Қазақстанда Үкіметтің жаңа құрылымы жасақталды

Қазақстанда 12 министрлік пен 30-ға жуық комитеттен тұратын Үкіметтің жаңа құрылымын жасақтау туралы бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.

«12 министрлік пен 30-ға жуық комитеттен тұратын Үкіметтің жаңа құрылымы туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге, 5 жаңа министрлік құрылады», - деді Н.Назарбаев.

Нақты айтқанда, Ұлттық экономика министрлігі құрылып, оған экономика және бюджеттік жоспарлау, өңірлік даму министрліктері, статистика, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау агенттіктері кіреді. Ұлттық экономика министрі болып экономика және бюджеттік жоспарлау экс-министрі Ерболат Досаев тағайындалды.

Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігіне денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің қызметтері мен өкілеттіліктері беріледі. Оған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған Тамара Дүйсенова жетекшілік етеді.

Бұдан өзге, Мәдениет және спорт министрлігі құрылады, ол мәдениет министрлігінің, дін істері, спорт және дене шынықтыру істері агенттіктерінің қызметтері мен өкілеттіктері біріктіреді. Оған мәдениет министрлігінің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы басшылық жасайды.

Инвестиция және даму жөніндегі министрлігінің жетекшілігіне индустрия және жаңа технологиялар, көлік және коммуникация министрліктерінің, байланыс және ақпарат, ұлттық ғарыш агенттіктерінің өкілеттіліктері, сондай-ақ энергия тиімділігі және геология мәселелері беріледі, оған Әсет Исекешев басшылық ететін болады.

Сонымен қатар, энергетика министрлігін құру туралы шешім қабылданды, оған мұнай және газ министрлігіне, индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне (энергетика саласы), қоршаған орта және су ресурстары министрлігіне (қоршаған ортаны қорғау саласы), сондай-ақ «жасыл экономиканы» дамыту мәселелеріне қатысты қызметтері мен өкілеттіліктері беріледі. Жаңа мемлекеттік органның басшысы болып Владимир Школьник тағайындалды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметтері мен өкілеттіктері ІІМ-не беріледі, оның басшысы болып Қалмұханбет Қасымов қалады.

Нұрсұлтан Назарбаев мәлім еткендей, қалған министрліктер өкілеттіктеріндегі бірқатар өзгерістермен сақталады. Атап айтқанда, экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бюджеттік жоспарлау саласындағы қызметі қаржы министрлігіне беріледі. Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің балық шаруашылығы, су ресурстарын басқару, орман және су қызметтері ауыл шаруашылығы министрлігіне берілетін болады.

Премьер-Министрдің екі орынбасары ғана - Бақытжан Сағынтаев пен Гүлшара Әбдіқалықова болады.

Бұдан өзге, қаржы полициясын қысқарту туралы шешім қабылданды, оның жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту, анықтау, алдын кесу, ашу және зерттеу бойынша қызметтері мен өкілеттіктері қайта құрылған Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес істері агенттігіне беріледі. Жаңа ведомствоны Қайрат Қожамжаров басқарады. Оған қоса, экономика және қаржы құқық бұзушылықтары мәселелері қаржы министрлігіне беріледі.

Қазақстан Президенті мемлекеттік органдардың басшылары өз аппараттарын оңтайландырып, қызметтердің қайталануын жоюы керектігін атап өтті.

«Үкіметке сондай-ақ министрліктердегі комитеттер санын оңтайландыру қажет. Министрліктердің құрылымында аймақтық бөлімшелері бар комитеттер болуы тиіс. Жалпы аймақтық бөлімшелері жоқ комитеттер мен агенттіктер министрліктердің департаменттеріне қайта ұйымдастырылуы керек», - деп түйіндеді Н.Назарбаев.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу