Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының нәтижесінде ЖКО, зардап шеккендер мен қаза тапқандар саны азайды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Жиында ішкі істер министрі Ержан Сәденов, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев ағымдағы жағдай туралы баяндады. Сондай-ақ Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов баяндама жасады. «ҚазАвтоЖол» компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев, Yandex Qazaqstan бас директоры Тимур Шалекенов және inDrive Kazakhstan бас директоры Арай Бекембаев елді мекендерде және қалааралық бағыттарда қауіпсіз жол инфрақұрылымын құруға және жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды таныстырды.

«Жолдағы қауіпсіздік – министрліктің ерекше бақылауында. Бұл мәселе былтыр кезекті Үкімет отырысында және осы жылдың сәуір айында Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қаралды. Кешенді ұйымдастырушылық және заңнамалық шаралар қабылдануда. Нәтижесінде, биыл жол апаты бойынша барлық көрсеткіштер төмендеп жатыр: жол-көлік оқиғалары 5%-ға, қаза тапқандар саны 15%-ға, жарақат алғандар саны 6%-ға азайды. Бірақ, бұл нәтижемен шектеліп, өзімізді жұбатуға болмайды. Әрбір санның артында адам өмірі мен денсаулығы тұр. Сондықтан, нақты жұмыстарды жалғастырып жатырмыз.

Біріншіден, көлік тәртібіне бақылау күшейтілді. Техникалық шешімдер белсенді қолданыста. Осы саладағы барлық цифрлық сервистер «ТОР» платформасына біріктірілді: Жасанды интеллектіні қолдану арқылы көліктерге бақылау жүргізіледі, 8 сағаттан артық рөлде отырған адамдар, сондай-ақ ұрланған автокөліктер анықталуда. «Қорғау» жүйесі арқылы іздеуде жүрген, жалған нөмір тағып алған көліктерді және «өрескел» бұзушыларды анықтаймыз. Жол ережесін бұзу деректерін автоматты түрде анықтайтын жүйелерді дамытып жатырмыз. Олардың санын 28 мыңнан 32 мыңға дейін жеткіздік», — деді ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

Оның айтуынша, республикалық трассаларда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі қолданылуда. Дәл осы жүйе орнатылған учаскелерде жол-көлік оқиғалары 10%-ға, қаза тапқандар саны 33%-ға, жарақат алғандар саны 12%-ға азайды. Яғни, тиімділігін көрсетуде. Бүгін бұл жүйе ұзындығы 2 800 шақырымды құрайтын 12 участокта бар. Жыл соңына дейін Көлік министрлігімен бірге тағы 16 участокта орнату жоспарлануда. Ол қосымша 2 800 шақырымды қамтиды. Осылайша, орташа жылдамдықты өлшейтін құралдар барлығы 5 600 шақырымды құрайтын 28 участокта орнатылмақ. Келесі жылдан бастап бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады. 

Сондай-ақ трассаларда лазерлік жүйелер енгізілуде. Қазіргі уақытта 22 участокта 56 осындай құрал бар. Ол түнгі уақытта және ауа райы бұзылған кезде жүру бағытын көрсетіп отырады. Жыл соңына дейін қосымша 20 участокта 48 жүйе орнату жоспарда бар.

Дрондар және мобильдік кешендер де белсенді қолданылуда. Олар тану белгілері жоқ көліктерге де орнатылды. Мұндай тәсілдер жол ережесін бұзу фактілерін, қарсы жолаққа шығу жағдайларын көбірек анықтауға, мас жүргізушілерді тезірек ұстауға, «өрескел» құқық бұзушыларға қатысты қамау шарасын кеңінен қолдануға мүмкіндік берді.

«Нәтижесінде жолдағы қауіпсіздіқ жағдайы айтарлықтай жақсарып келеді. Дегенмен, назар аударатын бірқатар өзекті мәселелер бар. Соңғы жылдары Үкіметтің қолдауымен, полицияның материалдық-техникалық жағдайы біраз жақсарды. Ел бойынша патрульдік автокөліктердің саны 3 мыңға жетті.

Бірақ, өкінішке қарай, олардың 86% пайызында мобильдік кешендер жоқ. Бұл дегеніміз жасанды интеллектіні қолдануға, жылдамдықты асыру, іздеуде жүрген көліктерді анықтауға, оқиға орнына барған кезде қажетті мәліметтерді жедел жинақтауға мүмкіндік жоқ екенін білдіреді. Бұл цифрлық шешімдер – жергілікті бюджет есебінен сатып алынады. Алайда, әкімдіктер бұл жұмысты барлық жерде бірдей белсенді жүргізіп жатқан жоқ. Әсіресе, 14 өңір бойынша сұрақ көп. Қарағанды, Қызылорда, Жетісу, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында жабдықталу деңгейі 17%-дан аспайды», — деді ол.

Өз баяндамасында Ержан Сәденов биылғы 25 тамыздан бастап жылдамдық өлшейтін құралды жедел жәрдем және қоғамдық көліктерге орнату мүмкіндігі туралы норма күшіне енгенін атап өтті. Бұл жолдағы тәртіпті қамтамасыз етудің өте тиімді шарасы. Шетелде жиі қолданылады. ІІМ бұл сұрақты екі жыл бойы қозғап келеген болатын, ұсыныс ретінде бірнеше рет мәселе көтерген. Қазір тиісті заң қабылданды. Осылайша, міндет жүктелді.

Бірақ, соның өзінде, белсенділік жоқ. Ел бойынша қоғамдық көліктерде бар-жоғы 5 құрал ғана, ал жедел жәрдем көліктерінде 3 кешен ғана орнатылған. Әкімдіктер бұл жүйені тезірек енгізу қажет.

«Жаяу адамды өткізбеген көліктерді анықтайтын «Ақылды» жаяу жүргінші жолы жүйесі өз тиімділігін көрсетті. Олар орнатылған жерлерде адам қағып кету деректері мүлдем тіркелмеген. Қазіргі уақытта мұндай 126 құрал жұмыс істеп тұр. Бірақ, бұл өте аз. Ал, 12 өңірде мұндай жүйе мүлдем орнатылмаған. Ауылдарда да орнатылғаны жөн, бірақ қалаларда да жағдай мәз емес. Бұл мәселе бірнеше рет бұған дейінгі отырыстарда көтерілді, әкімдер оны біледі. Сондықтан, бұл мәселені тезірек шешу керек», — деді министр.

Екіншіден, жүргізушілерді даярлау сапасына бақылау күшейтілуде. Автомектептердің үстінен мемлекеттік бақылау қайтарылуда. Өз бетінше дайындық алынып тасталды, тағы да басқа шаралар қабылдануда. Бұл көлік айдау тәжірибесі 1 жылдан аспайтын жас жүргізушілердің кінәсінен адам өліміне соқтырған оқиғалар санын 2025 жылы 40%-ға, осы жылы – 7%-ға азайтуға мүмкіндік берді. Яғни тиімділік бар деген сөз. Сонымен қатар, 2027 жылғы қаңтардан бастап автомектептерді ашуға рұқсат беру тәртібі енгізіледі.

«Үшінші мәселе – жол инфрақұрылымы, бұл осы саланың негізгі бағыты. Ішкі істер органдары күн сайын жолдарға тексеру жүргізеді. Соның нәтижесінде әкімдіктер мен жол ұйымдарына нұсқамалар енгізілуде. 5 мың лауазымды тұлға жазаланды. Оның ішінде: аудан және ауыл әкімдеріне 487 және «ҚазАвтоЖол» филиалдарының басшылығына 345 әкімшілік шара қолданылған. Сонымен қатар, жолдарды тиісті деңгейде ұстамағаны үшін 4 қылмыстық іс тергелуде. Тексеру барысында аудан-ауыл әкімдері және басқа да жауапты тұлғалар жол инфрақұрылымына қаражаттың дұрыс бөлінбейтінін айтып отыр. Егер, осыдан кейін, ауыр салдарға жол берілсе, жауапкершілік мәселесі облыс басшылығы деңгейінде қаралатын болады. Бүгінгі таңда, полицияның араласуымен 1 мың шақырым қоршау, 500 бағдаршам, 11 мың жол белгісі, 259 реттелетін жаяу жүргіншілер жолы орнатылды. Бірақ, әлі де шешімін таппаған мәселе көп. Сондықтан, адам өміріне тікелей қатысты осы мәселеге қала, облыс әкімдері мен жауапты органдар ерекше назар аударуы керек», — деді ішкі істер министрі.

Келесі мәселе республикалық маңызы бар жолдар туралы болды. Қаза табу оқиғаларының тең жартысы осы жолдарда болады екен. Адам өлімі ең көп тіркелген жол учаскелері Жамбыл облысында «Алматы – Ташкент» трассасы (60 адам қаза тапқан), Алматы облысында: «Алматы – Бішкек» (33 адам), «Алматы – Өскемен»  (12 адам) және «Алматы – Көкпекті – Көктал» трассалары (17 адам), сондай-ақ, Ақтөбе облысында: «Шымкент – Самара» бағытында 19 адам, «Ақтөбе – Атырау» бағытында 14 адам көз жұмған.

Жол бойындағы сервис сапасы да айтарлықтай жақсы емес. Кемпинг және тамақтану орындары өте аз. Жүргізушілер демалыссыз көлікті айдауға мәжбүр. Соның салдарынан, ұйқтап кетеді. Жалпы, заманауи талаптарға жолдардың тек 16%-ы ғана сай келеді. Әлі де болса 1-ші санатқа жататын 6 мың шақырым жол салынуы қажет. Оның тиімділігі өте жоғары. Мысалы, Қарағанды мен Алматы арасында 4 жолақты магистраль іске қосылды. Осы учаскеде адам өлімі 47%-ға азайды. Сондықтан да Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» бұл мәселені тездетіп қолға алу керек.

«Сонымен қатар, әкімдермен бірлесіп, қысқы кезеңге дайындалу қажет, олар – техниканың жарамдылығын қамтамасыз ету, инертті материалдың жеткілікті қорын жасақтау, жылыту пункттерді ұйымдастыру, хабарландыру жүйесін пысықтау. Осының бәріне қазірден бастап дайындықты бастау керек. Мәселен, жергілікті маңызы бар жолдар толығымен әкімдіктердің құзыретіне жатады. Биыл осы жолдарда 251 адам қаза тапты. Оның 90%-ы Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында орын алған. Яғни, осы үш облыста жағдай өте ауыр. Негізгі себеп – көліктердің бетпе-бет соғысуы, кедергілер мен жануарларды қағып кету және аударылу жағдайлары. Осы облыстардың әкімдері бұл мәселені шұғыл түрде қолға алу керек. Атап айтқанда қоршаулар мен жол белгілерін орнату, қауіпсіз жол жиектерін жасау, тесік-шұңқырларды жою шараларын қабылдау қажет», — деді Ержан Сәденов.

Елді мекендерде инфрақұрылым мәселесі де жақсы емес. Барлық жол-көлік оқиғаларының 80%-ы және адам өлімінің үштен бірі осы елді мекендерде орын алған. Бұған негізгі себеп – жаяу жүргінші өтпелері, жарықтандыру және тротуарлардың жоқтығы. Атап айтқанда, 19000 өтпені бағдаршаммен жабдықтау, 100 мың метр жаяу жүргінші қоршауын салу, 15 мың шақырым жарықтандыру желісін және 60 мың шақырым тротуар төсеу қажет. Мысалы, Қостанай облысында жаяу жүргінші өткелдерінің тек 2%-ы ғана бағдаршаммен реттелген. Ал, Қызылорда облысында бұл көрсеткіш небәрі 3% пайыз. Алматы, Жамбыл, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында 9%-дан аспайды.

«Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, мектептер маңындағы жол инфрақұрылымын ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде полиция қызметкерлері мектептерде жол ережесі бойынша сабақтар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізуде, жас жол инспекторлары отрядтарын белсенді дамытуда. Биыл, тамыз айында Қостанайда ТМД елдерінің мектеп оқушылары арасында халықаралық слёт өтті. Бұл шара – осы жобаға жаңа серпін берді. Балалардың қатысуымен болған жол апаттары 6,5%-ға, қаза тапқан балалар саны 20%-ға, жарақат алғандар 9%-ға азайды. Сонымен қатар, самокаттар мәселесі заңмен реттелді.  Тротуармен жүруге тыйым салынды. Енді олар жолмен немесе веложолмен жүруі керек. Заң пысықталған кезде велосипед инфрақұрылымын дамыту мәселесіне бірнеше рет назар аударылды», — деді баяндамашы.

Ержан Сәденов еліміз бойынша ең кемінде 2 мың шақырымнан астам веложол қажет екеніне тоқталды. Бірақ, бұл сұрақ өңірлерде тиісті деңгейде шешілмей отыр. Бүгінде, іс жүзінде бар-жоғы – 937 шақырым ғана. Бұл проблема әсіресе мегаполистерде өзекті.

Мысалы, Алматы қаласында 12 мыңнан астам самокат бар. Ал велосипедке арналған жолдар — небәрі 89 шақырым ғана.

Астанада да ұқсас жағдай – жалпы 9 мың самокат бар. Ал веложол – тек 152 шақырым.

Басқа өңірлерде жағдай мәз емес. Мысал үшін Жамбыл, Алматы облыстарында бес-ақ шақырым веложол бар. Ал Ұлытау облысында мүлдем жоқ. Жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені шұғыл қолға алуы керек.

«Автотасымал саласы да ерекше бақылауда. 2025 жылдан бастап такси агрегаторларына бақылау күшейтілді. Олармен цифрлық ақпарат алмасуды жолға қойдық. Мысалы, оларға 70 мың оң рульді көліктердің тізімі жіберілді. Олар енді такси ретінде тіркеле алмайды. Сондай-ақ, жүргізуші куәліктерін автоматты түрде тексеру енгізілуде. Яғни, куәлігі жоқ адамдар жұмыс істей алмайды. Оған қоса, Көлік министрлігі мен такси агрегаторларына жүргізушілердің рейс алдында медициналық тексеруден өтуін, көліктердің техникалық тексеруі болуын бақылаудың нақты тетігін әзірлеу қажет.

Жалпы, Ішкі істер министрлігі, өз кезегінде, жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру бағытында қажетті шараларды қабылдауда. Үздік халықаралық тәжірибені зерделеп, енгізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта, айыппұлды елемейтін «өрескел» құқық бұзушылар бар. Олармен күресу мақсатында «баллдық» жүйені енгізуді пысықтаудамыз. Ол – әрбір заңбұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте және ауыр бұзушылықтар үшін – жүргізуші куәлігін 1 жылға тоқтату көзделеді. Тиісті түзетулерді Құрылтайдың қарауына енгіземіз», — деді министр.

Жол қауіпсіздігі – расында, өте өзекті. Бұл мәселеде статистиканың төмендеуімен ақталуға болмайды. Өйткені, әрбір цифраның артында адам өмірі тұр. Алдыңғы отырыстарда бұл сұрақ – бірнеше рет қаралды. Негізгі проблемалар мен себептері айтылды. Бірақ, кейбір шешімдер өкілетті органдар мен әкімдіктер тарапынан толығымен орындалмай жатыр. Осыған байланысты ІІМ Премьер-министрдің атына кінәлі тұлғалардың жауапкершілігі бойынша тиісті ұсыныстар мен ақпараттар енгізбек. Жалпы, ІІМ жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күнделікті бақылаумен жалғастыратын болады.

#Көлік #Цифрландыру #ҚР ІІМ #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу