

Бүгін ҚР Статистика агенттігі алқасының кеңейтілген отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев білім беру жүйесінде, халықты жұмыспен қамту, инновация, еңбек өнімділігі салаларында статистика жүргізу үшін бірқатар жаңа көрсеткіштер жасау қажет екенін айтты.

                        

«Білім және ғылым министрлігінің мектептер мен кәсіптік-техникалық білім беру орындарының түлектері бойынша статистика жүргізбегеніне куә болған едік. Кім оқуға түсті, ал кім түскен жоқ белгісіз болатын. Енді ғана осы мәселе қолға алына бастады»,-деп түйіндеді Е.Орынбаев.

Сонымен қатар, оның айтуынша Индустрия министрлігінде инновация, еңбек өнімділігі бойынша есеп беруде қиындықтар туындаған. «Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша да бірқатар көрсеткіштер жасау қажет»,-деді вице-премьер.

Оған қоса, аталған бағыттар бойынша мемлекеттік органдармен бірлескен іс-шаралар жоспарларын құрған жөн деп санайды Е.Орынбаев. 

Премьер-Министрдің орынбасары мемлекеттік жоспарлау мен мемлекеттік статистиканы синхрондаудың өзектілігіне ерекше көңіл аударды.

«Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен Агенттікке мемлекеттік жоспарлау көрсеткішін жүйелеу жұмыстарын ретке келтіруді тапсырамын. Оларды оңтайландырып, ақпараттың барлық пайдаланушыларға қолжетімді екенін ескере отырып, ең маңыздыларын қалдыру қажет»,- деді осыған орай Е.Орынбаев. 

Сонымен қатар, ол «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесін ағылшын тілінде жеделдетуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу