ТКШ жөніндегі жаңа заң лифт мәселелерін шешеді — ҚР ИДМ

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Қазақстанда лифт мәселелері қалай шешілетіні туралы айтып берді.

 

Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілерінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Оның аясында әкімдіктерге нысанның қасбетін, шатырын жөндеуге, су деңгейінің көтерілу қауіпі бар аймақтардағы тұрғын үйлердің беріктігін арттыруға, лифтілерді жөндеу мен ауыстыруға, газ саласында бақылау орнатуға қатысты қосымша өкілеттік беріледі.

Қ. Өскенбаев брифинг барысында жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет қаражаты есебінен лифтілерді ауыстыруға тура келетінін атап өтті. Алайда бұл тұрғындардың есебінен кейін өтелетін болады.

Оның айтуынша, ведомствода екі бағытта жұмыс істеу туралы шешім қабылданды.

«Бірінші жол. Қазіргі таңда бізде қандай да бір деңгейде лифтілік шаруашылық қызметін реттейтін 16-ға жуық нормативтік акт бар. Қазақстанның лифт шаруашылығы қауымдастығымен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жұмыс тобын құрып, қандай лифтілерді осында шығаруға болады, қандай түрлерін ҚР аумағына әкелу керек, олар қалай пайдаланылып, қамтылуы керек деген мәселелерді анықтайтын бірыңғай стандарттар әзірледік. Лифтілерді шығарып, оларды әкелуден бастап, оны пайдалануға беруге дейінгі жалпы механизм осы стандарттарда жазылған», — деп түсіндірді вице-министр.

Вице-министрдің айтуынша, аталған стандарттар жаппай талқылауға шығарылған және Техникалық реттеу комитетінің сайтында орналастырылған. Барлық ескертулер алынғаннан кейін стандарттар бекітіледі.

Бұдан кейін Қ. Өскенбаев екінші жол туралы түсіндіріп берді.

«Екінші нұсқа. Нормативті түрде біздің жасай алатынымыз түсінікті, алайда үйлердің тұрғындары бір уақытта ақша жинап, лифтілерді ауыстыра алатын жағдайда емес. Мәселен, егер бес кіреберісі бар үй болса, онда бір уақытта бес лифтіні ауыстыру қажет. Орта есеппен бір лифт $50 мың тұрады десек, бесеуі – $250 мың. Біздің тұрғындар үшін бұл қолдан келмес шара деуге болады. Ал, биыл бір лифтіні ауыстырамыз, ал келесісін бес жылдан кейін алмастырамыз деген де дұрыс емес. Барлық тұрғындар қызметтерді тең дәрежеде алуы тиіс», — деді вице-министр.

Сол үшін ТКШ мәселелері туралы жаңа заң жобасында әкімдіктердің өкілеттіліктері кеңейтілген және олар бюджеттерден лифтілерді аумастыруға тікелей қаржы аударуға құқылы. Жоғарыда айтып өткендей, жұмсалған қаражат 8-15 жыл ішінде өтеледі, мәселен, айына 2500 тг деп есептесек. Астана осылайша 8-18 жыл ішінде лифтілерді алмастырды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу